«9 мамыр күні 21:10-да жол-патруль полициясы батальонының полицейі, кіші сержант Азамат Бектұров пен Ұлттық гвардия әскери қызметшілері патруль кезінде Көкшетау қаласындағы Тәшенов - Абай көшелерінің қиылысында адамдардың жиналғанын және жерде жатқан адамды байқайды. Қала тұрғындарының айтуынша, ер адамның эпилепсиясы ұстап қалған. Азамат жағдайды бірден бағалап, зардап шегушіге алғашқы медициналық көмек көрсетеді. Осы кезде жедел жәрдем шақырылды», - деді Ақмола облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінен.
«Эпилепсия белгілері әр бес минут сайын жалғасқан және өрши түскен. Бір кезде ер адам тыныс алмай қалды», - деді Азамат.
Полицей абдырап қалмай, алғашқы көмек көрсетуді жалғастыра берген және осының арқасында науқас жігіт тірі қалған.
«Жедел жәрдем келгенге дейін полиция жасағы зардап шегушінің қасында болып, кейін ер адамды мамандардың қолына тапсырған», - деді өңірдің полиция департаментінің баспасөз қызметінен.