Көршіміз Ресейдегі заң бойынша Екінші дүниежүзілік соғыс басталған кезде, яғни 1928-1945 жылдары КСРО-да тұрған азаматтарды соғыс балалары категориясына жатқызып, әлеуметтік жәрдемақы тағайындады: олардың ай сайынғы зейнетақысына 15 айлық есептік көрсеткіш көлемінде әлеуметтік жәрдемақы, қалалық көлікте тегін жол жүру билеті, бағасы жеңілдетілген медициналық көмек және жерлеу шығындарына өтемақы беріледі.
2015 жылы Парламентте соғыс жылдары дүниеге келген балаларға жәрдемақы беру мәселесін көтерген сенатор Қуаныш Айтахановтың ұсынысы Үкімет тарапынан қолдау таппады. Үкіметтің ұстанымы – «қазақ жерінде соғыс өрті болған жоқ. Сол себепті соғыс балаларының мәртебесін заң шеңберінде белгілеп жатқан елдердің тәжірибесі бізге үлгі емес».
2015 жылдан кейін бұл мәселені үкіметтік деңгейде көтергендер Үкіметте де, Парламентте де бой көрсетпеді.
«Ресейде 1928-1945 жылдар аралығында туған азаматтар бұл санатқа кіреді: Олардың алды сексеннен асып, қатары сиреп қалды: Ай сайынғы зейнетақысы қосымша төленетін жәрдемақы үшін бюджеттен қосымша қаржы бөлуге мүмкіндік бар», дейді Қуаныш Айтаханов.
Қ.Айтаханов соғыс қарсаңында дүниеге келген балалардың ауыр тағдырын Дулат Исабеков, Төлен Әбдіков бастаған әдебиеттегі бес жетімнің жазғандарына қарап бағалауға болмайтынын айтады: Олардың жазғандары – КСРО цензурасының сүзгісінен өткендері ғана. Өтпей қалған деректер тарих түбіне шөгіп кетті.
«Бізге бұл мәселені көтеретін кез келді: енді қолға алмасақ, ертең кеш. Тым болмаса, өмірлерінің соңғы жылдарында ұрланған балалық шақтарының өтемақысы қаржылай түрде берілуі тиіс», дейді Қ.Айтаханов.
Жақында Беларусь БАҚ-ы соғыс ардагерлерінің қатары жыл өткен сайын азайып бара жатқанын, енді Екінші дүниежүзілік соғыс тарихының жаңа жылнамасы басталатынын, оның басты кейіпкерлері тылда жұмыс істеген еңбек адамдары мен соғыс жылдарындағы балалар болатынын айтыпты.
«Олардың алаңсыз өмірін, балалардың балалық шағын соғыс ұрлады. Біз олардың Отан алдындағы еңбегін ұмытпауымыз керек» дейді олар. Біздің жерді де соғыс өрті шарпыған жоқ деп ешкім айта алмайды. Соғыс жалыны Атырау, Оралға да жеткенін айғақтайтын деректер көп.
2018 жылдың 1 сәуіріне дейінгі мәлімет бойынша Қазақстанда 2067 соғыс ардагері қалды. 2016 жылы олардың қатары 6 мың болатын: Айналасы үш жылдың ішінде ардагерлеріміздің жартысынан көбі келместің кемесіне мініп, біз тұрған жағалаудан алыстап кетті. Бұл өмір! Біз қаласақ та, қаламасақ та енді аз ғана уақытта Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысты тарихтың бізге белгісіз екінші парағы ашылады.
Соғыс жылдарында біздің жерде 460 зауыт шұғыл жағдайда іске қосылды. Бұл дерек те қазақ даласында қолына күрек ұстауға шамасы келетін, жетідегі бала мен жетпіс жетідегі қарияның еңбек армиясына тартылғанын дәлелдеп тұр. Бірақ күні бүгінге дейін айтылмай келген соғыс ақиқаты бізде де жетеді.
Негізінен, олар – «соғыс балалары». Қазір бізде мұндай дәреже жоқ. Бізде мұндай ұғым Төлен, Дулат, Қалихан, Асқар, Әбіштердің шығармаларында ғана айтылады. Бердібек Соқпақбаев «Өлгендер қайтып келмейді» шығармасы арқылы соғыс балаларының тұлғасын сомдап кетті.
Қазақ әдебиетіндегі жеті жетімнің бірі – Төлен Әбдік бізбен әңгімесінде ХХ ғасыр басындағы ашаршылық, содан кейінгі қуғын-сүргін жылдарының салмағы соғыс балаларының санасында таңбаланып қалғанын айтады. Мұның өтемінің салмағы ауыр. «Кешегі өткен Шерхан Мұртаза «1920-1930 жылдары туғандардың аман қалғандарының өзі сәттілік» дегенді жиі айтатын. Олардың тең жартысы аштан өлді, сүйегі айдалада шашылып қалды. Олардың талайына соғыс қана емес, 1933-1953 жылдардағы қуғын-сүргін де ауыртпалық таңбасын салды», дейді Т.Әбдік.
Ол қазақ даласында соғыс қимылдары болған жоқ. Сол жылдары туған балаларды соғыс балаларына теңестірудің қажеті жоқ деген пікірге қосылмайтынын кесіп айтты. «Соғыс жылдарында 10-15 жастағы аға-апаларымыздың еңбек армиясына тартылғанын аналарымыздан естідік. Олар мылтықсыз майданның алдыңғы шебінде жүрді. Мәселені «соғыс қимылдары болған жоқ» деген тар өлшеммен өлшеуге болмайды», дейді.
Төлен Әбдік Екінші дүниежүзілік соғыс адамзат үшін ұмытылмайтын ұлы қасірет екенін тілге тиек етті. Өткенге тағзым – бейбіт күннің қадірін еселеп арттыратын ұғым. «Уақыт өткен сайын соғыс тарихының жаңа беттері ашылады. 1945 жылдың жазында Алматының көшелерінде қол-аяғынан айырылған, үй-күйсіз жүрген соғыс мүгедектері көп кездесетін. Басым көпшілігі Алматының алғашқы қысынан аман қалмады дейді. Соғыс жесірлері туралы драма да соғыстың айтылмаған ақиқаты. Соғыс балаларының тағдыры да соның бір парағы. Бұл мәселені бүгін қолға алмасақ, ертең кеш қаламыз. Ресей Украина азаматтарын түрлі жеңілдіктер арқылы өздеріне тартып жатыр. Бүгін қолға алмасақ, бізге де жетуі мүмкін. Әзірге бұл жеңілдік ресейлік азаматтарға тиесілі, күні ертең ес жиып алған соң алыс-жақын көршілеріне ұсынуы мүмкін. ЕАЭО елдерінде қолданыстағы заңдарды унификациялау (бірегейлендіру) туралы жиі айтылып жүр. Біз бұл мәселені ЕАЭО шеңберінде шеше аламыз», дейді қаламгер.
АЛМАТЫ