35 жатын орынға лайықталған медициналық нысанға толықтай заманауаи құрылғылар қойылған. Жылына 5 мыңдай науқасты қабылдауға қауқарлы. Клиниканың жұмысымен танысқан Парламент Мәжілісінің депутаттары Сергей Звольский, Құралай Карекен, Кәрібай Мұсырман, Артур Платоновқа осындай мәліметтер ұсынылып, енді шетелге шықпай-ақ еуропалық деңгейде жұмыс істейтін жоғары мамандандырылған офтальмологиялық диагностикалық кешен жайлы басқа да деректер көлденең тартылды. Мәселен, қант диабеті бар адамдардың көз аурулары лазер арқылы тез-ақ анықталады. Сол сияқты көздің тор қабығын, көру жүйкесі дімкәстігін жедел емдеу жолдары да қарастырылған.
– Тәулік бойы емдеу, күндізгі стационар, жедел жәрдем қызметі, ота, лазерлік ота, диагностика қызметтерінің бір жерде болуы жағынан теңдессіз мұндай бірегей орталық еліміздің өзге өңірлерінде жоқ. Аз қамтылған жандар үшін отаның тегін жасалатыны әлеуметтік зор көмек екенін атап өткім келеді. Мекеменің өте жақсы жабдықталғаны, емделушілер үшін барлық жағдайдың тудырылғаны сапалы ем-дом алудың тамаша мүмкіндіктері болып табылады, – деді ұжыммен кездесу кезінде А. Платонов.
Орталықтың меңгерушісі Жанна Лахина жарты миллиард теңгеге бой көтерген мекемеде қызметтер тәулік бойы көрсетілетінін, ақылы негізде де жүргізілетінін, көп оталар мемлекеттік тасырыс арқылы тегін берілетінін, бұл мақсат үшін 340 миллион теңге бөлінгенін жеткізді. Алдағы уақытта мұнда балалар офтальмология бөлімшесін іске қосу белгіленген. Жеке инвестордың қаржысына тұрғызылған кешен кейін мемлекетің меншігіне өтеді.
Бүгінде өңірде глаукома, миопия, катаракта секілді көз ауруларына шалдыққан 7 мың науқас есепте тұрса, 2,5 мыңдайы – жасөспірімдер мен балалар.