Аймақтар • 08 Мамыр, 2019

Солтүстік Қазақстанда «Әдеби өлкетану» жобасы таныстырылды

1044 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Сәбит Мұқанов атындағы ғылыми-әмбебап кітапханада Қазақстан Жазушылар одағы мен облыстық әкімдіктің «Әдеби өлкетану» бірлескен жобасы таныстырылып, қаламгерлермен кездесу ұйымдастырылды.

Солтүстік Қазақстанда «Әдеби өлкетану» жобасы таныстырылды

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қолға алынып, кең-байтақ қазақ жерінің әдеби мұрасын зерттеп, жарыққа шығаруды діттейтін жаңа жобаның мақсаты жайлы қаламгерлер Өмірзақ Мұқай мен Арман Әлменбет жан-жақты баяндап берді.

«Адамзат баласының тақымы алғаш атқа тиген Айыртау ауданын араладық. Тұнып тұрған тарих екен! Шоқанның қиялына қанат бітірген бір Сырымбеттің өзінен көптеген мағлұматтар алдық. Аузы дуалы ақсақалдармен, жалынды жастармен әңгімелестік. «Әдеби өлкетану» жобасы аясында жарық көретін басылымға осындай сүйекті тақырыптар қамтылады», деді «Парасат» журналының бас редакторы, жазушы Өмірзақ Мұқай.

Жаңа буын қаламгерлерінің өкілі Арман Әлмәнбет елдің шетінде, желдің өтінде тұрған, қазағынан қонағы басым өңірде тіл, діл мәселелеріне қатысты ой қозғады.  Жазушылар одағының жаңа жобасы туралы естіп, теріскейге әдейі сұраныпты. Мағжан, Сәбит, Ғабиттің ізі қалған сүрлеумен жүріп,  көп нәрсеге қанығыпты. Сапар барысында  Мағжанның туған ауылына барып, мұражайындағы құнды жәдігерлермен танысыпты.  Ол шығармашылыққа  арқау болар деректердің жеткілікті екенін айтты.

Кездесуге қатысқан «Память» қоғамдық қорының төрағасы Болат Сағындықов, ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Жангелді Тәжин, өлкетанушы Ахметжан Қуантаев Қызылжар өңірінің қасиеті туралы ой толғап,  қаламгерлерге өздерін мазалаған сауалдарын жолдады.

Солтүстік Қазақстан облысы