Аймақтар • 09 Мамыр, 2019

Жамбыл өңірінде Ұлы Жеңіс мерекесі аталып өтті

1661 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

9 мамыр – Ұлы Жеңіс мерекесі Әулиеата өңірінде кең көлемде аталып өтті.

Жамбыл өңірінде Ұлы Жеңіс мерекесі аталып өтті

Әуелі Ұлы Отан соғысының қаһармандары Ағаділ Сухамбаев, Ыбырайым Сүлейменов ескерткіштеріне, Тараз қаласындағы «Қарасу» ықшамауданындағы ескерткішке, Зоя Космодемьянская, Тайыр Тастандиев ескерткіштеріне, сонымен қатар «Құмшағал» аймағындағы ескерткіш пен «Қант зауыты» кентіндегі обелискіге гүл шоқтары қойылды. Майдан көрген қариялар мен еңбек ардагерлері, сонымен қатар жастар Жеңіс күнін жақындатқан жауынгерлердің рухына тағзым етіп, ерліктерін еске алды.

Бұдан кейін «Қаһарман ұлт – Бессмертный полк» шеруі Кеңес Одағының Батыры Ағаділ Сухамбаев ескерткішінен Дінмұхамед Қонаев көшесі мен І.Жансүгіров көшесі арқылы Бауыржан Момышұлы саябағындағы «Ерлік» мемориалды кешеніне дейін жүріп өтті. Шеруге 2000-нан астам Тараз қаласының тұрғындары қатысты. Ұлы Жеңіс күні мерекесіне орай, аталған саябақтағы «Мәңгілік алауға» және даңқты батыр Бауыржан Момышұлының ескерткішіне салтанатты гүл қою рәсімі өтті.

Өткен жылы Ұлы Жеңіс күні жамбылдықтардың есінде мәңгілік естелік болып қалғаны шын. Тараз қаласындағы бұрынғы «Жеңіс» саябағы қайта жаңғыртылып, Бауыржан Момышұлы саябағы болып аталды. Сонымен қатар, аталған саябақтан «Ерлік» мемориалдық кешені ашылып, «Даңқ» аллеясы бой көтерді. Бауыржан Момышұлының ескерткіші орнатылды. Ал, биыл Ұлы Отан соғысында ерліктің өшпес өнегесін көрсеткен ардагерлерге арналып «Даңқ» залы ашылды. Залдың ашылу салтанатында Ұлы Отан соғысының ардагері, Жамбыл облысының құрметті азаматы Тілеуқабыл Төребекұлы, Еңбек ардагері Анатолий Пантелеймонович, Бауыржан Момышұлының келіні Зейнеп Ахметова, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының иегері, ғалым Мекемтас Мырзахметұлы сөз сөйледі. Айта кетейік, «Даңқ» залының эскиздік жобасын «Archi-Grup» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі әзірлеген болатын. Аталған мұражай Бауыржан Момышұлы атындағы «Жеңіс» саябағында орналасқан және жалпы аумағы 16 гектарды құрайды. Нысанға жер шарының 80 пайызын қамтыған Ұлы Отан соғысы мен Ауған соғысы жылдарын бейнелейтін экспонаттар қойылған. Аталған мұражай 1939 жылдың 1 қыркүйегінен басталып 1945 жылдың 2 қыркүйегінде аяқталған қан майданнан көрініс беретін, мол мағлұматтар алатын ордаға айналып, жастарға өнеге беретін ордаға айналады. Сонымен қатар, «Бауыржантану» орталығы да осы мұражайда орналасатын болады. Ал, Ұлы Жеңіс мерекесі күні ардагерлер мен тыл еңбеккерлеріне арналып «Солдат ботқасы» дастарханы жайылып, концерттік бағдарлама ұйымдастырылды.

Ұлы Жеңіс әрбір майдангердің ерлігін айғақтайтын ұлы күн. Сол бір қаралы жылдары Жамбыл облысынан қан майданға 120 мыңнан астам жауынгер аттанған екен. Тағдырдың жазуымен 32 мың жауынгер туған топырағына оралған жоқ. Енді сол бір алмағайып заманда Отан үшін от кешкен, шаһит болған батырларды еске алу, олардың ерлігін дәріптеу бүгінгі ұрпақтың міндеті. Майданда ерен ерлік көрсеткен 39 жамбылдық Кеңес Одағының Батыры атанса, 9 жерлесіміз «Даңқ» орденінің толық иегері атанды. Бүгінгі таңда 75 ардагер ортамызда жүр. Ұлы Жеңіс мерекесі қарсаңында Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметов әрбір майдангердің үйінде болып, оларды мерекесімен құттықтаған болатын. Сонымен қатар, жамбылдықәрбір майдангерге 300 мың теңгеден берілді.

 

Жамбыл облысы