Әлем • 13 Мамыр, 2019

Байырғы америкалық «үндістер». Олардың түпкі тегі антропогенездік ғылымдар тоғысында

2372 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Осыдан он бес жылдай уақыт бұрын генетика, биология, химия және палеолингвистика ғылымдарының аражігінде адамзаттың антропогенездік түпкі тегі мен жаһандық миграциялық бағыттарының шебі мен шегін дәл анықтайтын ДНК-генеалогия сынды көкжиегі кең жаңа ғылымның негізі қаланды.

Байырғы америкалық «үндістер». Олардың түпкі тегі антропогенездік ғылымдар тоғысында

Әлем назарына бірден іліккен ДНК-генеалогия ғылымының негізін қалағандардың бірі бұ­рын­ғы кеңестік әрі америкалық биохимик, сондай-ақ пол­и­мер-композициялық мате­риал­дардың, биомедицина және ферменттік катализ сала­лары­ның білікті маманы, химия ғы­лым­дарының докторы, про­фес­сор Анатолий Алексеевич Клесов болатын.

Бүгінгі таңда ғалымның АҚШ-та қызмет істеп жүргені­не де 30 жылдың жүзі болды. Осы уақыт ішінде ДНК-гене­алогиялық жаңа техноло­гия­лық әдістеме мен өзі жасақ­та­ған компьютерлік бағдар­ла­ма­лар­дың арқасында ғалым көне скифтердің де, байырғы және бүгінгі славяндардың да, еврей­лер мен иудаизм дінін ұстан­ған хазарлардың да, Кавказ ха­­лық­­­тарының түпкі тегі­мен қатар олардың байырғы миг­ра­циял­ық іздерін де дәл анық­тап, нәти­желерін ғылыми айна­лым­ға енгізіп үлгерді және осы же­тіс­­тіктері үшін әлем ға­лым­­дары­­ның тарапынан биік бағаға да ие болды. Бұл күнде про­фес­с­ор А.Клесов­тың үлесі бар ДНК-ге­не­­а­логия ғылымы күллі әлемде үлкен сұранысқа ие болып отыр.

Бүгінде ДНК-генеалогия ғы­лымы түбегейлі анықтап отыр­ған­дай, о баста күллі адам­заттың бастау алған генетикалық түпкі геномдарының планета бетіндегі жалпы саны жиырмадан аспайды екен. Соған қарамастан, байырғы ататектерінен тамыр алып, одан кейінгі сансыз милениумдар бойы күллі адамзаттың ДНК-молекуласындағы дезоксирибонукелейн қышқылында сақталып, сол ДНК арқылы ұр­пақ­тан-ұрпаққа беріліп отыра­тын күллі биологиялық код, бірін-бірі қуалай жайылатын иірім-толқындар секілді, мың­даған ғасырларды артқа тас­тап, бүгінгі ұрпақтардың да, бола­шақ ұрпақтардың да ДНК молекулаларынан баз қал­пында табылатыны ғажап емей немене? Әрине, бастапқы нүк­те­ден алыстаған сайын әлгі иі­рім-толқындардың бара-бара бәсеңдейтіні секілді, адам клет­каларының ядроларындағы, негізінен, аталық У хромосомалар құрамында сақталатын тұқым қуалаушылықтың биоло­гия­лық коды да әкеден ұлға, ұл­дан немере ұлға, немере ұл­дан шөбере ұлға, яғни аталық желі­ден ұрпақтан-ұрпаққа шексіз кө­шіп отыру үдерістері кезеңінде бел­­гілі бір мөлшерде өзгеріске ұшы­рап отырады. Алайда соған қа­ра­­м­астан, түпкі генеалогия­лық код­­­тың дені бастапқы күйі мен са­п­а­сын сақтай отырып, келе­сі ұр­­пақ­­тарға шексіз жалғаса береді.

Осы ғажап құбылыстың еш­бір күмән тудырмайтын нақты дәлелдерін жоғарыда аталған Гарвард университетіндегі ДНК-генеалогия саласының ғалымдар тобының қол жеткізген нәтиже­лері­нен де анық байқауға болады. Мәселен, әлгі ғалымдар Еуропа халықтарының байырғы ататектерінің біріне тән ДНК-ның бәлендей өзгеріссіз-ақ, бү­гінгі таңда Таяу Шығыстағы сар­диниялықтардан, басктардан және друздардан табылып отырғанын алға тартады. Сонымен қатар әлгі ғалымдар ашқан байырғы халықтардың енді бір генетикалық тармағы­ның бағзы замандарда Еуропада қоныс тепкен аңшы қауымдардан тарағаны да құпия құбылыс. Сосын, ең ғажап жұмбақ болып отырған осы мәселе – әлгі аң­шы­лар қауымы ДНК-сының Сол­түс­тік Сібір халықтарымен қатар байырғы америкалық «үндіс­тер­дің» генотипінен де қоса табылып отырғандығы. Бірақ бұл жұмбақтың жауабына көп ұза­май көз жеткізетін боламыз.

Әлгі ғалымдар америкалық «үндістердің» аналық желіден тарайтын митохондральдық ДНК-сын, одан да дәлірек айт­қанда, анадан келесі ұрпақтарға беріліп отыратын генетикалық ақпаратты зерттеу барысында байырғы америкалықтардың о бастағы азиялық түпнұсқа геномының бастау көзі осыдан 25000 жыл бұрын азиялық Сібірден тамыр алғанымен, Америка кеңістігіне олар тек 15000 жыл бұрын ғана келіп жеткенін анықтаған. Бұл жұмбақ құбылыстың түпкі сырын ашу үшін ендігі жерде ғалымдар 52 байырғы америкалықтардың ге­номдары мен көне Сібір ха­лықтары өкілдерінің 17 геномын салыстыра отырып, екі тарап арасындағы генети­ка­лық алшақтықтар мен ұқсастық­тар­ға қатысты 300 мың ДНК тізбектерінде орын алған му­тация­лық заңдылықтарды анық­тап, оларға жан-жақты талдау жа­саған. Алайда байырғы амери­ка­лық­тардың ДНК-сын анық­тау кез­інде 1492 жылдан бастап, Жаңа Әлемге Африка мен Еуро­па­дан келесі 500 жыл бойы толас­та­май ағылған келімсек­тердің сал­дарынан орын алған нәсіл­аралық қан араласу факторы ға­лым­дардың қолға алған негізгі ны­саналы зерттеу жұмы­сы­на біршама қиындықтар тудыр­­ған. Бірақ ғалымдар бұл қиын­­дық­тарды да жеңіп, ДНК-генеа­­ло­гиялық әдістің көмегімен ба­йыр­­ғы америкалықтардың түп­нұс­­қа генотиптерін кейінгі (аф­ри­­калық немесе еуропалық) ге­ном­­да­рдан толық ажыратып алады.

Ғалымдар ашқан және бір жаңа­лықты да назардан тыс қал­дыруға болмайды. Мәселен, 1920 жылы Орталық Сібірден, одан да дәлірек айтқанда, Бай­кал көлінің маңайындағы Мальта селосының жанынан та­был­­­ған бір жасар ұл баланың қаңқа сү­йек­терін, әсіресе архео­ло­гия ғылы­мында артефакт бұйым­дар­­дың жасын дәл анық­тау үшін міндетті түрде қол­да­ны­ла­тын радиокарбон (C-14) әді­сі­мен қатар, ДНК-гене­ало­гия­­лық әдістеме тұр­ғысы­нан да қа­тар зерттеп, терең саралау бары­сында, ғалымдар әлгі сүйек­тер­дің жасының 24000 жылға теңе­летінін ғана емес, ең таң­­ғаларлығы, байырғы амери­ка­лық «үндістердің» 30%-ның сібірлік геномның мұрагері екен­­дігін де дәл анықтаған.

Сібірлік әлгі қаңқаның қа­сы­нан кремнийден жасалған құрал-саймандармен қатар бисер моншақтардан жасалған алқа мен мойынтұмар және тас дәуіріне тән өзге де бұйымдар табылған. Сосын, ғылым үшін ең маңызды болып отырған негізгі фактор – бүгінде Санкт-Петер­бургтің Мемлекеттік Эрми­таж музейінде сақтау­лы тұрған әлгі қаңқа сүйектерге бірінші болып жан-жақты ДНК-генеалогиялық сараптама жүргізе келіп, сол ба­йыр­ғы скелет иесінің кім екенін дәл анықтаған Ресейдің гене­тик ғалымдары емес, АҚШ,Ұлы­британия және Дания сынды оза дамыған мем­лекеттердің абы­рой-атақтары әлемге танымал ДНК-генеалогия ғылымының білікті де білгір мамандарынан арнайы іріктелген халықаралық ғылыми коман­да екендігі. Со­сын, бұл салиқа­лы фактор әлгі нәти­желердің қан­ша­лықты сенім­ді екеніне еш күдіксіз әрі түбегейлі көз жеткізеді.

Дей тұрғанмен, ғалымдар Амери­каға Африка мен Еуропа­дан Колумб дәуірінен кейін келген иммигранттардың геномдары байырғы америкалықтардың геномдарына айтарлықтай әсер еткенін де назардан тыс қал­дырмаған. Сосын, ғалымдар Еура­зиядан жеткен екінші және үшін­ші миграциялық топтар­ға тән геномдардың, әсіресе арк­ти­калық эскимос-алеут тіл­дерін­де сөйлейтін этностық «үндіс­тер» мен на-дене тілінде сөй­лей­тін канадалық чипева «үндіс­теріне» тигізген әсерінің мол болғанын да анықтаған. Со­лай бола тұрғанмен, әлгі атал­ған халықтардың өздері де, өз геном­дарының басым көпші­лігін, атап айтқанда, эскимос­тар мен алеут­тер өз ДНК-сының 50%-дан ас­тамын, сол сияқты чипе­ва­лық­тар 90%-ға жуығын ең бас­тап­қы толқындағы байыр­ғы еура­зия­лықтардан мұра­лағ­аны дәлелденіп отыр. Сосын, Амери­ка­ның оңтүстігіне неғұрлым терең бойлаған сайын, азия­лық гено­типтің солғұрлым азая түсе­тіні, яғни о бастағы сібірлік геном­­­ның Оңтүстік Американың байыр­ғы халықтарында өте сирек кез­десетіні де қоса айқын­далып отыр.

Генеалогиялық және эколо­гия­лық тұрғыдан жүргізіл­ген зерттеулердің нәтижелері­не қа­ра­ғанда, байырғы амери­ка­лықтардың түпкі тектері Азия­ны 25000 жыл бұрын артта қал­дырған. Солай бола тұрғаны­мен, олар Америкаға тек 15000 жылдан кейін ғана келіп жеткен. Сондықтан да ғалымдар «мұның себебі не болуы мүмкін?» деген сауалдың туындайтынын ескере отырып, бұл құпияның сырын да жан-жақты іздестірген. Мәселен, олар бүгінгі Беринг бұғазының табаны мен Аляскаға тиіп тұрған батпақты алқап­тар­ды геологиялық тұрғы­дан жүр­гізілген зерттеу жұмыстарының нәтижелеріне сүйене отырып, Берингия жермойнағының кли­маты мен қоршаған ортасы ол замандарда байырғы сібір­лік­тердің өмір сүруіне әбден лайық­ты болғандығын да, соның арқасында олардың әлгі аймақта 10000 жыл бойы мекендеп қал­ғанын да, сондай-ақ, байырғы сі­бір­­ліктердің генотипінде әлгі дәуір­­лерде белгілі бір мута­ция­лық өзгерістердің орын алға­нын да ДНК-генеалогиялық ғылы­мы­ның көмегімен толық дәлелдеп шыққан.

Аталған дәуірдегі Берингия жермойнағында қалыптасқан экологиялық және климаттық ахуалдың Сібірден алғаш қоныс аударушылардың өмір сүру жағдайына лайықты болғанын 2019 жылы 31 қаңтарда арнайы хабар таратқан Канаданың CBS News телеканалы да растап шықты. Әлгі хабарға Канаданың солтүстік батысындағы Юкон территориясының орталығы Уайтхорс қаласындағы геолог ғалым Джеф Бондтың терең ғы­лыми-зерттеу жұмыстарының негізінде құрастырған, осыдан 18000 жыл бұрынғы Берингия жермойнағының картасы негіз болған. Бұл картадан әлгі жер­мой­нақтың мұздан арылған, көлдер мен өзендерге бай жасыл аймақ болғаны айқын көрініп тұр. Сосын, археологиялық ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижелері де Берингияда ол заманда ормандар мен жасыл алқаптардың да, мамонт және бизон секілді сүтқоректі алып жануарлардың болғанын да қоса дәлелдеп отыр.

Сөз соңында бүгінгі Амери­ка­ның Нью-Мексико штатын­дағы Кловис қаласының маңы­нан табылған мұз дәуіріне тән бір жарым жасар тағы да бір ер баланың геномына ДНК-гене­а­логиялық технологиямен өте мұқият жүргізілген ғылы­ми-зерттеу жұмыстарының нәти­желері ғалымдарға Солтүстік Американың байырғы да тұң­ғыш тұрғындарының түпкі тегінің Еуропадан емес, тікелей Азиядан тарағанын бұлтартпас дәйекпен дәлелдеп бергенін айту парыз. Бұл ғылыми сараптама бойынша, қос Американың байырғы тұрғындарының шамамен 80 пайызға жуығы жоғарыда аталған Кловис мәдениетіне тән геномдардан тарайтыны, сон­дай-ақ сол геномдардың үштен бірі­нің осыдан 24 мың жыл бұ­рын­ғы сібірлік геномнан бас­тау алатыны да қоса дәлел­деніп отыр. Демек, байырғы амери­ка­лық­тардың сібірлік немесе одан да нақтырақ айтқанда, алтай­лық түпкі тегіне қатысты архео­­ло­гия, генетика, биология, хи­­мия, және палеолингвис­тика ғылым­дарының қол жеткіз­ген нәтиже­лері, енді, міне, ДНК-гене­ало­гия­­лық жаңа ғылымының тара­­пы­­нан да толық қолдау тауып отыр.

Ендеше, ғасырлар бойы әлем ғалымдары, оның ішін­де, кейін­гі ширек ғасырда біз­дер зерт­теп келген кең арналы ғы­лыми жұмыстарда түйін­дел­ген пікірлер мен пайымдар­дың жай ғана гипотеза емес, енді міне, іргетасы мықты тео­рия­ға айналғанына көз жет­кізіп отыр­­ғанымыз рухани жаңғы­ру­­ды бас­тан кешіріп отырған өз елі­міз үшін де, күллі түркі өрке­­ниеті үшін де баға жетпес құн­­дыл­ық болары күмән тудыр­май­­ды. Со­сын, олай емес деуге жоға­ры­­­да кел­тірілген бұлтарт­пай­­тын ғы­лы­ми дәйектер мен іргелі де­рек­­көз­дері мүлде жол бермейді.

 

Әділ АХМЕТОВ,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық Жоғары мектеп ғылым академиясының академигі