Руханият • 07 Мамыр, 2019

«Жетісу» телеарнасының алғашқы радиохабары әуе толқынына шықты

1093 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Алматы облыстық «Жетісу» телеарнасы өзінің 20 жылдық мерейтойын атап өту үстінде. Тұрақты көрермендеріне түрлі тосын сый әзірлеген телеарна бұған дейін дәстүрлі әншілердің концерті мен Халық әртісі Мақпал Жүнісованың жеке қайырымдылық ән кешін өткізіп, журналистер арасындағы футбол жарысын ұйымдастырған болатын. Ал бүгінен бастап әуе толқынына «Жетісу» телеарнасының радио хабары тарай бастады.

«Жетісу» телеарнасының алғашқы радиохабары әуе толқынына шықты

- Бүгіннен бастап эфирдеміз. «Талдықорғаннан сөйлеп тұрмыз», Жетісудан жаңалық жеткіземіз. Радио күні эфирге шығуды мұрат тұтып едік. Таңертеңгілік  «Шұғыла» хабары әуетолқынына шықты. Барлық радиожурналистерді бүгінгі мерекесімен құттықтаймын» - дейді белгілі ақын әрі радиожурналист Айнұр Төлеу.

«Жетісулықтар» дайындаған радио хабарлар енді  «99.9» жиілігі бойынша таралатын «Nostalgie FM» радиосының бағдарламасынан 4 сағат бойына беріледі. Болашақта телеарна жеке жиілік алып, дербес радио арнасына айналуды жоспарлап отыр.

Жалпы, Талдықорған аумағында жергілікті радио қызметі осыдан 22 жыл бұрын, облыстың таратылуымен бірге жабылған болатын. Ал «Жетісу» арнасының радиохабар тарата бастауы осы үзілген дәстүрді жалғап, тыңдармандардың тілегін орындау болмақшы.