Аймақтар • 09 Мамыр, 2019

Қоғамдық штаб ашылды

911 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Алдағы Президент сайлауында Nur Otan партиясынан сайлауға түсетін кандидатты қолдау үшін Nur Otan партиясының Шымкент қалалық филиалында қоғамдық штаб құрылды.

Қоғамдық штаб ашылды

Штаб жұмысын партия филиалы төр­ағасының бірінші орынбасары Б.Нарымбетов басқаратын болды. Осыған орай, тарихи сайлау науқанының жұмысын өңірлерде белсенді ұйымдастыру мақсатында партия филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бахадыр Нарымбетов арнайы брифинг өткізді.

Жиында Бахадыр Мәдәліұлы жаңа құрылған қоғамдық штабтың негізгі міндетіне тоқталып, Қазақстан Республикасы Президенттігіне кандидат Қасым-Жомарт Тоқаевты сайлау науқаны кезінде қолдап, оның сайлау алдындағы бағдарламасын түсіндіру бойынша насихат жұмыстарын жүргізуді тапсырды.

«Партия алдағы сайлауға дайындық жұмыстарын аяқтады. Үгіт-насихат жұмыстарын заң талаптарына сай, барлық күш-жігерімізді сала атқарамыз деп ойлаймын. Үгіт-насихат жұмыстары 11 мамыр күні кешкі сағат 18:00-ден кейін басталып, 7 маусымда аяқталады. Бұл аралықта 475 іс-шара ұйымдастыру жоспарланып отыр», деді қалалық қоғамдық штаб жетекшісі.

Штаб құрамына қаладағы мемлекеттік мекеме, қоғамдық ұйым, этномәдени орталықтардың өкілдерінен құралған 86 адам мүше болды. Сонымен қатар 43 мобильді үгіт тобы құрылып, ондағы белсенділер 11 мамырдың кешінен бастап жаңа кандидаттың саяси науқан алдындағы бағдарламаларын нәсихаттауға бағытталған іс-шараларға белсенді қатыспақ.

Әрі, штаб құрамында үгіт-насихат науқаны кезінде өткізілетін барлық іс-шараларды ақпараттық қамтамасыз ететін арнайы баспасөз қызметі де жұмыс істейді.

Бұдан бөлек штаб құрылымында Қоғамдық қабылдау бөлмесі жұмыс істеп, онда кандидаттың сенімді өкілдері азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдап, түскен ұсыныстар мен тілектердің сараптамасы негізінде қоғамдық пікірдің мониторингін жүргізеді.


ШЫМКЕНТ