Қазір аудандағы шаруа қожалықтары мал басын көбейтіп, егін шаруашылығын да өркендетіп отыр. Әсіресе жылыжай санын көбейтіп, жыл он екі бойы көкөніс өсіруге бейімделген диқандардың ісі берекелі. Соның бірі Саймасай ауылындағы «Абитов» шаруа қожалығы. Осы ауылға арнайы ат басын бұрған Мәжіліс депутаты Серік Үмбетов жылыжайдың жұмысын көзбен көрді. Алматы қаасына жақын орналасқан шаруашылық өндірген өнімін өткізуге қиналған емес. Бүгінде табиғи топырақта өсірілген балғын қияр мен қызанаққа сұраныс берушілер қатары өсе түскен екен. Осы «Абитов» шаруа қожалығы сауын сиыр ұстап, сүт те өндіреді. Ағарғанға да сұраныс бар. Демек, қожалық үшін табыс көзі тұрақты. Табыс бар жерде еңбек өнімділігі арта бермек.
Саймасай ауылындағы «Айдарбаев» шаруа қожалығының да тасы өрге домалап тұр. Шаруашылықта мал басын, оның ішінде сүтті сиырдың саны көбейіп жатыр. Дайын өнімді қалаға жөнелтеді. Тұрақты тұтынушылары бар. Екінші жағынан диқандар бау-бақша егістігіне көңіл бөліп отыр. Бұл да ақталатын еңбек.
Сапар барысында Серік Үмбетов өңірдегі «Assorti Rancho» шағын демалыс аймағын да аралады. Бұл отбасылық демалыс орталығы Саймасай ауылының дәл іргесіндегі айдынды көлдің жағасында орналасқан. Аты шағын болғанымен, көл жағасы арнайы келіп демалушылардан босамайды екен.
– Агротуризмді дамытуға өзімізше үлес қосып жатырмыз. Біздің басты мақсатымыз тынығуға келген адамдарға сапалы қызмет көрсету. Келушілер табиғи өнімге қызығады. Тұтынатын ет, сүт, көкөністің барлығын өзіміз өсіреміз ғой. Экологиялық таза өнім дегеніміз осы әрі демалуға келген адам дән риза болып қайтады, - дейді «Assorti Rancho» демалыс орнының басшысы Топжар Жамалбеков.
Алматы облысы