Кәсіпорын ұжымы Еспаеваның әлеуметтік өнім кәсіпкерлеріне (тамақ өнімдері, киім-кешек, балаларға арналған тауарлар) арналған салықты төмендету, бизнес несиелеудің үстемақысын төмендету және несие мерзімін ұзарту туралы бағдарламалық ұсыныстарына ризалығын білдірді.
Дәния Еспаева мен оның штаб мүшелері кездесу барысында қойылған сұрақтарға жауап берді.
Кәсіпорын жұмыскерлерінің көп бөлігі әйелдерден тұратындықтан кездесуде зейнеткерлік жасқа байланысты сауалдар қойылды. Сонымен қатар қалада тіркеуі жоқ көпбалалы отбасылардың жәрдемақы және баспана алу мүмкіншілігі туралы сөз қозғалды. Комбинатта ондай аналардың саны көп екен – олар үй жалдағанымен, үй қожайындары оларды тіркеуге алғысы келмейді.
Штаб жетекшісі Азат Перуашев өз кезегінде ІІМ өкілдерінің тіркеуге алу мәселесі бойынша - тіркеуде жоқ азаматтардың жұмыс орны арқылы тіркеуге алыну мүмкіндігін қарастыратынын мәлімдегенін еске түсірді.
«Бұл мәселені қарастыруға уәде беремін. Көптеген кәсіпорындардың жұмыскерлері қалада тіркелмеген ауылдың азаматтары. Олардың саны – ұжымның жартысы да болуы мүмкін. Егер оларды жұмыстан шығарсақ – кәсіпорындардың жұмысы тоқтайды», - деді Еспаева өз кезегінде.