Аймақтар • 09 Мамыр, 2019

Риддерде мамандар қат

1176 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Риддер қаласы әзелден металлургтерге құтты мекен саналады. Соңғы жылдары шаһардағы ке­­ніштерде өндірісті меңгеріп, тау қопарып, тас жарып, еселі еңбек етіп жүрген қаракөздердің қатары көбейіп келеді. Соның бірі – «Қазцинк» ЖШС-іне қарасты Риддер металлургия кешенінің қызметкері, Қызылорда облысы Шиелі ауданының тумасы Мақсұт Сейіткамал. Мақсұт 2014-2017 жылдары «Серпін» бағдар­ламасы арқылы Риддер аграрлық колледжін тәмамдады. Сол жылы бірден жұмысқа орналасты.

Риддерде мамандар қат

Өмірлік жары Алмагүл Әміреновамен осы оқу орнының қабырғасында танысып, көңіл жарастырып, шаңырақ құрды. «2017 жылы оқуды бітіріп, Көші-қон бағдарламасына кезекке тұ­рып, пәтер жалдауға субсидия ал­дық. 2018 жылы баспаналы бол­дық. Қазір өзіммен бірге туған інім Ұлан «Қазцинкте» жұмыс істеп жатыр. Риддерде тұрып жат­қанымызға 5 жылдай уақыт болды. Үйреніп қалдық. Ел жаққа барып тұрамыз», дейді Мақсұт.

2013 жылдан бері жұмыс күші мол, халқы тығыз қоныстанған өңірлерден (Алматы, Қызылорда, Жамбыл, Түркістан, Маңғыстау облыстары және Шымкент қала­­сы) Шығыс Қазақстанға, оның ішінде Риддер қаласына еңбек ресурстарын тарту жұмыстары бел­сенді жүргізіліп жатқаны бел­гілі. Осы уақыт аралығында «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» және «2017-2021 жыл­­­дарға арналған нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдар­ла­малары арқылы кеншілер ша­һарына 860 адам қоныс аударды (мұның 193-і – жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, 667-і – қоныс ауда­рушылар, оның 20-сы «Серпін» бағдарламасының түлектері). 170 отбасы мемлекеттік тұрғын үй қо­рынан пәтермен қамтамасыз етіліп, қалған бөлігіне бір жылға тұрғын үйді жалға алуға субсидия төленді. Батыс Алтайдағы ша­ғын шаһарға еліміздің әр та­рабынан мыңға жуық адам көшіп келсе де, әлі де мамандарға зә­ру­лік бар.

«Риддерге қоныс ауда­­­ра­мын деушілерге есігіміз ашық. 283 жұмыс орны бос тұр. Бізге негізінен мұғалімдер мен дә­рігерлер керек. Өйткені қа­зір қалада жұмыс істеп жүрген мұғалімдердің 60 пайызы зейнеткерлер. 40-тан астам адам зей­неткерлік жасқа жақындап қал­ды. Дәрігерлер де солай, олардың 30 пайызы зейнеткерлер», дейді қала әкімі Жомарт Мұратов.

Риддер қалалық Жұмыспен қамту орталығының директоры Әсет Ерсайынов 2013-2019 жылдар аралығында шаһарға 66 мұғалім, 45 медицина қызметкері (оның 12-сі дәрігер), 294 әртүрлі мамандық иелері (маркшейдерлер, жүргізушілер, электр газымен дәнекерлеушілер, металлургтер, геологтар, кеншілер, бағ­дарламашылар, т.б) келгенін, 7 адам қайта даярлау курсынан өтке­нін, 3 адам жаңа бизнес-идея­­ларды іске асыру үшін грант алғанын айтады. «Біз Рид­дерге қаламызда сұранысқа ие мамандарды шақырамыз. 2019 жылы 35 отбасын (105 адам) қо­ныстандыру жоспарланып отыр. Бүгінгі таңда 20 отбасы (47 адам) қоныс аударды», дейді ол.


Шығыс Қазақстан облысы,

Риддер қаласы