Аймақтар • 04 Мамыр, 2019

32 ауылға таза су жеткізіледі

1188 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Өңірде сумен жабдықтау нысандарын жаңарту жұмыстары кешенді түрде атқарылып келеді.

32 ауылға  таза су жеткізіледі

Бүгінгі таңда орталықтандырылған су жүйесіне   400 елді мекен қосылған. 255 ауыл  жергілікті су көздерін пайдаланады.  «Аумақтарды дамыту» мемлекеттік бағдарламасы аясында соңғы жылдары  36 миллиард теңгеге  2 мың шақырымдық су құбырлары тартылып,  56 елді мекенге сапалы ауыз су жеткен.

«Биыл Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі арқылы және облыстық бюджетттен 2,7 миллиард теңге бөлініп,  3 жоба Власовка, Возвышенка, Новоишимка елді мекендерінде жүзеге асырылды. 2 жоба шеңберінде  Саумалкөл кенті  мен Петропавл қаласында  сумен жабдықтау жұмыстары жалғастырылады. Тұтастай алғанда, 32 ауыл тұрғындары   тіршілік нәрімен қамтамасыз етіледі», дейді Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Әділбек Әубәкіров.

Өткір мәселелердің бірі – сумен жабдықтау нысандарын пайдалану. 175 нысанның 92-і ғана мамандандырылған пайдаланушы ұйымдарға сенімді басқаруға берілген. Сумен жабдықтау нысандарына иенің көптігінен «қойшы көп болса, қой арам өледінің» керін келтіріп отыр.

«Қазшушар «РМК -ның облыстық филиалы «Есіл су» кәсіпорнының директоры Қанат Асқаровтың айтуынша, су комитеті орталықтан басқаруды  өз міндетіне алуды өтінгенмен, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі тарапынан бұл ұсыныс қолдау таппағанға ұқсайды. Облыс мұндай қадамға дайын көрінеді. Бірақ республикалық ведомоствоның қорытындысы оған тежеу салып отырғандықтан, жеке-дара шешім қабылдауға  қауқарсыз.