Руханият • 07 Мамыр, 2019

Ерлік дастаны ескірмейді

1161 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Отан қорғаушы күні —мем­лекеттік мереке ретінде елі­міздің барлық түкпірінде аталуда. Бұл мерекенің маңыз­дылығы мен мәнін Қазақ­стан азаматтарының бәрі де жақсы сезінуі керек.

Ерлік дастаны ескірмейді

Отандық патриотизм отын лау­латып, жастардың бойы­на туған елге деген сүйіспеншілік отын тарату осы күні өткізілетін бар­­­лық шаралардың негізгі мақ­саты. Ұлттық музейде де осы мақ­сат­пен өткізілген «Ерлік дастаны – елдің ұраны» атты дөңгелек үстелдің маңызы зор болды. Оған қаладағы Ардагерлер ұйымынан қадірменді ақсақалдар мен апалар шақырылған екен. Олар өздерінің өмірлік тәжірибесінен, көрген, білген ұлағатты істерінен жинал­ған жастарға қызықты әңгіме­лер айтып берді. Мемлекет тари­хы инс­титутының қызметкерлері, Л.Н.Гу­милев атындағы Еуразия Ұл­т­тық университетінің оқытушы-про­­фессорлары қазақстандық пат­риотизмнің қайнар көздерін атап, оларды үлгі ету жолындағы ғылыми ізденістерге тоқталды. Соның ішін­де, тірі болса бүгінгі күндері 95 жасқа толатын Әлия Молдағұлова туралы әңгімелер мен деректер көп айтылды. «Ә.Молдағұлова – шығыстың шынары» атты кітап көрмесі де ұйымдастырылған екен. Осындағы деректерден және арда­герлер мен ғалымдардың әңгіме­лерінен жас ұрпақ батыр Әлия­ның өмірі туралы көптеген жаңа мағлұматтар алды. 

Қазіргі жастар тағдырдың жазуымен Әлия соғыс қарсаңында Ленинград (қазіргі Санкт-Петер­бург) қаласындағы балалар үйін­дегі тәрбиеленушілердің бірі болға­нын біле бермейді. Қалаға бомбалар түсіп, қоршауда қалу қаупі туғанда ол өзінің сыныптастары­мен бірге майданға сұранған. Алайда 16 жас­тан енді асқан, жап-жас қызды әс­керилер соғысқа алғысы келмейді. Бірақ алған бетінен қайтпаған қайсар қыз ақыры әскерилерді көндіріп, өзін мергендер мектебіне жіберуге көндіреді. Мәскеу түбіндегі Вешня­ки селосында құпия түрде 1942 жылы ашылған бұл оқу орны «Мер­гендердің орталық мектебі» деп аталған. Дала қызына тән өткір көзімен, сабырлы мінезімен Әлия онда ең үздіктердің қатарына ілі­геді. Ал мектепті бітіргенде «Үздік оқығаны үшін Орталық комсомол комитетінен» деген жазуы бар мер­гендер винтовкасын сыйлық­қа алады. Әлия осы винтовкамен 78 жау­дың көзін жойып, «Ленинград-Нов­город» майданында 1944 жыл­дың қаңтар айында ер­лікпен қаза тапқан. Сол 1944 жылдың мау­сым айында оған Кеңес Одағының Батыры атағы берілген. Шығыс халықтарының ішінде бұл атақты Әлия мен Мәншүк қана алды.

Осы әңгімелер мен деректер жас толқынның жанарына от, жүрек­теріне шоқ тастап тұрғаны көрініп тұрды. 

Аталған шара барысында Ұлт­тық музейдің ғылыми қыз­мет­кері С.Абдрахмановтың ми­ниатюра­лары ұсынылған шағын көрме де келгендердің назарына ұсы­нылды. Жиынның соңынан келген қонақтарға Ұлттық музейдің залдарына экскурсия жасалды.