Халима БЕКМАХАНОВА: «Мехнат бізді мойыта алмады»
Жұма, 15 ақпан 2013 7:17
Исі қазақ үшін мәңгілік қастерлі тұлғалардың ішінде де Ермұқан Бекмахановтың қым-қиғаш азап пен ғажапты толайым тоғыстырған, ұлттың ақиқат тарихын айту жолында жұдырықтай жүрегін алау етіп жаққан жанкешті тағдыры жарқын мұңымен бөлекше жарқырап көрінеді. Қазақтың кәсіби тарихнамасының ізашарына құдайым қайсар мінез бен қабілет-дарынды аса бір жомарттықпен аямай бергені де қандай ғанибет дерсіз.
Жұма, 15 ақпан 2013 7:17
Исі қазақ үшін мәңгілік қастерлі тұлғалардың ішінде де Ермұқан Бекмахановтың қым-қиғаш азап пен ғажапты толайым тоғыстырған, ұлттың ақиқат тарихын айту жолында жұдырықтай жүрегін алау етіп жаққан жанкешті тағдыры жарқын мұңымен бөлекше жарқырап көрінеді. Қазақтың кәсіби тарихнамасының ізашарына құдайым қайсар мінез бен қабілет-дарынды аса бір жомарттықпен аямай бергені де қандай ғанибет дерсіз. 1943 жылы шыққан «Қазақ КСР тарихының» бір тарауы түріндегі Кенесары ханның көтерілісі туралы еңбегі, соған жалғасқан «Қазақ халқының Кенесары Қасымов бастаған азаттық күресі (1837-1847 ж.ж.)» атты кандидаттық диссертациясы, осынау тақырып ауқымын мейлінше кеңейтіп, 1946 жылдың қазанында тағы да Мәскеуде қорғалған «Қазақстан ХІХ ғасырдың 20-40-жылдарында» деген докторлық монографиясы, осылардағы астарлы аңсар-мұраттар арқылы тарихшы ғалым Бекмаханов шынтуайтына келгенде сан мыңдаған саналарда Кенесары көтерілісінен кем түспейтін сілкініс тудырып, кеңестік режімнің қуғын-сүргіні көздерін құртып болған кешегі Алаш арыстарының насихатын жалғастырғаны анық.
Академик Н.Дружинин Е.Бекмахановтың Кеңес Одағының патриоты болумен бірге өз халқын жан-тәнімен сүйетінін аңғарған. Қазақстанның алғашқы кең көлемді тарихының кіндік атасы Мұхамеджан Әбдіхалықов (Медеу Сәрсекенің сөзі) артық-кемі жоқ: «Ермұхан – қазақ тарихшыларының сұлтаны» дейді. Бауыржан Момышұлы оны Мұхтар Әуезов пен Қаныш Сәтбаев сынды ұлылардың қатарына қояды. Әрине, бұл бекер емес. Себебі, әр заманда азаттығымыз үшін алысқан Алаштың арыстан ерлерінің бірегей бірі де, дүрегей дүрі де осы Ермұқан Бекмаханов болатын.
Екі жылдан соң осынау Алаш ардақтысының 100 жылдығы аталып өтілмек. Қалай аталып өтіледі? Ол басқа әңгіме. Біздің айтайын дегеніміз, бүгінде сексеннің сегізіне қараған өмірлік жары Халима Адамбекқызы апайымыз 16 ақпан жұлдызының өз отбасы үшін ерекше мәнділігін тілге тиек етеді. Ермұқан Бекмаханов 1915 жылдың 16 ақпанында іңгәлап дүниеге келсе, 1954 жылдың 16 ақпанында Мәскеудегі Бутырка түрмесінде қолына ісінің тоқтатылғаны туралы анықтама тапсырылып, өмірге екінші қайтара жолдама алыпты. Таяуда ғана 1943 жылғы «Қазақ КСР-інің тарихы» қазақша аударылып, қайта басылып қуанып отырған, өтініштерін бір жыл бойы қарап жатқан Алматы әкімдігі рұқсат етсе, аса көрнекті тарихшы Е.Бекмаханов 1959-1966 жылдары тұрған Панфилов көшесіндегі 126-шы үйге ескерткіш-тақта орнатылып қалуынан да (қаржылық шығынын отбасы көтереді) үміті зор Халима апаймен біз осы елеулі күннің қарсаңында сұхбаттасуды орайлы санап едік.
– Халима апай, Ермұқан аға алғаш кездескен кездерде қандай әсер қалдырды? Бас қосуларыңыздың жай-жапсары қалай болды?
– Қарағым, мен өзім осал жердің қызы емеспін. Нағашы атам Бидахмет Бәбікенов Зайсанның атақты көпесі болған, Бобкин атымен белгілі, сонау Нижний Новгород жәрмеңкесіне дейін барып сауда жүргізген кісі. Анамыз Айша әуелі медреседе оқып, сосын Семей мен Уфаның гимназиясын бітірген, екі-үш тілде бірдей сөйлеп, жазатын сауатты адам еді. Әкем Адамбек Бекмұхамедов алашордашы. 30-шы жылдардың басында әкем қайтқаннан кейін қудалаудан қашқан отбасымыз Семейден кетіп, Ташкентке келіп паналады.
Ермұқанмен 1946 жылдың мамырында Ташкентте, Әлішер Науаи атындағы кітапханада кездестік. Мен диплом жұмысын жазып жүргем, ол докторлық диссертациясын толықтыруға келген екен. Арамыздағы 10 жас айырмашылық көңіліміздің жарасуына бөгет болмады. Ермұқан өз қатарластарынан жас көрінетін. Келбет-көркі соншалықты тартымды болатын, ер жігітке үйлескен сырлы сымбатымен кімді болса да баурап алатын. Белгілі сазгер Е.Брусиловскийдің бір жолы: «Бекмахановтың сырт келбеті кинематографқа лайық», деп айтқаны есімде. Сол кезде оның «Түркістан жинақтарын» еліге зерттеп жүргеніне қызығушы едім. Архивтен тапқан олжалары жайында құлшынып әңгімелейтін. Әсіресе, бір диссертация қорғалып жатқанда Ермұқанның биресми оппонент ретінде тамаша сөз сөйлеп, сонда белгілі археолог ғалым М.Массонмен пікір таластырғанына сүйсіне таң қалғаным бар.
Ермұқан табиғатынан жинақы, мұқият, ұқыпты әрі уәдеге берік еді. Басқалар тарапынан осындайды көрмесе дегбірсізденетін. Сондықтан, мен оның бұл талабына әруақыт сай болуға тырыстым. Алғашқы апталардағы кездесулеріміздің бірінде театрдан «Фархад пен Шырын» операсын көріп шыққаннан кейін Ермұқан өз папкасынан маған бір кітап алып сыйлады. Бұл Мұхтар Әуезовтің жаңа шыққан «Абай» романы екен. Бір қызығы, ол сол арада маған Абайдың «Айттым сәлем, Қаламқас» әнінің әуенін ақырын сызылтып, бұл әннің қазір Қазақстанда кең таралып, ауыздан түспей тұрғанын айтты. Әннің өлеңі біздің жан күйімізді кереметтей дәл бейнеледі. Мен кейін бұл әнді үйреніп алып, сол кешті еске түсіріп, сағынышты сезіммен ерекше шаттанып айтушы едім. Кітаптың ішкі бетіндегі: «Мәңгілік естелік болсын», деген қолтаңбасы да бейнелі сыр шерткендей. Осы қымбатты кітап біздің үйдің кітапханасында әлі күнге дейін сақтаулы тұр.
Ермұқанды біздің отбасының бастан кешкен тағдыр-талайы қатты толғандырды. Анам да оның қарапайым ақжарқындығын, оқымыстылығын, көрік-келбетін ұнатты. Маған өзбектің небір дүлдүл жігіттері үздіге сөз салып жүрсе де, ол қызының күйеуге тек қазаққа, өз қандасына шыққанын қалады. Ермұқан ішінде сыр бүкпеді, үйлі-баранды екенін де, әйелімен арадағы келіспеушілік-кикілжің ушығып, үзілер шекке келгенін де жасырмады. Сөйтіп, сол жылдың күзінде Ермұқан Мәскеуде докторлығын қорғап жатқан күндерде екеуміздің жүрегіміз мәңгілікке қосылып, бақыт-шаттығы мол, шер-мұңы да жетерлік, қуаныш пен қасіреті қатар өрілген жиырма жылдық жұбайлық өмірге жалғасты.
– Қазақтың тарих саласындағы тұңғыш ғылым докторының диссертациясы қалай қорғалғанын көрген көзі тірі куәгер де өзіңіз сияқтысыз.
– Осынау күндерде Ермұқан Мәскеу мен Ленинградта қорғауға қатысты шаруалармен ерінбей-жалықпай, үздіксіз айналысумен болды. Салтыков-Щедрин кітапханасына барғыштап, әлдебір қағаздарды қайта бастырды. Айтқандай, бізге көмектескен машинка басушы «Англетер» қонақ үйіндегі Сергей Есенин асылып өлген бөлмеде жұмыс істейді екен. Бос уақытымызда Эрмитажға, Орыс музейіне, Пушкиннің Мойкадағы музей-үйіне баратынбыз. Кейде Ермұқан букинистік дүкендерде сағаттап отырып кітап ақтаратын. Ол осылай Н.И.Веселовскийдің редакциясымен 1904 жылы Санкт-Петербургте басылған Шоқан Уәлиханов шығармаларын тауып алған-ды. Ақшасының аздығына қарамай С.М.Соловьевтің «Ресей тарихын» сатып алғаны да жадымда.
Ылғи рестораннан тамақтану қалтаны жұқартып бара жатқасын мен қажетті ыдыс-аяқ пен электр плитасын сатып алып, мейманхана нөмірінде «контрабандалық» жолмен ас пісірдім. Ермұқан сағат сайын ыстық шай ішуді жақсы көретін. Сөйтіп, мен оны осы рахатқа кенелдірдім. Қой етінің сорпасын да ұнатушы еді. Сол үшін күнде базарға барып, аз-аздан қой етін әкелемін, вермишель немесе макарон салып пісіремін. Ленинградта профессор Михаил Порфирьевич Вяткинді өзбек палауына шақырып риза қылғанбыз.
1946 жылдың 14 қазаны – Ермұқанның докторлық диссертация қорғайтын күні де жетті. Волхонка 14-тегі көне үй, КСРО Ғылым академиясы Тарих институтының үлкен залы. Қорғау осында өтті. Алқалы төрде академик Борис Дмитриевич Греков төрағалық ететін салиқалы Ғылыми кеңес. Кеңес мүшелері – академиктер Анна Михайловна Панкратова, Николай Михайлович Дружинин, Мелица Васильевна Нечкина және басқа тарих ғылымдарының докторлары.
Қазақ зиялылары залға лықа толды. Биолог Кәрім Мыңбаев, химик Ерден Әзірбаев, әскери жазушы, гвардия полковнигі Бауыржан Момышұлы. Баукең 1943 жылы-ақ майданда «Қазақ КСР тарихының» бірінші басылымын оқып, бұрыннан таныс А.Панкратоваға Қазақстандағы кейбір тарихи оқиғаларға қатысты өз пікірін білдірген. Кеңес Одағының Батыры, әдебиетші-жазушы Мәлік Ғабдуллин мен көптеген аспиранттар Ермұқанның қорғауын тыңдауға келіпті.
Қазақ КСР Ғылым академиясының президенті Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың келуіне залдағылар әрі қуанып, әрі таңданып қалды. Ғылыми кеңестің бірсыпыра мүшелері оған төрден бастарын изеп, құрмет көрсете амандасып жатты.
Осының алдында қатты ауырып жүдеген боп-боз Ермұқан өз диссертациясының мазмұнын егжей-тегжейлі баяндап берді. Оның оппоненттері Н.Дружинин, М.Вяткин, С.Юшков диссертацияны жіліктеп талдап, жекелеген кемшіліктерін жіпке тізді. Сұрақтар көп қойылды. Оппоненттердің барлық ескертпелеріне, Кеңес мүшелерінің сұрақтарына Ермұқан сақылдатып сайлы жауаптар берді. Өз дәйектемелерін архив құжаттарымен және тарихшылардың еңбектерімен негіздеп отырды. Диссертацияда қозғалған ғылыми мәселелер бойынша пікірталас өршіді. Ермұқан өз көзқарастарын қорғап, зерттелген проблема, архивтік дереккөздер орайында терең білімдарлығын танытып, жалпы тақырып бойынша ой өрісінің кеңдігін көрсетті. Тек бір дауыс қана қарсы болып, Ғылыми кеңес мүшелерінің басым көпшілігі тарих ғылымдарының докторы атағы берілуін жақтады. Қаныш Сәтбаев Ермұқанды үлкен ризашылықпен құттықтап, банкет жасауға ақша берді.
– Бірақ Жоғарғы аттестациялық комиссия осы докторлық атақты бекіткенше екі жыл күтуге тура келген екен-ау…
– Иә, бекіту кешеуілдей берді. Ермұқанда да маза болмады. Қарсыластары мен күндеушілер оны феодалдық-монархиялық құрылысты мадақтайды, хандықты көксейді, ұлтшыл деп кінәлап, екінші біреулері ол бәрін Рязанов қолжазбаларынан көшіріп алған деп жала жауып, ЖАК-қа жазып жатты. Бұған налыған Ермұқанды Қаныш Имантайұлы ғалымның жолы ылғи даңғыл бола бермейді, кедергілер де кездеседі, шыда, шырағым деп жұбатыпты. Ғалымның алтын уақыты көре алмаушылармен, айла-шарғышылармен күреске кетпеуі керектігін ескертіпті. Ол Қаныш ағаны пір тұтып, ғалым ретінде бағалап, абыз ақсақал ретінде құрметтеуші еді.
Қайткенде де Ермұқан Мәскеуге талай рет баруға, өзін қызыл кеңірдек болып қорғауға, түсінісуге мәжбүр болды. Докторлығы бекігенге дейін, осы жылдарда қанша уайым шекпеді десеңізші! Тыныштық таппай, атағы бекімей тұрып-ақ қолжазбасын баспаға дайындады. «Қазақстан ХІХ ғасырдың 20-40-жылдарында» монографиясы 1947 жылдың жазында жеке кітап болып шықты. Осыған байланысты қуанышты бөлісуге бірінші баспахана қызметкерлерін шақырып еді үйге.
Осы кітап шығысымен-ақ дұшпандары Ермұқанға қарсы өре түрегеліп, оны тағы да Кенесары ханды асыра дәріптеді, ұлтшыл деп айыптады. Мұның соңы әуелі Мәскеудегі, содан кейін Алматыдағы талқылауларға ұласты. 1948 жылдың 14-19 шілдесінде Ғылым академиясының Киров көшесіндегі ғимаратының лық толы залында бес күн бойы пікірталас жүрді. 15-тен аса сөйлеген адамның жетеуі, атап айтқанда, И.Я.Будовниц, Б.Аспандияров, Е.Ділмұхамедов, Ә.Жиреншин, А.Нүсіпбеков, Т.Елеуов, Х.Әділгереев Бекмаханов идеяларын қолдап шықты. Қалған сөйлеушілер қаралаудан танбай, әртүрлі атаққа таңып, ағаш атқа мінгізіп бақты. Кенесары Қасымов бастаған қозғалыс ұлт-азаттық деуге жатпайды, қалың бұқара оған қосылмаған, ол зиянды, кертартпа қозғалыс деп көрсетті. Ермұқан өз қарсыластарының сөздерін зейін қоя тыңдап, қорытынды сөзінде С.Толыбековке, Х.Айдароваға, Т.Шойынбаевқа дәлелді түрде тойтарыс берді.
Мен осы талқылауға бес күн қатарынан қатысып, іле-шала перзентханаға түстім. Қазақ салтында мұндай болмаса да, әкеден бес жасында қалған, ашаршылық жылдарында барлық жақын туыстарынан айырылған Ермұқан: «Менің өмірімді жалғастырсын», деп ұлына да Ермұқан деп өз атын қойды. Отағасы Тарих институты директорлығының орынбасарлығынан университетке ауысып, Қазақ КСР тарихы кафедрасының меңгерушісі, доцент, профессор және аспирантура жетекшісі болып жүрген кезінде 1950 жылдың жазында екінші ұлымыз Сермұқан дүниеге келді.
– Бір қуаныш, бір реніш… алмасып тұрған екен. Осыған жалғаса «Правда» газетінің сойқанды төндірген солақай сыны шықты.
– Иә, 1950 жылдың 26 желтоқсанында жарық көрген ол ызбарлы мақала «Қазақстан тарихының мәселелері маркстік-лениндік тұрғыдан баяндалсын» деп аталады. Авторлары Т.Шойынбаев, Х.Айдарова және А.Якунин. Ермұқан үшін, біздің отбасымыз үшін аса ауыр соққан 50-ші жылдардың бірінші жартысының бүкіл тауқыметтері мен тақсіреттері осы мақаладан басталды. Өзін арашалауға қанша жан салса да, биліктің қудалауынан құтыла алмады. Мақаланы талқылағаннан кейін Ермұқанды партия қатарынан шығарды, барлық ғылыми дәрежелері мен атақтарынан айырды, Қазақ мемлекеттік университетіндегі жұмысынан босатты. Ауылдық мектепте мұғалім болуға рұқсат алу үшін қаншама бастықтың табалдырығын тоздыруға тура келді. Әуелі оны Алматы облысындағы Нарынқол ауданының мектебіне жіберді. Бірақ бір оқу тоқсаны аяқталмай жатып Жамбыл облысы, Шу ауданы, Новотроицк ауылындағы Горький атындағы мектепке ауыстырды. Себебі, Нарынқол шекаралы өңір болғандықтан Қытайға қашып кетуі «ықтимал» екен.
Новотроицкіде бұрынғы студенті Ахметжан Тілеубергенов алдынан шықты. Басқа да жақсы адамдар табылды. Мектеп басшылары, мұғалімдер жер аударылған ғалымды оң қабақпен қарсы алды. Бұған ЖенПИ-де сабақ беріп жүрген жерімнен қысқы сессияда азаматыма барғанымда өзімнің де көзім жетті. Толып жатқан тұрмыс қиындықтарына қарамастан Ермұқан өзі де мойымады. Жазғы каникул кезінде «Қазақстанның Ресейге қосылуы» атты жаңа монографиясында баяндалған мәселелер жөнінде ғалымдармен ақылдасып, кітапханалар мен архивтерде жұмыс істеу үшін Мәскеуге барды. Бұл сапарынан қанаттанып оралды. Ғалымдар қолжазбаны оқып, жұмысын мақұлдапты, шамалы ғана ескертулер жасапты.
– Халима апай, енді Бекмаханов өмірінің ең ауыр кезеңі – оны 25 жылға кескен соттың жайына көшсек?..
– 1952 жылдың 30 тамызында Ермұқанды Новотроицкіге шығарып салдым. Кеткісі келмей, бірдеңе сезгендей, мазасыз күй кешіп еді. Айтқандай-ақ, 5 қыркүйекте оны тұтқындап, Алматыға әкеліпті. Сол күні біздің үйде де тінту жүргізілді. Кешкі сағат 10-да жұмыстан келсем, үйдің есігі ашық тұр. Бір бейтаныс қазақ тінтуге құжат көрсетті. Ермұқанға бірдеңе болғанын сездім. Ас-су беруге рұқсатты табаннан тозып жүріп бір ай дегенде әрең алдым.
Тергеу үш айға созылды. «Тергеу әдістері жайында жиркенішсіз еске түсіре алмаймын, – деп жазды Ермұқан өзі Қазақстан КП Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Жұмабай Шаяхметовке. – Тергеудің өн бойында қорқыту мен қоқан-лоққы қатар жүрді. Сол үшін барлық тәсілдерді пайдаланып тырысса да мен жекелеген адал адамдарды қаралай алмадым». Ерекең бұл арада Сәтбаев пен Әуезов жөнінде айтып тұр.
Сот 1952 жылдың 2 желтоқсанында болды. Құлағымды тігіп жүріп, мұны ғайыптан білдім. Жоғарғы Соттың ғимараты Гоголь мен 8-ші март көшелерінің бұрышында болатын. Ермұқанды 4 солдат айдап алып келді. Ол маған жақындамақшы болған, мен де ұмтылдым, бірақ бізді айырып жіберді. Соттың үш күнінде көптеген куәлар келіп, кетіп жатты. Олардың арасында өзінің бұрынғы студенті Мұхтаров, ҚазМУ-де жұмыс істейтін әдебиетші ғалым Бейсенбай Кенжебаев болғаны есімде. Түрмеде отырған сыншы Есмағамбет Ысмайыловты куәгер ретінде арнайы Семейден алып келді.
4 желтоқсанда үкімді жария еткен кезде менің қатысуыма рұқсат берді. Көз жасы еріксіз сорғалаған Ермұқан маған қарады да отырды. Үкімді естігенде жылап жіберді. Мұндай әділетсіз, қатал үкімге қалай жыламассың! Онда: «…айыпталушы Бекмаханов өзінің тарих ғылымы саласындағы ғылыми қызметкер жағдайын пайдаланып 1942-1951 жылдардың өне бойында өз жұмыстарында тарихи фактілерді өңін айналдырып бұрмалаған, сөйлеген сөздерінде буржуазиялық-ұлтшылдық идеологияны насихаттаған, феодалдық-байлық құрылыс пен оның орыс халқына қарсы күресуші һәм Қазақстанда орта ғасырлық тәртіптерді сақтап қалуға ұмтылушы кертартпа хандары мен сұлтандарын мадақтаған. Ол өзінің буржуазиялық-ұлтшылдық көзқарастарын негіздеу үшін кертартпа ақындардың, сондай-ақ Кеңес өкіметіне қарсы күрескен халық жаулары – алашордашылардың шығармаларын пайдаланды. Нақ осы ұлтшылдық идеологияны таныстарының арасында да жүргізді», – деп жазылып, сот тергеуі осыларды анықтағанын және айыпталушы Бекмахановтың мойнына қойылғанын айтады.
– Бұдан кейінгі өз жай-күйіңіз қалай болды?
– Жол бойы қамығып жылап үйге қалай жеткенімді білмеймін. Үйде көз жасын көрсетуге, анамды, нағашы апайымды және балаларды ренжітуге болмайтынын түсіндім. Алматыдан әлдебір жаққа кетіп, Ермұқанды құтқарғым, бейнетін жеңілдеткім келді. Жұрт: «Мынау халық жауының әйелі», – деп көзіме шұқитындай көрінді. Өздері шығарғанын күтпей ЖенПИ-ден де, құрылыс техникумы мен №12 мектеп-интернатынан да өтініш жазып өзім кеттім. Сөйттім де күйеуіме араша түсуді және ісін қайта қарауды сұрап Бас прокуратураға өтініш түсіру үшін Мәскеуге аттандым.
Ермұқанның досы Исаак Урэльевич Будовниц қорықпай-үрікпей Бас прокурорға шағым арыз жазуға көмектесті. А.Панкратовамен үйінде жолықтым. Ол кісі болған жайға өкініш білдіріп, Ермұқанның нақақтан күйіп кеткенін, мүмкіндік туған бетте оның ақталуына көмектесетінін айтты. Ол кезде Анна Михайловна Орталық Комитеттің мүшесі еді. Демек, 25 жылға сотталған, саяси сенімсіз адамға араша түсуге оның құқығы жоқ болатын. Бірақ ізгі жүректі орыс әйелі оған қарамады. Маған ақшалай көмек ұсынып еді, бас тарттым. Не істерге білмей, Тбилиси, Бакуге дейін бардым. 1953 жылдың наурыз күндері еді. Сталиннің қайтыс болған хабарына грузин халқының қатты қайғырғанын көрдім. Мен болсам іштей осы жағдай Ермұқанның тағдырын жеңілдетер деп үміттендім. Ақыры, солай болды да. Елеусіздеу қыздар педучилищесінен жұмыс тауып, Ташкентте тұрақтадым.
– Ермұқан аға ше?
– Ермұқаннан көпке шейін хабар-ошар болмады. Баратын жердің жолы ұзақ қой. Ақыры, сарғайтып күттірген хат та келді. Ол Лена өзені бойымен, Иркутск облысын басып Бодайбо қаласына жеткенге дейінгі жолдың машақатын жазыпты. Өмірдің небір соққы, қиындықтарына қарамастан, менің ер азаматым, менің Ермұқаным мойымады, еңсесін түсірмеді. Түбінде бәрі дұрыс болатынына, қалпына келетініне, әділдік жеңетініне сенді. Тек шыдам, сабыр қажеттігін түсінді. Мен де өз хаттарымда оған жігер беруге тырыстым. Бодайбодан келген хаттардан өмірге құштарлық көзге ұратын, жабырқау мен кектену әсте байқалмайтын.
Ермұқан өзі де қарап жатпады. Хрущевтің атына 16 беттік ұзақ арыз хат жолдады. Өзін 25 жылға не үшін кескенін егжей-тегжейлі баяндады. Ол амалсыздан Кенесары көтерілісін түсіндірудегі өз қателігін мойындауға мәжбүр болды.
Мұндай арыз хатты Ермұқан Қазақстан басшысы Жұмабай Шаяхметовке де жазды.
Осы арыз хаттар, сондай-ақ А.Панкратованың өтініші Бекмахановтың ісі тезірек қайта қаралуына септігін тигізді. Ермұқанды Бодайбодан Мәскеуге жеткізді. 1954 жылдың 16 ақпанында Лубянкадағы Бутырка абақтысында оның қолына ісі тоқтатылғаны туралы анықтама қағазын береді. Болған білместік жайға кешірім өтінілді.
– Ойпырмай, қуанышта шек болмаған шығар?
– Сібірдің суығы өкпесін тесіп, денсаулығын құртқан Ермұқан шипажайда емделіп демалудан да бас тартып, тек үйіне, отбасына, әйеліне, балаларына асықты. Үстіндегі түрме киімімен Анна Михайловнаның үйіне барды. Оның да қуанышы қойнына сыймай, Ермұқанды бастан-аяқ су жаңа етіп киіндірді. «Сенің достарың көп, бірақ дұшпандарың да бар. Сондықтан, жақсы киінуің керек», дейді ол кісі. Ермұқан Анна Михайловнаның осындай қамқорлығын, өзіне жасаған барша жақсылығын өмір бойы ұмытпай өтті.
– Ермұқан аға өмірді қайтадан бастағандай болған екен-ау…
– Сол жолы құстай ұшып тағы да Ташкентке жетті. Сосын отбасымызбен қайтадан Алматыда орнығып, тұрмысымызды түзеп, сүйікті ісімен қайта шұғылдануға мүмкіндік алды. Қызымыз Қарлығаш туды. 1957 жылы Мәскеуде КСРО Ғылым академиясының баспасынан «Қазақстанның Ресейге қосылуы» монографиясы жарық көрген соң шаруа оңға басты. Ермұқан докторлығын қайта қорғап, профессор атағын алды. Қазақ мемлекеттік университетінде «Қазақстан тарихы» кафедрасының негізін қалады. Қазақстан тарихы бойынша кандидаттық диссертациялар қорғау жөніндегі Ғылыми кеңестің төрағасы болды. Өзі республика мектептері үшін Қазақстан тарихы бойынша оқулықтар жаза бастады. Олар кезінде үздік оқулықтар саналды. 1962 жылы Қазақ КСР Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі болып сайланды.
– Халима апай, атақты тарихшы есімін есте қалдыру орайында қандай жұмыстар атқарылды? Артындағы әулеті қалай?
– Шүкір құдайға. «Орнында бар оңалар», деген ғой. Ерекеңнің артында қалған алты баласынан көптеген немере-шөберелері өсіп, өрбіп келеді. Нәйләсі Мәскеуде өзі сияқты үлкен тарихшы ғалым. Сермұқанымыз техника ғылымдарының кандидаты. Тек өзімен аттас Ермұқан ғана өткен жылдары дүниеден өтіп кетті.
Енді, екінші перзенті – кітаптары, ғылыми еңбектері десек, өзінің 90 жылдығына орай туған жеріндегі С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті 7 томдық шығармалар жинағын басып шығарды. Ерен еңбекті атақты жазушы Медеу Сәрсеке жасады. Оның «Ермұқан Бекмаханов» атты ғұмырнамасы Ерекеңе әзірге дейін тұрғызылған ең зор ескерткіш деп білемін. Бұл кітап қазақ және орыс тілдерінде 2011 жылы Астанадағы «Фолиант» баспасынан, сондай-ақ, Мәскеудегі атақты «ЖЗЛ» сериясымен жарық көргені маған да мақтаныш, елімізге де мерей.
Қазірде әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде аудитория, Алматы қаласында көше, Павлодар және Жамбыл облыстарындағы екі мектеп Е.Бекмаханов атымен аталуда. Бұйырса, өзі тұрған, қазір отбасы тұрып жатқан үйіне ескерткіш-тақта орнап қалар деген ойдамыз.
Осы күндердегі тағы бір қуанышым, таяуда «Қазақ КСР-інің ежелгі дәуірден бүгінгі күнге дейінгі тарихы» атты еңбектің 1943 жылғы басылымы қайта басылып шықты. Ермұқанның рухын елге алғаш танытқан атақты ұжымдық еңбек қой. Бәрімізге ыстық әрі қымбат. Біздің бір ауыз өтінішімізді жерде қалдырмай, осы кітаптың жоғалып кетуіне жол бермей, жарық көруіне демеуші болған Болатхан Тайжан атындағы Қорға, оның басшысы Мұхтар балама алғысым шексіз. Осындай ұрпақ Ермұқанның арманы болған. Бақыты да осы шығар!..
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Қорғанбек АМАНЖОЛ,
«Егемен Қазақстан».
АЛМАТЫ.