Спорт • 06 Мамыр, 2019

Бейбарыс - «Түркістан ба­рысы»

1318 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Түркістан облысы Шардара қаласындағы спорт кешенінде Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жүлдесіне арналған қазақ күресінен «Қазақстан ба­рысы» республикалық турниріне облыстық іріктеу жарысы өтті.

Бейбарыс - «Түркістан ба­рысы»
Ұлттық спортымызды дамыту мақсатындағы «Түркістан ба­рысы» турнирінің ашылу салтанатында Шардара ауданының әкімі Болатбек Қыстауов пен облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Полат Қырықбаев құттықтау сөз сөйлеп, балуандарға сәттілік тіледі. Өңірдегі қазақ күре­сінің ақсақалы саналатын белгі­лі спорт­шы, Қазақстан Респуб­ли­ка­сының еңбек сіңір­ген жат­тық­тырушысы» Бақыт Жаң­быр­баев бозкілемге шығатын ба­луандарға ақ батасын берді.

Турнирде аудандық және қа­лалық іріктеулерде фи­нал­ға шыққан 32 балуан бақ сы­нады. Жоғары деңгейде ұйым­дастырылған жарыста әрбір балуан облыс деңгейінде барыс атануға барын салды. Дегенмен, кілең «сен тұр, мен атайын» дей­­тін ба­луандардың арасы­нан бабы мен бағы келіскен түр­кістандық Бейбарыс Әбдіғали бас жүлдені жеңіп алып, «Түркіс­тан барысы» атағын ием­ден­ді. Турнир жеңімпазына арна­йы белбеу, кубок және дип­лом, сондай-ақ шардаралық спорт жанашырларының демеу­ші­лігімен алынған темір тұл­пардың кілті салтанатты жағ­дайда табыс етілді. Турнирде ІІ орынды иеленген Кентау қала­­сының балуаны Дархан Жамал­­ханға 300 000 теңгенің, ІІІ орын иеленген отырарлық Сабыр­­жан Әбілдаұлына 100 000 теңгенің сертификаты берілді. Ал іріктеу байқауында шебер қимыл­дарымен көзге түскен сары­ағаштық Мұхтар Әбдімәлік «Көрермен көзайымы», бәйді­бектік Ерназар Сіргебай «Жеңіске деген жігері үшін» аталымдары бойынша марапатталды. 

«Түркістан барысы» атанған Бейбарыс Әбдіғали мен ІІ орынды иеленген Дархан Жамалхан енді республикалық турнирде облыс намысын қорғайтын болады.


Түркістан облысы