07 Мамыр, 2019

Хас батыр – тұңғыш Қорғаныс министрі

2471 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Ұлы Отан соғысының сұрапыл жылдарында Кубань өңірінен Берлинге дейінгі майдан жолымен жүріп өткен, Кеңес Одағының Батыры, Халық Қаһарманы, егемен еліміздің тұңғыш Қорғаныс министрі, армия генералы Сағадат Нұрмағамбетов ортамызда болғанда 2019 жылдың 25 мамырында 95 жасқа толар еді.

Хас батыр – тұңғыш Қорғаныс министрі

Мен Сағадат Нұрмағамбетовті Орта Азия әскерлері қолбасшысының орынбасары қызметін атқарып жүр­ген кезінен бастап білдім. Ол кезде осы округтегі орталық газеті «Боевое знамя» редакциясында бөлім басшысы ретінде қызмет атқаратынмын. Әлі есімде алғашқы іссапарым Ош, Душанбе әскери гарнизондарында Сағадат Қожах­мет­ұлымен бірге басталып еді. Сонда генералдың адамгершілігіне, бауыр­ма­лдығына, парасаттылығына тәнті болғанмын. Ол кісі журналис­терге ілтипатпен қарай­тын. Ешкімнің көңі­лін қайтармайтын. Соң­ғы сұхбат­ты Сағадат Нұрмағамбетұлы «Egemen Qazaqstan» газетіне 2012 жылы 7 ма­мырда берген еді. Сұхбат «Қуатты әскер – тұрақтылық пен қауіпсіздік ке­пілі» деген тақырыппен жарық көрді.

Соңғы рет телефон соққанымда, кіш­кентай бала сияқты қуанып, өзі­нің ойы­мен бөліскен: «Келесі жылы 90-ға толған туған күніме қарсы тағы да сұхбат берер­мін, естелік аз емес. Жүздеген, мыңдаған жыл­дар, ғасырлар өтер, сол кезде де біздің ұрпағымыз Отан үшін от кешкен батыр бабаларын бүгінгідей еске алып, ардақтап мақтан тұтатынына сенемін...» деген еді. Шіркін, зымыраған өмір-ай!.. Кеше ғана ортамызда жүрген Сағадат Қожахметұлының өмірден өткеніне де алты жылдай болып қалды..

«Ешқашан батырмын деп жар салмаған...

Жиырмадан жаңа асқан кезін­де Отан қорғау жолындағы қан майданда С.Нұрмағамбетов батырлығы­мен жеңіске жетуге атсалысты. 1945 жылы 27 ақпанда Польша жерінде жау қорғанысын бұзып өту кезін­дегі жауынгерлік тапсырманы ер­жүректілікпен орындап, сол көр­сеткен ерлігі үшін Сағадат аға­мызға Кеңес Одағының Батыры атағы беріл­ді. Осыдан кейін майор Саға­дат Нұрмағамбетов басшылық еткен батальон рейхсканцелярия ғимара­тына шабуыл жасап, қаһарман қазақ жігіті соғысты Германия астанасында аяқтады.

Атақты ақын Кәкімбек Салықов айтқандай, «Ешқашан батырмын деп жар салмаған...» Сағадат ағамыз соғыс­тан соң бүкіл өмірін əскери-пат­риоттық салаға, ұрпақ тəрбиесіне арнады. Елбасы 1992 жылдың 7 мамырында Қазақстанның Қарулы Күштерін құру туралы Жарлыққа қол қойды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Сағадат Қожахметұлының еңбегін, дәреже­сін биік бағалап, оны Тəуелсіз Қазақстан­ның алғашқы Қорғаныс министрі лауазымына тағайындады. Осы орай­да мол əскери білім мен тəжірибе иесі Сағадат Қожахметұлы тəуелсіздіктің алғашқы жылдарында еліміздің Қарулы Күштерін құруға, сондай-ақ оның жаңа заңды құжаттарын, алғашқы қорғаныс доктринасын қалыптастырып, күрделі саланың негізін қалап, жүзеге асыруда айрықша қызмет етті. Жас мемлекетіміздің Қару­лы Күштерін кəсіби тұрғыдан бəсекеге лайықты сапаға бейімдеді. Сөйтіп өзінің дарын­ды қолбасшы екендігін бейбіт өмір­де де көрсетіп, ұрпақтар ұмыт­пай­тын ұлағатты іс атқарды. 

Тәуелсіздіктің туын тіктеген тұста...

Полковник, əскери ғылымдар докторы Ким Серікбаев былай дейді: «Сағадат ағамыздың өмірі айтарлықтай, мінезі – өте байсалды, ұстамды, əр сөзін ойлап сөйлейтін ақылмандығы болатын. Халқының алдында аса абыройлы еді. «Ат басына күн туса, ауыздықпен су ішер, ер басына күн туса, етігімен су кешер» демекші, 22 жасында қан кешкен ала­пат соғысқа қатысып, батыр атағын алып, жауды Берлинге дейін түре қуып, фашис­тердің ордасын талқандаған батыр еді. Одан кейін əскери қызметке көп еңбек сіңіріп, сонау Кеңес Одағы кезінде генерал-лейтенант атағын алған. Бұл кісінің ерекше еңбегі – еліміз егемен болып, Тəуелсіздіктің туын тікте­ген тұста мемлекеттіліктің бір тірегі Қару­лы Күштердің қалыптасуы мен ныға­юына белсене қатысып, 73 жасында жас жігіттей жұлқына ұмтылып отандық əскер құрудың жұмысына көп еңбек етті. Ол уақытта мен Президент ап­па­ра­тының Қорғаныс бөлімінде мең­геру­ші болып қызмет еттім. Сонда Саға­дат ағамның маған айтқаны: «Ким інім, маңайыңа жақсы жігіттерді жинап, қорғаныс ісінің келешегі болуы үшін жəне əскеріміз мығым болуы үшін қажетті құжаттарды жаз. Бізге əскери доктрина керек. Мен əскери практика жөнінен жұмыстанайын, сен əскери тео­рия барысын бекемде. Сөйтіп еліміздің қорғанысын нығайтайық» деген еді. 

Еліміз егемендігін нақтылай түскен тұста Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев халқына жасаған қызметін ескере отырып Сағадат ағамызға Халық Қаһарманы деген атақты жəне сол атқа лайық нөмі­рі бірінші куəлікті табыс етті. Бұл деге­ні­ңіз, батырға құрмет, елін сүйген ерге құрмет, еңбегі артқан азаматқа құрмет! Саға­дат аға көп жастарға үлгі болды. Ол кісі қашанда өзінен кейінгі буынға «Сен­дер жассыңдар, қандай шешім қабыл­дар болсаңдар да оның елге тиер пайдасын ойлаңдар. Еліміздің келе­шегі сендердің қолдарыңда, ата-баба­мыз аңсап өткен Тəуелсіздіктің туын биік желбіретіңдер», деп ағалық, əке­лік ақылын айтып отырушы еді. Сол аға­мыздың аманатына жас буын лайық болуы керек».

Ал Мәжіліс депутаты, генерал-лейтенант Абай Тасболатов Сағадат Қожахметұлы туралы былай еске алады: «Тұңғыш Президент – Елбасы қорының қолдауымен, республикалық «Генералдар кеңесі» қоғамдық қоры­ның бастамасымен түсірілген Саға­дат Нұрмағамбетов туралы «Міндет. Абы­рой. Ерлік» деген деректі фильм­де Сағадат Қожахметұлы жайында пікір білдірген азаматтар «Бауыржан Момышұлы оны «сыпайы генерал» дейтін еді» деп еске алды. Бұл батырдың батырға берген шын бағасы. Сағадат Нұрмағамбетовтің қарамағында жылдар бойы еңбек етіп, шәкірті атансақ та болмысы болаттай берік, мінезі жібектей жұмсақ Сағадат Қожахметұлы жайлы Бауыржан Момышұлынан асырып сөз айту мүмкін еместей...

1991 жылдың қазан айында Қазақ­станның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Мемлекеттік Қорғаныс комитеті құры­лып, Сағадат Нұрмағамбетов оған төр­аға болып тағайындалды. Содан көп ұзамай Сағадат Қожахметұлы мені Мем­лекеттік қорғаныс комитетінің жо­ғары оқу орындарындағы әскери кафед­ралардағы дайындық штабы­ның бас­ты­ғы лауазымына тағайындап, тапсыр­малар жүктеді. Бұл жерде біздің негізгі мақсатымыз әскери кафедралар қызметін сақтап, әскери маман даярлау ісін құрдымға жіберіп алмау болатын. Сол кезге дейін Қазақстан жерін­де қызмет етіп келген өзге ұлт өкіл­дері – әскери қызметкерлері өз елдеріне үдере көшіп жатты. Осындай кезеңде еліміздегі тұтас бір күш құрылымының бүлінгелі тұрған бір бөлшегінің бүтін қалпын сақтап қалу жолында азды-көпті еңбек еттік. Әрине Сағадат Нұр­мағамбетов өзі осы салаға келгеннен кейін ұлттық кадр тапшылығы мәсе­лесін шешу жолында атқарған ісі ұшан-теңіз екені сөзсіз. 

Майдангер министр Қарулы Күш­тердің алдында тұрған мәселелерді шешуге білек сыбана кірісті. Мәселен, Ұлы Отан соғысында кадр мәселесін қысқа мерзімде әзірлегендей, министр бізде де кіші офицерлер легін дайындап шығаруға басымдық берді. 

Сағадат ағамыздың тағы бір ерек­ше­лігі – талаптылығы, жауапкер­шілігі, есте сақтау қабілетінің мықтылығы, жа­ны­­­­ның жайсаңдығы, адалдығы, ақниет­тілігі, сабырлығы, қамқорлығы. Жасы­ның жет­пісті алқымдап қалғанына қара­май ол кісі Сарыөзек пен Отарда өте­тін далалық оқу-жаттығуларға өзі қаты­сып, көзбен көріп, қате-кемшіліктер мен жетіс­тіктерді саралап, бағасын беріп жататын. Ол ұлағатты ұстаз болатын. Жүрген жері береке еді. Қара­ма­ғын­дағы қызметкерлерге тапсырма беріп, оның орындалуын талап ететін. Бірақ та олардың мәселелерін шешуді де ұмыт­пайтын. Зейнеткерлікке шыққан кезеңін­де өзімен бірге қызметте болған офицерлердің есімдерін жатқа біліп, туған күндерінде арнайы қоңырау шалып, құттықтайтын. Мұндай сардардан құттықтау алу әрбір азаматқа қуаныш емес пе!»

Иә, уақыт озған сайын Сағадат Нұр­мағамбетовтің еліне, Қарулы Күш­терге арнаған еңбегі айрықша бағаланып, оның есімі Нұр-Сұлтан қаласының бір көшесіне берілсе, сондай-ақ дарынды қолбасшы атындағы мемлекеттік орден тағайындалса, нұр үстіне нұр болар еді. Осы жөнінде өткен ғылыми конференцияларда да ұсыныс болған еді.

Өмір жолы

Армия генералы Сағадат Нұрмағам­бетов 1924 жылы 25 мамырда Ақмола облысының Ақкөл ауданында өмірге келген. 1942 жылы өз еркімен Қызыл армия қатарына шақырылып, Түрік­менстанның Кушка қаласындағы əскери училищеге жібе­ріледі. Оқуын бітірген соң 1943 жылдың сəуір айын­да лейтенант шенінде май­данға аттанды. Осыдан кейінгі екі жыл бойы пулемет взводының, пулемет рота­сының командирі, 5-екпінді армия­ның ІІ дəрежелі Суворов орденді 301-Донецк атқыштар дивизиясының 1052-атқыштар полкі құрамында батальон командирі лауазымында жау­ға қарсы шайқасты. 1945 жылы Нұр­мағамбетов басшылық еткен батальон асқан шеберлікпен жауға соққы беріп, Гер­мания астанасы Берлинге лап қойып, жеңіске жетеді. Батальон командирі майор Сағадат Нұрмағамбетовтің ерлік­тері – атқыштар полкының коман­дирі тарапынан екінші рет Кеңес Одағы­ның батыры атағын алуға ұсынылған. 

Ол 1946 – 1949 жылдар аралығын­да Мəскеудегі М.И.Фрунзе атындағы Əскери академияны тəмамдап, Орта Азиядағы Түркістан əскери округіне полк басқаруға жіберілді. Содан соң əртүрлі штабтық, командалық лауазымдарда, оның ішінде Қазақ КСР Азаматтық қорғаныс штабының бастығы, Орта Азия əскери округі қолбасшысының орынбасары, Оңтүстік топ əскерлері қолбасшысының бірінші орынбасары (Венгрия) қызметін атқарды. КСРО Қарулы Күштері Бас штабының академиясындағы курстарда оқыды. Сағадат Нұрмағамбетов 1989 жылдан бастап Қазақ КСР соғыс жəне еңбек ардагерлері кеңесінің төрағасы, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесіндегі Ардагерлер мен Қарулы Күштер мүгедектері істері комитеті төрағасы қызметтерін атқарды. 

1991 жылы Қазақстан Республикасы Прези­дентінің Жарлығымен Мемле­кеттік Қорғаныс комитетінің төрағасы, ал 1992 жылғы 7 мамырда республи­ка Қорғаныс министрі болып тағайындалды. 1994 жылғы 23 мамырда Мемлекет бас­шысының Жарлығымен Сағадат Нұр­мағамбетовке Халық Қаһарманы атағы мен № 1 «Алтын Жұлдыз» табыс етілді. 1995 жылғы қарашада армия генералы атағымен отставкаға шығып, ел Прези­дентінің кеңесшісі болды.

Бүгінде Қазақстан астанасындағы «Жас ұлан» республикалық әскери мек­­тебі армия генералы Сағадат Нұр­мағам­­бетов атында. Сондай-ақ туған елі – Ақкөл қаласының бір көшесі атақты қолбасшының есімімен аталады. 


Сапарғали ЖАҒЫПАРОВ,

әскери журналист