Қоғам • 06 Мамыр, 2019

Құмар ойын қаныңды қыздырып, жаныңды бұзбасын!

2068 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Біздің халқымыз ежелден түрлі құмар ойындардан өз бойларын аулақ ұстаған есті халық бола­тын. «Асық ойнаған азар, доп ойнаған тозар, бәрінен де қой бағып, көтен жеген озар» деген­­ді де есті халқымыз текке айт­паған-ау деп ойлаймын. Бұл ара­да «қой бағуды», яғни еңбек ету­ді бәрінен де жоғары қоя біл­ген­дік тұр. Еңбек ету, тағы да еңбек ету!

Құмар ойын қаныңды қыздырып, жаныңды бұзбасын!
Алайда соңғы жылдары адамына қарай заманы, сол заманына қарап адамы да өзгеріп жатыр. Қазір қоғамда түрлі құмар ойындарды Еуропаның тап бір мәдениеті мен шалқыған бақуатты тұрмысының белгісіндей көрсету мен дәріптеу етек алып барады. Сондай-ақ тоғышар­лар мен көлденең табыстан алшаң басып жүргендер де түрлі құмар ойын ойнауды әлдебір мақтаныш санайтын болды. 

Құмар ойындарды ұйымдастыру арқылы оны жеке басының пайда табу көзіне айналдырғандар да бар. Алайда олардың сол құмар ойын­дары­ның құрығында қылғынып кетіп жатқан талай адамның тағдыры бар екендігін де ойласақ етті. Осы орай­да біздің бизнестің мүддесін ойлай­мыз да, адамның мүддесін, адам­ның тағдырын, соның ішінде жас жеткіншектердің жағдайын ойламай­тынымыз қынжылтады.

Қазақстандағы құмар ойындардың орталығын Қапшағай қаласы мен Бурабайға шоғырландыру жөнінде шешім қабылданған кезде осы төңі­ректің халқы бұған наразы да болды. Осы орайда 2012 жылы Сенат депутаты ретінде Бурабай кентіндегі «Казино» ойындарын Бурабай­дың шет жағына шығару жөнінде Үкімет­ке депутаттық сауал жолдаған едім. Үкі­мет бұл ұсынысымды дұрыс деп са­нап, Бурабай кентіндегі құмар ойын­дар шетке шығарылып тасталды. 

Осы жайды жуырда Бурабай­да болғанымда бір ақсақал есіме салды. «Шырағым, саған рахмет! Мына Бурабайдағы «жын-ойнақты» жапқызып, шетке шығарттың-ау! Осында қаншама жас сол құмар ойындардың құрбаны болып кетті. Тірнектеп жиған мал-мүлкінен ұты­лып, тіпті ажырасып кеткен отбасылар да болды», деп әлгі ақсақал мән-жайды жайып салды.

Ақсақалдың бұл айтқаны есіме мына жайды түсіргені бар. Құмар ойындардың ірі орталықтарының бірі – «Казино» «менеджерлері», яғни пысықайлары қазір осы Қараөт­кел, Көкшетау, Қызылжар төңіре­гін­дегі қалталы деген, болмаса ірі шаруа­шылықтары барлардың өздері­мен, болмаса олардың бала­ларымен танысып, «достық» байланыс орнатып, құмар ойынға тартып, еліктіріп алады екен. Кейбіреу­лерінің қалталарында пұлдары болмаса, «күзде жинап алар астықтың» есебінен де ойната береді. Сондай бір басшы өз бала­сының ұтылы­сы есебінен шаруа қожа­лығының бар жиған-терген астығын өткізіп жіберіп, арты дау-дамайға ұласқаны да бар. 

Ойынқұмарлық жүре барып жабысатын дерт пе деп ойлаймын. Мамандар қазір осы ойынқұмарлықты лудомания деген психологиялық дертке жатқызып жүр. Тағы да сол мамандар осы лудомания дертінің маскүнемдікпен және нашақорлықпен бірдей екендігін дәлелдеген көрінеді. Кез келген адамның бойына жабыс­қан бұл дерттің алғашқы белгілері бо­йынша құмар ойыншының көңіл күйі болмайды екен. Бәрінен түңілуге ұшырайды. Құмар ойынға әбден тәуелді болған жас бала, болмаса жас­өспірім бара-бара ата-анасының қалтасынан, ересек жандар отбасынан, жұмыс істеп жүрген жерінен ақша ұрлауды бастайды. Қарыз алып, қа­рызға да батады. Бұдан соң өтірік ай­тып, өтірікпен өмір сүреді. Бұл ке­се­л­дің соңы қайғымен де аяқталары бар...

Ендігі арада осы ойынқұмар­лық дерті біздің өсіп келе жатқан жас ұрпағымыздың кеселіне айнала ма деп те қауіптенемін. Қазіргі балалардың ойын алаңдарындағы түрлі автоматтарды алып қараңыз, бала санасы осы арада уланып жатыр. Сондай-ақ әлі тілі шықпаған сәби де қолындағы ұялы телефондағы түрлі ойындарға есі кете алданатын болды. Қазіргі ата-аналардың жылаған, мазасызданған балаларын уататын да, алдандыратын құрал осы қалтафон болып барады. Тіпті компьютер ойыны, букмекерлік ұтыстар, жай ғана ойын автоматтарының өзі қанымызды қыздырып қана қоймай, жанымызды бұзып жатқандығы да алаңдайтын жай. Сонда біз өз балаларымызды туа сала құмар ойынға бейімдеп жатқан жоқ па екенбіз?! Қазақтың бір ойланатын тұсы, міне, осы!

Жуырда Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Нұр-Сұлтан қаласындағы ойын-сауық және мейрамханалар жұмысын түнгі сағат екіде тоқтату керек дегенді айтты. Өте орынды! Өйткені Қазақстанның кез келген қалаларында таңғы сағат 4-5-ке дейін жұмыс істейтін ойын-сауық орындары бар. Бұлардан ішкен шараптан, тартқан қорқордан миы айналып, есеңгіреп шығып бара жатқан қазақтың жап-жас қыздары мен жігіттерін көріп, жүрегіңнің қан жылайтыны бар. Сондықтан жалғыз Нұр-Сұлтандағы емес, Қазақстанның барлық қаласы мен кентіндегі және елдімекеніндегі тойлар мен түрлі еліктіруші шараларды таң ат­қанша өткізе бермеудің ортақ бір тәр­тібін белгілеу керек.

Айта берсең ойынқұмарлықтың қасіреті мен зардабы жайлы көп мысалдар келтіруге болады. Ендігі мәселе сол кеселден арылу және өсіп келе жатқан ұрпағымызды сақ­тап қалуда болса керек. Осы орай­да ойын­құмарлықтың ауыр зардабы жайлы көбірек айту керек. Және де бұл кеселден өздерін де, балаларын да сақтаудың жолдарын айтып, жазып отыруға тиістіміз. Өйткені халық бұл дерттің әлі не екендігін жетік біле де бермейді. Ендігі арада біз өз ұрпағымызды өз халқымыздың асыл салты мен дәстүрі негізінде тәрбиелеуді қолға алғанымыз жөн.


Жабал ЕРҒАЛИЕВ, 

жазушы-драматург, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

КӨКШЕТАУ