Спорт • 09 Мамыр, 2019

Ат спорты кешені ашылды

1463 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Батыс Қазақстан облы­сының Ақжайық ауданында «Құлагер» ат спорты кешені ашылды. Осы өңірде үйір-үйір жылқы айдаған белгілі кәсіпкер Болат Аткеевтің бастамасымен ұйымдастырылған кешен ұлттық ат спортын дамытып, келушілердің мәдени демалысын ба­йытуға, сондай-ақ иппо­те­рапиялық қызмет көр­сетуге ден қойып отыр.

Ат спорты кешені ашылды
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы қоз­ғау салған осы бастаманың салта­натты тұсаукесер шарасына облыс әкімінің орынбасары Миржан Сатқанов, Ақжайық ауданының әкімі Қалияр Айтмұхамбетов арнайы қатысты.

– Қазақ үшін жылқының орны ерекше. Тарихымызға көз салсақ, бабаларымыз осынау ұлан-ғайыр атырапты ат үстінде жүріп қорғап қалған. Бүгінгі буын бабадан қалған мұ­раға адалдық танытып, ат­қа міну мәдениетін үйреніп жат­­қаны қуантады. Жастар жылында балауса толқынды тәлім-тәрбиеге баулып жат­қан ақжайықтықтардың бұл бастамасы көпке үлгі. «Құ­ла­гер» ат спорты кешені – об­лы­сымыздағы осындай бесінші ат спорты мектебі. Ауданның бас­қа да округтерінде ат спорты үйір­мелерін ашу қолға алынып жатыр екен. Ер­жүрек те елжанды ұрпақ тәр­биелеудегі бастамаларыңыз баянды болсын, – деді Миржан Мұнайдарұлы.

Жаңа кешенде ұрпақ санасына ұлттық құндылықтар сіңіріліп, атадан балаға мирас болған көкпар, қыз қуу, тең­ге ілу, аударыспақ сынды халық­тық ойындарды дамыту қолға алынбақ. 

– Бізге қазірдің өзінде 30-ға тарта балғын спортшы тір­келді. Оларға аттарымыз да дайын. Атқорамызда 5 бәй­ге аты, көкпарға арналған 20 ат, серуендеуге арналған 5 қыл­құй­рық бар. Білікті екі бап­­керіміз де сақадай сай. Біраз жыл бұрын құрылған «Құлагер» көкпар командасы талай жерде олжа салып жүр. Сол шабандоздардың ізін басатын жас спортшыларды дайындамақпыз. Бәйгеге қосатын шабандоздарымыз бір төбе. Сонымен қатар кешенде сал ауруына шалдыққан балаларға арналған атпен серуендеу – иппотерапия үйірмесі қыз­мет көрсетеді. Бұл жерге кез келген адам келіп, ақы тө­леп атпен серуендеуіне де бо­ла­ды. Демалыссыз жұмыс істейді, – дейді кешеннің ат­қарушы директоры Нұралы Кен­жемұрат.

Ашылу құрметіне орай ұйым­дастырылған «Ұлы дала ойын­дары» облыстық ашық турнирі жоғары деңгейде өтті. Көкпар, тай жарыс, құнан жарыс, аударыспақ, теңге ілуден болған бәсекелер тартысты болды. Болат Аткеевке Ақжайық ауданы әкімінің алғысхаты табысталды.


Батыс Қазақстан облысы