Аймақтар • 08 Мамыр, 2019

СҚО-да ауыз сумен қамту шаралары сын көтермейді

919 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Жыл аяғына дейін өңірдегі ауылдардың 62 процентіне таза тіршілік нәрін жеткізу міндеті тұр.

СҚО-да ауыз сумен қамту шаралары сын көтермейді

Бүгінде 255 елді мекенге  орталықтандырылған су құбырлары тартылмаған.  Яғни, ауылдықтардың  бестен бірі әлі сапалы ауыз суға зәру. Әкімдіктің отырысында есеп берген энергетика және ТҮКШ басқармасының басшысы Әділбек  Әубәкіров 2011-2018 жылдар аралығында 1,9 мың шақырым құбыр тартылып,  56 елді мекен қамтылғанын баяндады. Биыл бұл салаға 9,1 миллиард теңге бөлініп,32 елді мекенге су құбыры тартылады.

Алайда, қаражат қомақты болғанымен, игерілуі көңіл көншітпейтінін аймақ басшысы Құмар Ақсақалов атап көрсетті. Қажетті  жобалық-сметалық құжаттар баяу әзірленеді, сараптамалар уақытылы жүргізілмейді. 5 аудан  ғана жобалық-сметалық құжаттарды ұсынған.

«Көрсеткіш көңіл көншітпейді. Жұмыс қарқыны төмен. Аудан әкімдері жоғары жауапкершілік танытуы тиіс. Сондай-ақ қолданыстағы су тарату нысандарын сенімді басқаруға беру жайы да тиісті деңгейде атқарылмай келеді. 175 нысанның тек 92-сі ғана кәсіпкерлердің қарамағына берілген», деді Құмар Іргебайұлы.

Жиында  «Қызылжар су» және  «Петропавл жылу желілері» серіктестіктерінің жауапсыздығы да атап көрсетілді.  Бұл кәсіпорындар жаңадан асфальт төселген жерлерді қайта қазып, құбырларды алмастыруды тиісті орындармен келіспестен атқаратын көрінеді. Қазған жерлерді қалыпқа келтірмеу де әдетке айналып кеткен.

Қ. Ақсақалов осындай олқылықтар  қайталанатын болса, монополистерді жазалап, айыппұл салу керектігін қатаң ескертті.

Солтүстік Қазақстан облысы