Бауыржан мен Мәлік немесе қан майданда шыңдалған достық
Сәрсенбі, 13 ақпан 2013 7:11
1942 жылдың ақпан айы. Түкірігің жерге түспейді. Бауыржан басқарған полк бір түннің ішінде Трошков, Трахово, Коншино, Барклавица, Кашина, Бородино деген алты қыстақты немістерден тартып алды. Соғыс тарихында бір бекіністің қолдан-қолға бірнеше рет көшетіні қайталанатын жәйт. Мұны білетін Баукең қорғанысты күшейтуді ойластырды. Неге десеңіз, бұлар үшін де әлгі қыстақтардың маңызы күшті болатын. Тоғыз жолдың торабы еді олар.
Сәрсенбі, 13 ақпан 2013 7:11
1942 жылдың ақпан айы. Түкірігің жерге түспейді. Бауыржан басқарған полк бір түннің ішінде Трошков, Трахово, Коншино, Барклавица, Кашина, Бородино деген алты қыстақты немістерден тартып алды. Соғыс тарихында бір бекіністің қолдан-қолға бірнеше рет көшетіні қайталанатын жәйт. Мұны білетін Баукең қорғанысты күшейтуді ойластырды. Неге десеңіз, бұлар үшін де әлгі қыстақтардың маңызы күшті болатын. Тоғыз жолдың торабы еді олар.
Түнімен жол жүрген Баукең кірпіктерін айқастыра бастаған-ды. Кенет бытырлай атылған автомат, пулемет дауыстары естіліп, маңайға шып-шып етіп оқтар жауа бастады.
– Апыр-ай, қапыда қалмасақ жарар еді. Күзетшілер жаудың келіп қалғанын қалай байқамады екен, – деп ілгері жаққа көз жіберген Баукең қарсы шабуылға шыққан қарақұрым жау тобын көріп қалды. Ұшып тұрып команда берейін десе, бораған оқ бас көтертер емес. Жанындағы батальон комиссары Гусев ауыр жараланып, құлап түсті. Баукең оның аузынан қан кетіп жатқанын көріп, басын сүйеймін деп еді комиссар: «Маған қарама, соғысты басқара бер, қымбаттым», деді әрең-әрең сөйлеп.
Кенет оның қырағы көзі үйлерді тасалай, бұқпантайлай жүгіріп келе жатқан кісіге түсті. Тани кетті. Мәлік екен, жүрегі жылып, бойына ыстық қан жүгіргендей болды. Қайдан шыққаны да белгісіз. Ешнәрсеге қарар емес. Құстай ұшып, команда беріп барады. Оның дауысы шығуы мұң екен, оң жақтағы күртік окоптардан әуелі біреу, одан кейін бес-алты, ал олардың соңынан тұтас автоматшылар ротасы дүркірей көтерілсін кеп. Уралаған топ біздің әскерлер шебіне жақындап келіп қалған немістерді оқты қарша бората қарсы алды. Таң алдындағы осы қанды шайқасты тілмен айтып жеткізу қиынның қиыны еді. Өліспей беріспейтін екі жақ та әп-сәтте араласты да кетті. Бұл кезеңді пайдаланған кейінгі жауынгерлер де ес жиып, алға ұмтылған еді. Атылған мылтық, қоян-қолтық алысқан жауынгерлер, айқай-шу, ыңырана құлап түсіп жатқан адамдар…
Немістер қолма-қол айқасқа шыдай алмай өлгені өліп, тірі қалғандары кейін шегіне қашқанда таң да әбден ағарып атқан еді. Алты қыстақ та бұлардың қолында. Өрекпіген жаудың бетін қайтарған жауынгерлер өздерінің бекіністеріне қайтып жатыр. Осы қанды қырғынды жаралы күйінде өз көзімен көріп жатқан батальон комиссары Гусев әрең-әрең сөйлеп:
– Ғабдуллин жарады, полкты сақтап қалды. Ғабдуллинді батырлыққа ұсыну керек, – деп бірнеше қайталады. Інісі Мәліктің дәл осы жолы қайталанбас ерліктің үлгісін көрсеткенін Баукеңнің өзі де біліп, көзі көріп тұрды. «Жау жаналқымнан алып, оқыстан тигенде Мәлік болмағанда, – дейді ол. – Тірі ме екен өзі… Жігіт болса осындай болсын. Оған еріп, жауға қарсы алғаш жалғыз өзі атылған сұңқар кім екен?». Баукең адъюдантын осы деректерді біліп келуге жұмсады. Ол жүгіріп кетісімен қыстақ бойындағы көшелердің бойымен ақырын аяңдап келе жатқан Мәлік көрінді. Жас сұңқар аяғын әзер-әзер басып, ілбіп келеді. Бірақ, жүзінде жылылық, қуаныш, тіпті күлкі нышаны байқалатын сияқты.
– Қалай тірі қалғансың? – деді Баукең інісінің алба-жұлба үстін көріп.
– Құдай білсін, – деп ол екі иығын қушитады.
– Немістерге қарсы алғаш атылғандар кімдер?
– Біздің ротаның жігіттері ғой. Топты бастаған Төлеген Тоқтаров деген батыр.
Міне, бұл – Бауыржан Момышұлы мен Мәлік Ғабдуллиннің неміс басқыншыларына қарсы қоян-қолтық соғысының бір көрінісі. Олар мұндай қанды шайқастың талайын басынан өткізді. Екі ер бір-бірінің батырлығына қатты сүйсінді, риза болысты. Оны Мәлік аға батыр атағын алғанда Баукеңнің:
Ел күйзелген кезінде,
Ерлік еткен бауырым.
Жау жағадан алғанда,
Батырлық еткен бауырым.
Құтты болсын айтамын,
Шын жүректен Мәлігім, – деп тебірене білдірген лебізінен айқын аңғарамыз. Ал Мәлік аға болса, Баукең 1942 жылы бір шайқаста үлкен ерлік көрсетіп, «Қызыл Ту» орденін алғанда мынандай хат жазған екен. Оны майданда бірге болған қанды көйлек жолдастары Құрманбек Сағындықов өз естелігінде келтіреді.
«Кешкі ас аяқтала бергенде адъюдант Бауыржанға пакет әкеліп тапсырды. Ол хатты ашып оқып болды да маған ұсынды. Бұл Мәліктің хаты екен, мазмұны дәл мынадай:
Қымбатты, Бауыржан аға!
Қас жаумен қаһарлана соғысуда батырлық пен ерліктің, айбат пен жігердің, қайрат пен табандылықтың үлгісін көрсеткеніңіз үшін ел алдында еңбегіңіз бағаланып, үкіметтен наградқа айбынды «Қызыл Ту» орденін алғаныңызды құттықтап, шын жүректен қайырлы болсын айтамын.
Сіз – ержүрек батырсыз, ақыл мен айбаттың сарқылып бітпес қазынасысыз. Біз сіздің көк найзаны көлденең ұстаған майдандас туысқан досыңыз, ағадан үлгі алатын ініңізбіз. Жалғыз біз ғана сізді қадірлеп мақтан етпейміз. Сіздің халқыңыз қазақ, ұлан-байтақ еліңіз қадірлеп мақтанып, аңыз етеді.
Күш-қуатыңыз таси беруіне, Ел-анаңыз алдында абыройыңыз артып, мерейіңіз үстем бола беруіне, деніңіз сау болып, жауды жаныштап жеңіп, аман-есен болуыңызға шын көңілден тілектеспін.
Ұлы сыйлық алғаныңызға алақайлап қуанушы, сізді қадірлеуші ініңіз Мәлік, 06.07.1942 ж.». Мен оқып бола бергенде Бауыржан:
– Өте мақтап жіберіпті-ау, – деп қызара күлді.
– Ол да өзіңдей батыр ғой, батырды батыр мақтаса біліп мақтайды, – дедім мен.
Осыдан кейін Құрманбек Сағындықов ағай естелігін былай аяқтайды. «Келгелі бері Мәлікпен үш рет кездестім. Бауыржанның басындағы қасиеттер мұнда да бар. Сондай өткір әрі кішіпейіл. Мәлік гвардияшылардың ерлік істерін салалай көз алдымнан өткізді.
– Енді өз басыңнан кешіргендеріңді айтшы, – деп өтіндім Мәлікке.
– Әй, айтатын не бар, сол көптің бірі болып біз де жүрдік те, – деп бұлтарды Мәлік.
– Неге, батыр көп болғанымен, әр батырдың аты-жөні бар. Бауыржан екеуіңді бүкіл халық біледі, ол тегін нәрсе емес, – дедім мен.
– Бауыржанның жөні басқа ғой, оның алдында біз бүйтіп тұрамыз, – деп фуражкасын алып, оң қолын кеудесіне тосып, басын иді. Бауыржаннан да Мәлік туралы: «Ақылды батыр, білгір жігіт», деп сүйсіне сөз қылғанын талай естідім.
Міне, біздің заманымыздың батырларының біріне-бірі берген бағасы осындай. Халқымыздың аса әрі тұлғалы қос батыры бойларындағы асыл қасиеттерін осылай бағалаған. Жазудан, сипаттаудан танбаған. Мәлік аға 1943 жылы соғыста жүргенде Бауыржан туралы былай жазған екен.
«Тылдағы кейбір жолдастар Бауыржанды долбарлы қара күштің, қолма-қол ұрыс, айғайдың иесі деп бағалайтын сияқты. Бұл қате. Бауыржанға берілген теріс баға. Ең алдымен Бауыржан ақыл мен ойдың иесі, барлық қасиеті бойына жиналған, адамгершілігі, ерлігі, жігітшілігі күшті, шын мағынасындағы қолбасшы, командир».
1956 жылы көктемде Бауыржан Момышұлы отставкаға шығады да біржола Алматыға келеді. Баукеңе сәлем бере келушілер көп болады. Есікте дамыл жоқ. Жамал апайдың қазаны да оттан түспейді. Осы жайларды Баукеңнің үйінде тұрып көзімен көрген Кәкімжан Қазыбаев былайша жазады:
Гвардия жауынгерлерінің, командирлерінің келісі бөлек. Олар есіктен кіре, шекелеріне қолдарын қойып:
– Жолдас гвардия полковнигі, сізге сәлем бере келген… – деп алдымен әскерше амандасады да, артынан құшақтасады. Бір күні Мәлік Ғабдуллин келді. Ол да қаруластарының әдетінше қолын шекесіне қоя бергенде Баукең:
– Әй, Мәлік, осы сірестіре амандасуға тойдық қой, келші, бауырларша бір құшақтасайық, – деп екі қолын қыранша кең жазып жіберді. Екі батыр құшақтарын жаза алмай, бір-біріне жабысқан күйі ұзақ тұрды. Сағыныштың желімі оларды тіпті жіберер емес. Ас үйден шыға келген Жамал апай мынау көрініске тебіренгені сонша, көзіне жас алды. «Қанды көйлек бауырлар ғой. Тірі қалғандары қазақ халқына қандай олжа болған» деп тұрған сияқты. Қос батырдың осылайша амандасуы да көп жағдайларды аңғартса керек.
1973 жылдың 2 қаңтарында Мәлік аға кенеттен дүние салды деген қаралы хабар естігенде Көкшетаудан шыққан елшілермен бірге мен де Алматыға ұшып бардым. Мәкең шаңырағына кіріп-шығып жатқан халықта есеп жоқ. Бір кезде екі жағынан екі адам қолтықтаған бір шал кірді үйге. Ұзын бойлы, атжақты, едірейген мұрты бар. Үстіне шапан, басына тымақ киген. Ол кірген бетте Мәкеңнің қызы Майданды көріп, кең құшағына алды да еңкілдеп ал жыласын кеп. Бүкіл денесі селкілдеп ұзақ жылады. Содан кейін Майданның маңдайынан иіскеді. Жеңгейдің бөлмесіне барып, оны да құшақтап көрісті. Біраз уақыттан кейін әлгі кісі дәлізге шықты. Біздің жанымызда бір милиция полковнигі тұрған-ды. Соған бұрылды да кім екенін сұрады. Оны білгеннен кейін: «Отставкадағы гвардия полковнигі Бауыржан Момышұлы», деп өзін таныстырды. Біз селт ете қалдық. Баукеңді танымағанымызға ұялдық, әрі қысылдық. Ол кісіні мұндай жағдайда көреміз деп кім ойлапты. Оның үстіне біз өзіміз де күйзеліп және келіп жатқан кісілердің көптігінен бе, аса назар аудара қоймасақ керек.
– Әй, жігіттер, – деп гүж ете қалды Баукең. – Мен аяғымды әзер басып тұрмын. Белім ауырады ғой. Қолтықтап машинаға жеткізіп салсаңдаршы, – дегенде бәріміз Баукеңе тұра-тұра жүгірістік. Қайран Баукем-ай десеңші, ауырып төсек тартып жатса да інісі Мәлік дүниеден өтті деп хабар естігенде жата алмапты ғой… Осы қаралы хабар жеткенде ол: «Кезек ересен ер адамдарға келді», деп қатты қайғырып, мұңайып қалған…
Баукеңнің Мәлік ағаның 60 жылдығына келуі де айта жүрерлік аңыздардың бірі дер едім. Үйде отырып такси шақыра алмаған батыр көшеде кездесер деп далаға шығады ғой. Қырсыққанда ол құрғырың көшеде де кездесе қоймайды. Содан таяғына сүйеніп жаяу тартады. Келсе, тоса-тоса шыдамдары таусылған жұрт орын-орындарына отырып қалған екен. Көпшіліктің қолқалауымен Баукең төрге озады. Сөз кезегі келгенде ол кісі батыр інісі туралы:
– Аға айта біледі, ол орынды. Інінің де айта білетін ақылы болады. Айта білсе, ол да орынды. Кейбір кездерде Мәлік маған:
– Бауке, мынауыңыз дұрыс қой, мына жерін бүйтсеңіз қайтеді? – деуші еді.
Бір рет:
«Жалғыз батыр – жалғыз жан,
Майданға тұтқа бола алмас.
Азынап жалғыз арыстан,
Орманға пана бола алмас, – деген жолдарын тыңдап отырып:
– Бауке, мына өлеңіңізді сәл толықтырсаңыз қайтеді, – деді.
– Қалайша?
Жалғыз батыр болғанша,
Жалпы батыр болсайшы, – дегеніңіз дұрыс тәрізді. Тағы бір кездескенде:
– Әй, батыр, бері кел, – дедім Мәлікке. Ол келді.
– Сенің әнеукүнгі ойыңды мен жалғастырдым.
– Қалай, Бауке?
– Мен істедім дегенше,
Мың істеді десеңші.
Мың істеді дегенше,
Ер істеді десеңші.
Мен мыңдікі болмасам,
Ер елдікі болмаса
Кім істеді дер едің? – деп жалғастырдым.
– Ойпырмай, мынауыңыз Махамбеттікі сияқты ғой, – деді. Мәлік арабша жаза білетін еді ғой. «Бауке, мыналарыңызды жазып алайыншы, айта жүретін нәрсе екен», деп жоғарыдағы жолдарды қайталап айтқызып жазып алды. Мәлік майданда ақылдассам, ойыма ой қосқан інім еді. Менің командир болғаным рас. Бірақ Мәлік ақылдассам, ойыма ой қосатын офицер еді.
Міне, Баукеңнің батыр інісі туралы айтқаны, берген бағасы. Ол інісінің бойындағы асыл қасиеттерін жоғары бағалаған, өзін сыйлап, құрмет тұтқан, басқаларға үлгі еткен. Сол сияқты, Мәлік ағаның да Баукең туралы аз айтпағаны белгілі. Ағай дүниеден өткеннен кейін ол кісінің архивінен Баукең туралы жазған ұзақ жырлары табылды. Соның бір үзіндісі былай болып келеді.
Ақыл менен қайратың,
Даналығың, айбатың,
Шыққан еді бір жерден.
Ерлігіңді бағалап,
Өңкей інің ағалап,
Еріп едік біз елден,
Батыр Баукең соңыңа.
Әскерлерше киініп,
Бір сөзіңе сыйынып,
Келіп едік тобыңа.
Осы ұзақ жырда Мәлік аға Баукеңнің шыншылдығын, батырлығын, адамшылығының жоғары екенін суреттейді. Отан алдындағы міндетін абыроймен атқарып жүргенін жырлайды. «Өсер елдің ұлдары бірін-бірі батыр дейді» дегендей, қазақтың қос батыры өмір бойы бірін-бірі жырлап, сипаттап өтуі кейінгі жас ұрпаққа үлгі де өнеге болмақ.
Жанатай БЕКЕНОВ,
журналист-жазушы,
М.Ғабдуллиннің немере інісі.
КӨКШЕТАУ.