Аймақтар • 07 Мамыр, 2019

Мәжіліс депутаттары Ақтөбеде зауыт жұмысшыларымен кездесті

984 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ақтөбе облысына жұмыс сапарымен келген ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, «Nur Otan» партиясы фракциясының мүшелері Снежанна Имашева, Бейбіт Мамраев, Қанат Мусин, Асылбек Смағұлов 6 мамырда «Ақтөбе хром қосындылары зауыты» АҚ-да болып, зауыт жұмысшыларымен кездесті.

Мәжіліс депутаттары Ақтөбеде зауыт жұмысшыларымен кездесті

«Ақтөбе хром қосындылары зауыты» АҚ Қазақстандағы жалғыз және хром негізіндегі жоғары сапалы хром қосындыларын өндіру және экспорттау бойынша әлемдік нарықтағы жетекші кәсіпорындардың бірі болып табылады. Зауыт 1957 жылдың шілде айында іске қосылды. Бүгінгі таңда зауыт өнімдері 40-тан астам шет елдеріне, оның ішінде Үндістан, АҚШ, Жапония, Қытай, Оңтүстік Корея, Австралия және т. б. елдерге экспортталады.

- Ақтөбе облысына жұмыс сапарымыздың негізгі мақсаты – өзекті мәселелерді тұғындардың өз аузынан естіп, шешуге атсалысу, - деп атап өтті Мәжілістің әлеуметтік-мәдени даму комитетінің хатшысы Бейбіт Мамраев. Депутаттармен әңгімелесу барысында зауыт қызметкерлері пәтер алуда алғашқы жарнаны субсидиялау, зейнеткерлікке шығу жасын қысқарту, қаланы көгалдандыру мәселелерін қозғады. Жастарға арналған баспана алудағы бағдарламаға қатысу мәселелері де қозғалды.

Халық қалаулылары тұрмысы төмен және көп балалы отбасыларды мемлекеттік қолдау мәселесіне ерекше тоқталды. Мәжіліс депутаты Қанат Мусин атап өткендей, бұл мәселені шешу үшін қазір көп нәрсе жасалуда, ал анықталған проблемалар Үкіметпен бірлесіп талқыланады.

- Жергілікті жерлерде біз біраз мәселелерді анықтадық. Енді қайтып оралғаннан кейін Үкіметпен осы көмекті алуға үміткер отбасының табысын анықтау мәселелерін талқылауға ниеттеніп отырмыз. Өйткені біз табысты анықтау туралы көптеген шағымдар естідік. Мүмкін үй малының бар-жоғын ескерудің қажеті жоқ шығар, себебі оның болжамды табысы ғана емес, оны ұстауға жұмсалатын шығындарды да ескеру қажет, - деді ол.

Мәжілісмендер, сондай-ақ, облыстың Ырғыз, Әйтеке би, Мәртөк және Байғанин аудандарының тұрғындарымен кездесулер өткізді.