Қазақстан • 09 Мамыр, 2019

Екіжақты келісім ратификацияланды

1090 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Кеше Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулиннің төраға­лығымен палатаның кезекті жалпы отырысы болып өтті.

Екіжақты келісім ратификацияланды

Онда үш мәселе қаралды. Соның ішінде Қазақстан мен Литва арасында бас бос­тан­дығынан айырылған адамдарды және медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шаралары қолданылған адамдарды беру және қайтару туралы шартты ратификациялау туралы заң жобасы қаралды. Заң жобасы туралы негізгі баяндаманы Бас прокурордың орынбасары Марат Ахметжанов жасады.

Бұл шарт соттың шешімімен бас бостандығынан айырылған және медициналық мәжбүрлеу шаралары қолданылатын адамдарды беру туралы. Шартқа 2018 жылғы 24 сәуірде Вильнюс қаласында қол қойылған. Осы құжатқа сәйкес Литва соты Қазақстан азаматын бас бостандығынан айырса немесе мәжбүрлеп емдеу жазасын белгілесе оның жазасын өтеуі үшін елімізге қайтара аламыз. Қазақстанда сотталған Литва азаматтары да осы тәртіппен қайтарылады. Шарттың талабы бойынша жазасын өтеуге берілуі үшін сотталған адамның немесе оның заңды өкілінің келісімі керек. Сонымен бірге екі ел де сотталған азаматтың іс-әрекетін қылмыс деп тануы керек. Сондай-ақ шартта сотталғандардың берілмеу тәртібі де қарастырылған. Егер сотталғандарды қайтару елдің егемендігіне, қоғамдық тәртіпке нұқсан келтіретін болса, ұлттық заңнама мен мемлекет мүддесіне қайшы болса, сондай-ақ сотталған адам келтірген залалын өтемеген болса, онда сотталушы берілмейді. Осындай келісімдерге Қазақстан бұрын 18 елмен қол қойған. Бірақ Литва елімен жасалған мына келісімнің бір ерекшелігі бар. Мұнда Литва тарапының ұсынысымен сот- медициналық мәжбүрлеу шараларын белгілеген азаматтар да қайтарылады.

Жалпы келісім үш халық­аралық конвенция шеңберінде жасалған. Баяндама аяқталған соң сұрақ беру рәсімі басталып, депутат Б.Жылқышиев Лит­вамен жасалған шартта ғана медициналық сипат­тағы мәжбүрлеу шаралары бел­гіленген адамдарды беру және қайтаруға келісілді, басқаларда ол неге жоқ деген сұрақ қойды. Оған халықаралық конвенцияға сәйкес медициналық мәжбүрлеу шаралары белгіленген адамдарды бұрын да қайтаруға болатын. Сондықтан біз оны бұрын нақты көрсетпеген едік. Ал Литва тарапы осындай ұсыныс жасаған соң оны келісімге енгіздік деп жауап берді М.Ахметжанов.

Депутат Құдайберген Ер­жан: Қай­тару туралы өтінішті қыл­мыс­кердің жұбайы бере алады делінген. Ал біздің Қылмыстық кодексте сұрау салуды жасау құқы сотталған адамдардың жақын туыстарына берілген. Ал жұбайлар мен зайыптар жақын туыстар қатарына енбейді. Сонда қылмыскердің жұбайлары қандай заңға сүйеніп сұрау жасай алады деп сұрады депутат. Оған ратификацияланудан өткен халықаралық шарттардың дәрежесі біздің ұлттық заңнамамыздан жоғары. Сондықтан халықаралық шарт­тарға сүйеніп қылмыскердің жұбайы сұрау сала алады деп жауап берілді.

Депутат Геннадий Ши­повских беру мен қайтару туралы келісімге қол қойылса да қайтарылмаған сотталушылар бар-жоғын сұрады. Оған біздің еліміздің мүддесіне нұқ­сан келтіріліп, өтелмеген шығындары болса, ондай сотталушылар қайтарылмайды, деген Бас прокурордың орынбасары биыл ғана екі Ресей және бір Қырғызстан азаматын қайтарудан бас тартылғанын айтты. Өйткені олардың келтір­­ген шығындары өтелмеген екен.

Заң жобасы бойынша қо­сымша баяндаманы депутат Асылбек Смағұлов жасап, заң жобасын қолдау жөнінде ұсыныс түсірді. Шағын талқылаудан кейін заң жобасы мақұлданып, Сенаттың қарауына жіберілді.

Бұдан басқа кезекті жалпы отырыста Мәжіліс қаржы нарығын реттеу мен дамыту және микроқаржылық қызмет мәселелерін, сонымен бірге, жұмылдыру дайындығы мен жұмылдыру мәселелері бойынша түзетулерге қатысты заң жобаларын жұмысқа қабылдап, олар туралы қорытынды әзірлеу мерзімдерін белгіледі. Күн тәртібіндегі мәселелер қаралып болған соң Мәжіліс депутаттары Б.Смағұл, К.Мұсырман, З.Аманжолова, Р.Ким, Н.Әлтаев құзырлы мемлекеттік органдарға депутаттық сауалдар жолдады.