Аймақтар • 09 Мамыр, 2019

Оралда жеңіс күні аталып өтті

1427 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Орал қаласында 1941-1945 жылғы Ұлы Отан соғысындағы жеңістің 74 жылдығы салтанатпен аталып өтті. Мыңдаған халық Жеңіс алаңындағы Мәңгілік алауға гүл қойып, майдангерлер рухына құрмет көрсетті.

Оралда жеңіс күні аталып өтті

Бұл күні шаһардың бас көшесінде «Батырларға тағзым – Бессмертный полк» ұранымен өткен шеруге мыңдаған адам қатысты. Жұбан Молдағалиев гүлзарынан Мәңгілік алауға дейін соғыс жылдарының әндерін шырқап өткен тұрғындар қолдарына майдангерлердің суретін ұстаған.

Жеңіс мейрамына арналған салтанатты шараға Орал қаласындағы 5517 әскери бөлім жауынгерлері де қатысты. Жедел қимыл батальонының 200-дей сарбазы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын және жеңіс туының көшірмесін салтанатпен алып өтті. Бұл топты әскери бөлім командирінің орынбасары майор Мэльс Дулатбаев бастап жүрді.

Мәңгілік алау басында болған салтанатты жиында Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгінов жеңімпаз аға ұрпаққа арнап сөз сөйледі.

– Бүгін Ұлы Жеңістің 74-інші жылын атап өтудеміз. Бұл мейрамды ардақты ардагерлеріміз бен тыл еңбеккерлері бізбен бірге қарсы алуда. Бейбіт күніміздің қадірін олардан артық кім біледі?! Бұл мейрамның қадір-қасиетін келешек ұрпаққа аманат ету – біздің парызымыз. Өйткені, Ұлы Жеңіс ата-бабаларымыздың ерен ерлігі мен есіл еңбегінің арқасында келді. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Екінші дүниежүзілік соғыс туралы біздің және бүкіл ТМД халықтарының Ұлы Отан соғысында жеңіп шығуы үшін қандай ұлы құрбандықтарға барғаны әрбір жаңа буынды тәрбиелеудің тақырыбы болуы керек» деп атап көрсетті. Тәуелсіздік жылдарында қол жеткен жетістіктердің барлығы Ұлы Жеңістің жемісті жалғасы. 1941-1945 жылдар аралығында Ұлы Отан соғысына Ақ Жайық өңірінен 80 мыңға жуық азамат аттанды. Қан майданда ерліктің ғажап үлгісін көрсеткен олардың жартысы ғана елге оралды. Батысқазақстандық 43 азамат Совет Одағының Батыры атағын иеленді. Алты жерлесіміз Даңқ орденінің толық кавалері атанды. Еңбектеген баладан еңкейген қарияға дейін «Барлығы майдан үшін, барлығы Жеңіс үшін» деп еңбек етті. Ақ Жайық тұрғындары да майдан шебіне жылы киімдері мен азық-түлік, қару-жарақ жіберді. Біздің өңірімізде күндіз-түні жеті әскери госпиталь жұмыс істеді. Сұрапыл жылдарда елге адал қызмет етудің үлгісін көрсеткен аталарымыз бен әжелеріміздің ерлігі қашан да ел есінде. Аға буынның ардақты ісін кейінгі ұрпақ лайықты табыстармен жалғастырады деген нық сенім бар. Осы тұрғыда Жеңістің қадір-қасиеті күннен-күнге артып, мазмұны тереңдей түспек. Еліміздің ұйытқысы әрі жас ұрпақтың ақылшысы болып отырған ардагерлердің ерлігін құрметтеу – баршамыздың ортақ міндетіміз, – деді өңір басшысы.

Бұл күні мерекелік шаралар облыс орталығының әр жерінде өтті. Мәншүк, Әлия және Хиуаз бейнеленген «Қазақ халқының даңқты қыздары» атты ескерткіш кешенге, Бауырластар зиратына, Совет Одағының батыры Темір Масиннің ескерткішіне, Мәңгілік алау кешеніндегі майдангерлер тізіміне гүл шоқтары қойылды. Орал қалалық орталық саябағында «Солдат ботқасы» дайындалып, ардагерлерге сый-құрмет көрсетілді.


Суретті түсірген Темірболат ТОҚМӘМБЕТОВ

Батыс Қазақстан