Қазақстан • 09 Мамыр, 2019

Әзірлік талапқа сай

865 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Өңірде Қазақстан Республикасы Президенттігіне кан­ди­дат­тардың штабтары құрылып, 9 маусым күні өтетін кезектен тыс сайлауға әзірліктері пысықталып жатыр.

Әзірлік талапқа сай

Басты мақсатымыз – саяси науқанның заң талаптарына сай өтуін қамтамасыз ету. 11 мамырдан басталатын сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарына белсене кірісетін боламыз. Кан­дидатты қолдауға 10 мыңнан астам қол жи­налып, 26 сәуірде аяқ­талға­нын айта кеткім келеді, деді сөйлес­кенімізде президенттіккке үміт­кер Қасым-Жомарт Тоқаевты қолдау жөніндегі аймақтағы қоғамдық штабтың жетекшісі Владимир Бубенко.

Оның айтуынша, Nur Otan партиясы қалалық, аудандық филиалдарының сенімді өкілдері қажетті әзірліктерден өткен. Штабтың құрамына облыстың құрметті азаматы Құдайберген Қалиев, «Зенченко және К» командиттік серіктестігінің бас директоры, облыстық мәслихаттың депутаты Геннадий Зенченко, партия ардагері Иван Чиркалин, кәсіпқой бокстан әлем чемпионы Жанат Жақиянов секілді танымал тұлғалар тартылған. Барлығы 200-ден астам белсенді жұмылдырылған. Сәуірдің 15-і мен маусымның 7-сі аралығын қамтитын кешенді жұмыс кестесі түзіліп, еңбек ұжымдарымен кездесулер, түрлі акциялар мен форумдар өткізу белгіленген. 1300-ден астам нұротандықтар сайлауалды үгіт-насихат жүргізу шараларына араласып, барлық сайлау учаскелерін баратын болады.

«Елбасының стратегиялық ба­­ғыты жалғасып, әлеуметтік бағ­­­дар­­ламалар дәйектілікпен орын­да­лып келеді. Мен әр сол­түстік­қазақ­стандықтың азамат­тық белсен­ділік танытуына ша­қырамын. Адал, ашық, әділ сайлау өткі­зу – өз қолымызда», дей­ді ел азаматы Құдайберген Қа­лиұлы.

Бүгінде облыста 600-ден аса сайлау учаскесі құрылған.

Өңір жұртшылығына алдағы сайлау барысын қо­ғамдық қа­да­ғалауға негізделген «Ама­нат» азаматтық тұғырнамасы да таныстырылды. Арнайы топ мү­шелері еңбек ұжымдарында кездесулер өткізіп, құқық, әділдік пен ашықтықты қамтамасыз ету, ынтымақтастық және дайындық шараларын ортаға салды. «Аманат» қазақстандықтардың тәуелсіз ерікті бірлестігі саналады. Сайлаудың негізгі бес бағыты бойынша мониторинг жүргізіледі. Бәсекелестіктің тең болуы, ешкімге артықшылық берілмеуі, ақпараттардың, сайлау учаскелерінің қолжетімділігі басты назарға алынады, деген «Қызылжар» білім орталығының жетекшісі Жанат Мұхамеджанов сайлау өтетін әр учаскеде ұйым атынан бір адам өкілдік ететінін жеткізді. Команда құрамына журналистер, сарапшылар, қоғамдық ұйым өкілдері іріктеліп, оқу тренингтері ұйымдастырылмақ.

Сайлау барысын қадағалауға жергілікті заң консультанттары тәуелсіз палатасының басқарма төрағасы Евгений Кинцел де атсалысқалы отыр.


Солтүстік Қазақстан облысы