Мысалы, Тереңкөл ауданындағы «Астық-ПВ» ЖШС-да сүт фермасы жұмыс жасайды. Суармалы алқаптары іске қосылып, су мұнарасы салынған.
Шаруашылық «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы несие алыпты. Мемлекет тарапынан субсидия да қарастырылған.
Әрбір бас сиыр үшін 225 мың теңге көлемінде көмек қаржысы беріледі. Осылайша, сүт фермасына Чехия елінен симментал тұқымдас 700 бас сиыр әкелген.
Шаруашылық басшысы Абай Оразымбетовтің айтуынша, жобаның жалпы құны - 1,2 млрд теңге. Тауарлы сүт фермасының жұмысы автоматтандырылған. Мал тұратын орындарда ауа автоматты жүйе арқылы реттеліп отырады. Ауа тазарту құрылғылары да орнатылған.
Қазіргі кезде шаруашылық сүт тасымалдаушы және сүтті салқындататын құрылғыларды іске қосуда. Енді күн сайын сауылатын сүтті есептеудің электронды жүйесі енгізілмек.
Сүт фермасы орналасқан Жаңабет ауылында 1 мыңға жуық тұрғын бар.
Ауылда 22 ауыл шаруашылық серіктестіктері жұмыс істейді. Тұрғындар түгел осы шаруашылықтарда еңбек етуде.