Аймақтар • 06 Мамыр, 2019

Мәжіліс депутаттары балалар орталығының жұмысымен танысты

1021 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Парламент Мәжілісінің депутаттары Абзал Ералиев, Наталья Жұмаділдаева, Балайым Кесебаева және Нұржан Әлтаев Талсуат ауылдық округінде орналасқан арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету балалар орталығының жұмысымен танысты.

Мәжіліс депутаттары балалар орталығының жұмысымен танысты

- Бұл орталық Қызылорда облыстық халық депутаттары Кеңесі атқарушы комитетінің 1990 жылғы 19 қыркүйектегі «Қызылорда қаласында балаларға арналған психоневрологиялық интернат үйін ашу» туралы шешімен құрылған. Халықты әлеуметтік қорғау саласында стационарлық және жартылай стационарлық 7 бағыт бойынша арнаулы әлеуметтік көмектер көрсетеді. Жалпы орны 150 адамға шақталған. 100-і стационарлық, ал 50-і жартылай стационарлық қызметке арналған. Нақты кезеңде 100 балғын көмек алып жатыр, - деді халық қалаулыларына мекеме басшысы Айгүл Шамшатова.

Мүмкіндігі шектеулі мүгедек балаларға медициналық, әлеуметтік жағдай жасауда ғимараттың қызмет көрсетуге арналған әрбір бөлмесі заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталған. Мұнда негізінен ДЦП, РОПЦНС, эпилепсия, Дауна, гидроцефалия аурулары, сондай-ақ, ақыл-есінің ауытқушылығы бар науқас балалар емделеді. Қазір стационарда - 64, ал жартылай стационарда - 46 мүмкіндігі шектеулі балғындар тәрбиеленіп, ем алып жатыр екен. 

Мәжіліс депутаттары орталық қызметімен танысқаннан кейін сала қызметкерлерімен де жүздесті. Тұңғыш Президент - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың мүмкіндігі шектеулі азаматтарға, соның ішінде балғындарға, аз қамтылған және көп балалы отбасыларды қолдауға бағытталған әлеуметтік бастамаларын жүзеге асыру жөніндегі мәселелерді жан-жақты сөз етті.

- Біз бірнеше күннен бері облыстағы бірқатар аумақта болып, шалғай елді мекендердің де жағдайымен таныстық. Ол жерлерде де түрлі әлеуметтік нысандар пайдалануға берілгендігін көзімізбен көрдік. Балалар орталығы, бұл - мүмкіндігі шектеулі балғындарымыз үшін өте қажет дүние. Мұнда барлық жағдай жасалған екен. Ал облыс бойынша жергілікті тұрғындармен кездесу барысында байқағанымыз, арнаулы әлеуметтік көмектің есептелуіндегі мәселелер жиі сөз болды. Біз бұл мәселелер бойынша жұмыс істейтін боламыз, - деді Мәжіліс депутаты Нұржан Әлтаев.

Халық қалаулылары облыстағы кездесулер барысындағы жинақталған мәселелерді Үкімет назарына ұсынатындықтарын айтты.