Аймақтар • 06 Мамыр, 2019

Ақжайықтық аналар жастармен кездесті

1106 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Nur Otan партиясы жанындағы «Жас Отан» Жастар қанаты Батыс Қазақстан облыстық филиалы «Ұрпақтар сабақтастығы» жобасы аясында еңбек ардагері, көп балалы ана, «Ару аналар» ансамблінің жетекшісі Клара Саржановамен кездесті.

Ақжайықтық аналар жастармен кездесті
– Біздің «Ұрпақтар са­бақ­тас­тығы» атты жобамыз 2013 жылы басталды. Оның басты мақсаты – аға буын өкілдерімен, арда­гер­лер­мен кездесіп, олар­дың тәлім-тәрбиесін алу, тәжі­ри­бесін естіп, өсиетін тың­дау, оны өмірде пайдалану. Тұңғыш Пре­зи­дентіміз «Болашаққа бағ­дар: рухани жаңғыру» мақа­ласында жастарға патриот­тық тәрбие беру, салт-дәс­тү­рімізді, мә­дениетіміз бен бі­регей ұлт­тық кодымызды сақтау сияқты маңызды ба­сым­дықтарға ерекше тоқталды. Елбасы жастар форумында өскелең ұрпақты ардагерлерді ардақтауға, қа­дір­лей білуге тәрбиелеу қа­жет екендігін атап өтті. Сон­дық­тан өңіріміздегі ең­бек ар­да­гері мен белсенді сту­дент жастарымыздың кез­де­суін тұрақты өткізіп ке­ле­міз. Бүгінгі шараға қонақ ре­тін­де патриоттыққа, бір­лік­ке үндейтін әндерін әуе­летіп жүрген «Ару аналар» ансамблі мүшелерін таң­дап алдық, – дейді Жас Отан» Жастар қанаты Батыс Қазақстан облыстық фи­лиа­лының жетекшісі Нұрғали Жолдасқалиев.

Құрамында 15 мүшесі бар «Ару аналар» ансамблінің ең егде әншісі 92 жаста екен. Ансамбль жетекшісі Клара Бақтығалиқызының өзі де 83 жаста. Республикалық Арда­герлер кеңесінің мүшесі Клара Саржанова әлі күнге дейін өңірдегі қоғамдық істердің бел ор­тасында жүреді. Осы кезде­су­де де жиылған жастарға өзі­нің өмір тәжірибесі, басынан кешкен оқиғалары туралы айтып, ақыл-кеңесімен бөлісті.

– Мен қазіргі жастарға, әсіресе қыз балаларға білімді болуға ұмтылыңдар дер едім. Оқыған қыздың, білімді адам­ның қашан да бәсі биік болады. Сонымен бірге ұлттық тәрбиені, халқымыздың салт-дәстүрін де ұмытпау қажет, – деді Клара Бақтығалиқызы. Өз өмірінен нақты мысалдар келтіріп, әңгімесін әзілмен әрлеп сөйлейтін әженің лебізі студент жастарға қатты ұнады.

«Ару аналар» ансамблін Клара Саржанова «көп балалы, көп этносты аналар тобы» деп атайды. Шынында да топ құрамында қазақтан бөлек украин, грек, татар, орыс ұлтының өкілдері жиналған. «Халық ансамблі» атағын жеңіп алған топтың репертуарында Отан, туған жер, отбасы тақырыбындағы патриоттық әндер өте көп екен. 

– Қазақ әндері өте әуезді, жаныма сондай жақын. Өзім өмір бойы қарапайым қызмет еттім. «Ару аналар» тобына қосылуым қызық болды. Жетекшіміз Клара Бақтығалиқызымен маған «Алтын алқа» белгісін табыс еткен салтанатты жиын­да алғаш таныстым. Мені көрген бойда-ақ «Галя, сіз ән айта білесіз бе? Біз­дің топқа қосылыңыз!» деген ұсыныс айтты. Әрине, бір­ден келістім. Сол күннен бері менің екінші өмірім басталғандай болды, – дейді 7 баланың анасы, 15 нем­ере, 1 шөбере сүйіп отыр­ған Галина Зенчурина. Ол «Ора­лым – достық қаласы» әнін ерекше шабытпен шырқады.

Топтың тағы бір мүшесі, «Алтын алқа» иегері Мән­шүк Ермұқанова Мән­шүк Мәметова атындағы Қызыл­орда қыздар училищесінде Мә­дина Ерәлиевамен бірге оқып­ты. Жастық шағын, сту­дент­­тік өмірін қызықты етіп баяндап берген Мән­шүк апай да ғибратты әңгі­ме­сі­мен жастарды баурап ал­ды. «Мамандық таң­дау­да және жар таңдауда жаңыл­маңыздар, жастар! Ең­бек­тен қашпаңыздар, үл­кен­ді сыйлаңыздар! дейді әнші әже.

«Ару аналар» ансамблінің көр­­кемдік жетекшісі, Қазақ­стан Республикасы мәде­ниет қай­рат­кері Әділбек Сүлей­менов – ел арасында 40 жылдан аса шырқалып келе жатқан бел­­гілі «Әке туралы әннің» авторы.

«Жас Отан» коворкинг орталығында өткен кездесуде де әсерлі әндер шырқалып, кеш­тің көркін кіргізді. Әсі­ресе студент қыздарға бұл кез­де­судің ұнағаны сондай, әнші әжелермен тағы бір кез­десіп, қыздар тәрбиесі, от­басы құндылықтары тақы­ры­бына оңаша әңгіме құруға уағ­даласып тарасты. 

Батыс Қазақстан облысы