Руханият • 07 Мамыр, 2019

Ұлт мұрасына ие бола алмадық па?

1441 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Жақында «Қорқыт ата» дастанының тағы бір көне нұсқасы табылғаны белгілі болды. Түркиялық ғалым, профессор Метин Екижи жариялаған нұсқа Қазақстаннан табылды. Әлбетте, бұл жаңалық әрісі күллі түркіге, берісі қазақ халқы үшін қуа­ныш екені сөзсіз. Өйткені көне дастанның бізге белгілі екі қол­жаз­басы ғана болған-ды. Оның бірі 1815 жылы Германияның Дрезден қаласынан, екіншісі 1952 жылы Ватиканның кітап­ха­на­сынан табылды. Ал үшінші қолжазба Қазақстан жерінде сақталыпты. Тек, бұл жаңалықтың «бірақ» дейтін тұстары бар.

Ұлт мұрасына ие бола алмадық па?

Әрине, түркі өркениеті ғана емес, адамзат мәдениетінде айрық­ша орны бар «Қорқыт ата» дастанының жаңа қол­жаз­ба­сының табылуы қуанарлық жайт. Түбі бір түркіге ортақ мұ­­ра­ны бір кіндіктен тараған ба­уыр­­лардың кез келгені насихат­тап, жаңалықтарды жаһанға жар сала отырып жариялауға құқылы. Алайда әр елдің мәдени мұралары, рухани қазыналары болады. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: ру­хани жаңғыру» және «Ұлы да­ланың жеті қыры» атты мақа­ла­ларында да рухани мұра мәсе­ле­леріне айрықша назар аударып, Ұлы даланың киелі жерлері мен ұлы есімдерін ұлықтау ісін, фольклорлық мұраларды зерт­теу­ді тапсырған-ды. Қорқыт баба – Ұлы даланың ұлағатты һәм ұлы перзенті. Біз Қорқыт бабаны қазақ даласында мәңгілікке байыз тап­қан тұлға ретінде бағалаймыз. Қазақ­станның бастамасымен және Түркия, Әзербайжан елде­рі­нің қолдауымен Қорқыт ата мұра­ларын ЮНЕСКО-ның мате­риал­дық емес мұралары тізіміне енгі­зу мәселесі көтеріліп, былтыр күзде аталған ұйым Қорқыт ата мұраларын тізімге қосты. 2015 жылы Халықаралық Түркі академиясы Парижде «Қорқыт ата мұрасы және түркі әлемі» атты арнайы шара да ұйымдастырған. Бұл басқосу «Қорқыт ата» кіта­бының Дрезденнен табылуы­ның 200 жылдығына орай ұйым­дастырылып еді. Осы мысал­дар­дың өзі-ақ Қазақ елі де Қорқыт ата мұраларына жанашыр екенін, бұл бағытта елеулі істер атқарып жат­қанын көрсетсе керек. Алай­да соңғы нұсқаға қатысты ақпа­ратты біздің ғалымдардың біл­мей қалып, жаңалықты өзге зерт­теушінің жаһанға жар сала хабарлауы таңғалдырып отыр. Біз сол қолжазбаны түрік ғалы­мы­на кім бергенін білгіміз ке­ле­ді. Қолжазбаны сақтап кел­ген әулетті де танығымыз ке­ле­­­ді. Өйткені мұндай мұраны ғасырлар бойы сақтап отыру ерлікке пара-пар іс. Қазақ даласына келген талай саяхатшы ұлттың жауһарларын жинап кеткені тарихтан белгілі жайт. «Қорқыт ата» дастанының бір қолжазбасы табылған Маңғыстау өлкесін кезінде Рихард Каруц тәрізді талай саяхатшы-этнографтар кезген. Өзгелер де болды. Ұлы даланы мақсатты түрде кезіп, түркі жұртының мұраларын сыпырып-сыйырып кетуді көздеген сансыз саяхатшы естімеген, білмеген мұраны тәуелсіз елдің азаматтары қалай шетел ғалымына бе­ріп қойғанына таңғаласыз. Сөз басын­да жаңалыққа қатысты «бірақ» дейтін тұстары бар» деуіміз­­дің сыры осында. Өйткені сауал тым көп. Айталық, осынау құн­ды мұраны қазақ ғалымдары қалай білмей қалды? Не себепті қол­жазбаны түрік ғалымы жа­һанға таныстырып отыр? Тү­рік ғалымының жариялағаны түп­нұсқа ма, жоқ әлде Метин Еки­жи мырза көшірмесін ғана алып, соған сүйеніп мәлімдеме жаса­ды ма? Түпнұсқаның өзі қайда?.. Тізбектей берсек көп сауалға әзірге мардымды жауап болмай тұр. Сондықтан жаңадан табылды дейтін нұсқа «құпия қол­жаз­ба­ға» айналып кетті.

Әлбетте, біз ұлы мұраны айдай әлемге паш еткен ғалымға хабар­ла­суға тырыстық. Алайда, Метин Екижимен байланысу мүмкін болмады. Ғалым Түркия­ның Байбұрт қаласында өткен симпозиумнан кейін журналистерден бойын аулақ салғаны байқалады. Тек түрік ақпарат құралдарының біріне берген сұхбатында өзінің Маңғыстау облысы аумағында түркі мәдениетіне қатысты зерт­теу жасағанын айта келе, «Сол жердегі достарымыз өз қол­да­рын­да Қорқыт ата кіта­бы­ның нұс­қа­лары бар екенін айтты. 61 бет­тік файлды маған берді. Бұл файлдардың ішінде Қорқыт ата кіта­бының он үшінші дастаны сана­латын «Салур Қазанның айдаһарды өлтіруі» деген жыр да бар. Одан бөлек Қорқыт атаның даналық сөздері кездеседі», депті. Ғалымның пікіріндегі «файл» деген сөзді қолжазбаның көшірмесі ретінде ұқтық. Сондықтан, түп­нұс­қа бізде қалған шығар деп үміт етеміз. Өйткені Түркияның Байбұрт қаласында өткен симпозиумда дастанның электронды нұсқасы таныстырылған. Яғни, әзірге дастанның түп­нұс­қа­сын түрік ғалымы ешкімге көрсеткен жоқ. Алайда мұның өзі көңіл түкпіріндегі күдікті сейіл­те алмай тұр. Тіпті, түп­нұс­қа бізде қалғанның өзінде, қол­жазбаны түрік ғалымына бер­гендер ұлт мұрасына тым сал­ғырт қарайтынын байқатып отыр. Әрине, бұл жерде айып­ты ғалымдар емес шығар, мұ­ра­ны сақтаған азаматтардың жеке шешімі болуы да мүмкін. Алайда халық қазынасын, ұлт­тық мұраны сақтамау, өзгеге бере салу бабалар аманатына жа­­са­л­ған қиянат болар еді. Өйт­кені қолжазба Қазақ даласын­да ұзақ жылдар бойы сақ­тал­ған. Оны тұтас бір әулет көзінің қарашығындай қорғап келді. Ресей мен Еуропаның сансыз саяхатшыларының көзіне түсір­ме­ді, оларға сыбыс та білдірмеді. Сөйткен мұраны отандық ғалым­дар білмей қалады да, шетелден келген зерттеуші тауып ала қоя­ды. Күмән тудырған жағдай осында. Түрік ғалымының «дос­та­рымыз» дегендері кімдер екені әзірге беймәлім күйі қалып отыр. Ал қазақстандық бірқатар ға­лым­дар атақты дастанның жаңа нұс­қасы табылғаны жайлы «Egemen Qazaqstan» газетінде жарияланған ақпараттан біл­ге­нін, мұндай қолжазбаның елі­міз­де сақталғаны жайлы деректен беймағлұм екенін айтты. Ар­на­йы хабарласқанымызда акаде­мик Мырзатай Жолдасбеков те, профессор Шәкір Ыбырай да түпнұсқаны көрмей тұрып қан­дай да бір байлам жасауға болмайтынын атап өтті. Сонымен қа­тар М.Жолдасбеков түрік ға­лы­мы айтқан нұсқа ел ішінде сақ­талмай, Түркияға апарылған болса елдігімізге сын екенін тілге тиек етті. «Түпнұсқаны көрген жоқ­пын, сондықтан қандай да бір пікір білдіре алмаймын. Тек түп­нұсқа Түркияға әкетілген болса, ұятқа қаламыз», деді М.Жол­дасбеков. Ал Қорқыт мұра­ларын зерттеуге талай жыл­дарын арнаған ғалым Ш.Ыбы­рай болса, қолжазбаны көрме­­генін, бұл жаңалықты ақпа­рат құралдарынан ғана есті­ген­­ін, бұрын мұндай қолжазба сақ­­талғаны жайлы сыбыс та болмағанын айтты. Түрік ға­лы­­мының қазақстандық шә­кір­­ті, PhD доктор Бекарыс Нұри­ман­ға хабарласқанымызда, ол ұстазының жаңалықты Түр­кия­да өткен симпозиумда сүйін­ші­легенін айтты. Сондай-ақ ол түпнұсқаның нақты қайда екенін өзі де біле алмай отырғанын тілге тиек етті. «Түпнұсқаның дәл қазір нақты қайда екенін білмеймін. Бұл ақпараттың өзін Метин Екижи ағайымыздан естідік. Ол кісі­мен байланысып отырмын. Ісса­парда шетелде жүргендіктен, «Түркияға жеткен соң хабарын беремін» деді. Бірақ түпнұсқа ол кісінің немесе басқа біреудің қолында дегенді нақты айта алмаймын. Орайы келгенде айта кетейін, Ватикан нұсқасында алты, Дрезден нұсқасында он екі жыр бар. 63 беттен тұратын, табылып отырған үшінші нұсқада Қорқыт атаның даналық сөздері және «Салур Қазанның жеті бас­ты айдаһарды өлтіруі» деген он үшінші эпос бар. Иә, бұрын-соңды айтылмаған жаңа эпос! Метин Екижи бұл қолжазбаға «Түркістан» нұсқасы деп ат беріп отыр» деді. 

Яғни, «Қорқыт ата» кіта­бы­ның ғылымға белгісіз болып кел­ген жаңа қолжазбасын дәл осы тақырыпты қаузап жүр­ген зерттеушілеріміз бұрын есті­ме­ген. Нақты пікір айта алмай отыр­ған­­дары да содан болса керек.

Одан бөлек «Қорқыт ата» дастанының жаңадан табылған қол­жазбасына қатысты әлі де нақтылауды қажет ететін жағ­дай­лар бар. Яғни, қолжазба шынымен түпнұсқа ма, жоқ әлде кейін жазылған дүние ме дегенге қатысты мәселе. Байбұртта өткен симпозиумға қатысқан PhD доктор, тіл маманы Гүлім Шадиева жиынға қатысушылардың жаңа­лық­қа күмәнмен қарағанын да айтты. «Түркиядағы сим­по­зиумға қатысқан ғалым­дар­­дың біразы жаңалыққа күмән­мен қарап отыр. Өз басым симпо­зиумның екінші күні қатыс­тым. Метин Екижи мырза бас­қосу кезінде қолжазбаны кім­нен алғанын айтпаған әрі түп­нұс­қаны көрсетпепті. Өзім де көрген жоқпын. Сондықтан нақты пікір айта алмаймын. Дегенмен, мәтін қолымызға тиер болса, қолжазбаның қай дә­уірде жазылғанын анықтау қиын емес. Өйткені Қорқыт ата кітабының бүгінге дейін жеткен нұсқаларының барлығы дерлік Анадолы жерінде жазылған. Ха­лық­тың ауызша айтып келген дас­таны оғыз тайпалары Анадолы жеріне барған соң, XV-XVI ғасырларда хатқа түскен. Сөйте тұра оларда да XIІІ- XІV ғасырға тән ерекшеліктер кездеседі. Бізге белгілі нұсқаларының бар­лы­ғын­да кейін қосылған элементтер бар. Бір-екі кейіпкерінің есімі де мұсылманша. Ал Маң­ғыс­­тау жерінен табылған нұсқа шынымен «Қорқыт ата» дастаны болса, онда бұл ең көне нұсқа болуы тиіс. Әрі жазу тілі де өзгеше болуы ғажап емес», дейді. 

Қысқасы, «Қорқыт ата» дас­та­­нының жаңадан табылған қол­жазбасының түпнұсқасы қайда екенін білетін ғалым кез­дес­­тірмедік. Әрі қолжазбаның шынайы­лығына да күмән бар. Алайда түрік ғалымы жария­ла­ған қолжазба шынымен жаңа нұсқа болса, сонымен қатар, оны түрік ғалымы ел аумағынан шы­ғарып әкеткен болса, онда ұят­тан өртенуден басқа амалымыз қалмайды. Өйткені әлемдік деңгейдегі мұра қатарына кіретін дүниені бағаламаған ел болып шығамыз. Әрі мұндай жағдайда кінәлілер тек қолжазбаны өзгеге бергендер, ел ішінен іздемеген ғалымдар, тіпті шетелдік ғалым ғана болып қалмайды. Шекара мен кеден қызметтерінің де үлкен кемшілік жіберіп, салғырт болғанын мойындауға мәжбүр боламыз. Әдетте әуежайларда жола­у­шыларды басынан бақай­ша­ғына дейін тексеретін құры­лым­дар түпнұсқаны елден алып кетуге жол берген болса, жауап­кершіліктің бір ұшын сол құры­лым­­дарға жүктеуі керек. Тек біз­­дің көңіл осындай «құпия қол­­жаз­ба­ның» түпнұсқасы елде дегенге сенгісі келеді. 
Соңғы жаңалықтар