Аймақтар • 07 Мамыр, 2019

Оралдағы №5517 әскери бөлімде Отан қорғаушылар күніне орай салтанатты шара өтті

1756 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Орал қаласындағы №5517 әскери бөлімде Отан қорғаушылар күні мен Ұлы Жеңістің 74 жылдығына арналған мерекелік шара өтті.

Оралдағы №5517 әскери бөлімде Отан қорғаушылар күніне орай салтанатты шара өтті

Салтанатты шараға Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгінов қатысып, сарбаздарды төл мерекесімен құттықтады.

- Отан қорғаушылар күні – еліміздегі барлық буын өкілдерінің басын біріктіретін мейрам. Біз Отанымыздың тарихындағы ерлікке толы кезеңдерді әрдайым қастер тұтып, батыр әкелеріміз бен қаһарман аталарымыздың жанқиярлық ерлігін мәңгілік есте сақтайтын боламыз. Сонымен қатар, бүгінде Отан сақшысы болып, елдегі бейбіт өмір мен тыныштық күзетінде тұрған арыс азаматтарымызға құрметіміз шексіз. Сондықтан, сарбаздар, Сіздердің Отанға деген сүйіспеншілігіңіз, бойларыңыздағы патриоттық рух бүгінгі өсіп келе жатқан жастарға үлкен тәрбие, өнеге», – деді өңір басшысы құттықтау сөзінде.

Мереке күні Ұлттық ұлан қатарында қоғамдық тәртіпті сақтау, азаматтардың қауіпсіздігін қорғау міндетін абыройлы атқарып жүрген бір топ әскери сала қызметкері I, II, III дәрежелі «Мінсіз қызметі үшін» медальдарымен және Батыс Қазақстан облысы әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. «Батыс» өңірлік қолбасшысы генерал-майор Әлібек Серәлиев сардарлар мен сарбаздардың Отан тыныштығы үшін қалтқысыз қызмет етуге дайын екендігін баяндады.

Мерекелік шара барысында қонақтар әскери бөлімнің техникалары мен қару-жарағымен танысып, жауынгерлер ботқасынан дәм татты. Бұл күні әскери бөлімге келген мектеп оқушылары РПГ-7В гранататқышы, Калашников автоматы мен пулеметі, Драгунов мерген винтовкасы сияқты нағыз әскери қаруды тұңғыш рет ұстап көрді. Жиын соңынан 5517 әскери бөлім сарбаздары сап түзеп, рота бойынша алаңда салтанатты шерумен өтті.


Батыс Қазақстан