Қоғам • 13 Мамыр, 2019

Мемлекеттік тіл ғылым тіліне айналуы тиіс

2379 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Тіл – ұлтты танудың қайнар көзі, ұлттық дүниетанымның коды. Алайда, қазақ тілінің мемлекеттік ғылыми пәндер тізбесінен алынып тасталуы – ғалымдарды толғандырып отырған өзекті мәселе.

Мемлекеттік тіл ғылым тіліне  айналуы тиіс

Қазақ тілі мемлекеттік тіл дәре­же­сін­де тұрғанымен де оны әрі қарай дамы­туда көптеген олқылықтың орын алып отырғанымен бөліскен ака­демик Өмірзақ Айтбайұлы «Еге­мен Қазақстан» газетінде жарық көр­ген «Ұлттық терминология жайы ойлан­тады» атты мақаласында «Тілдің өмір­шең­ді­гінің басты кепілі – оның ғылым тіліне айналуы. Ғылым тілінің тірегі – терминология. Ұлттық терминология өркендемей, ұлт тілінің де өрісінің кеңейе қоюы неғайбыл» деген ой тас­тайды.

Ғалымның айтуынша, орта мектептерде жаратылыстану пәндерін ағыл­шын тілінде өту қазақ тілінің ғы­лым тілі ретіндегі қызметін шек­тей­ді, оның салдары жылдар бойы қа­лып­­тасқан әрі қолданыстағы ғылыми тер­миндерден біржолата ажырап қа­лу­ға соқтырады. Сонымен бірге арнау­лы орта және жоғары оқу орындарында қазақ тіліндегі оқу құралдары жетіс­пей­ді. Қазақ тілінде жүргі­зілген ғы­лы­ми зерттеулер, қор­ғал­ған диссертациялар статистикасы да көңіл көн­шітпейді. Осы орайда ғалым ғы­лыми зерттеулерді қазақ тілін­де жүр­гізуді міндеттейтін, ынталандыра­тын шаралар кешенін қол­ға алу, ғылыми әдебиеттерді шет тіл­де­рі­нен қазақ тіліне аударуға оқыту­шылармен қатар, магистранттар мен док­­торанттарды тарту және шет тілін­дегі терминдерді қазақ тіліне аудару мәсе­лесіне де тоқталды.

Қазақ терминологиялық жүйе­сін қалыптастыру мен зерттеу сала­сын­дағы жетекші ғалым халы­­қа­ра­лық терминдердің тегі латын, грек тілде­рінен бастау алатын еуропалық тілдерде жатқанын, «халықаралық терминдер» деп қолданып жүрген атаулар орыс тілінің заңдылығына бейімделгенін айтады. Бұл бағытта Ахмет Байтұрсынұлы бастаған білім­паз ғалымдардың ғылыми негіздеген терминжасамға қойылатын өз қағи­дат­тары бар. Сондықтан елімізде термин шығармашылығы жүйесін жетіл­ді­ру, Терминком жұмысын жаңаша ұйымдастыру, оның пәрменін арттыратын кез келді дейді.

Осы орайда Ахмет Бай­тұр­сын­ұлы атындағы Тіл білімі инсти­тутының директоры, филология ғы­лым­­­да­рының докторы, профессор Ер­ден Қажыбек елі­міздің жоғары оқу орын­да­рындағы магистратура мен докто­рантурада оқитын жас ғалымдар үшін мемлекеттік пәндер классификаторы­на қазақ тілінің он шақты саласын енгізу қажеттігін айтады.

«Бүгінде тамыры тереңге ке­тетін ұлт­тық терминологияның, жер-су және кісі аттарының, медиа (БАҚ, ТВ, кино) тілі, әлеу­меттік лингвис­тика, сөз шебер­лігі және басқа көптеген мем­лекет­тік тілді дамыту мәселе­лері маңызды сала ретінде мем­ле­кет­тік класси­фи­каторға мүлде ілін­бей отырғаны – елді­гімізге сын. Терми­нология дамымай, ана тілінің, қазақ тілінің әр тарма­ғы жеке пән ре­тінде сараланбай, мемле­кеттік тіл өркен­де­мей­ді», дейді ғалым.

Тақырып желісіне орай ой қозғаған филология ғылымдарының докторы, про­фессор Жамал Манкееваның тұ­жы­рымына сүйенетін болсақ, магис­трлер мен докторанттардың бағдар­ла­ма­сына қазақ тілі пәнінің енгізілмеуі – үлкен олқылық. Қазақ тіл білімінің негізін салушылар А.Байтұрсынұлы, Қ.Жұбанов атап көрсеткендей, тіл – қарым-қатынас құралы ғана емес, оның танымдық құрал ретіндегі қыз­ме­тіне де айрықша назар аударуымыз қажет.

Жамал Айтқалиқызының айтуынша, қазақ тілін зерттейтін әлемдегі бірден-бір орталық Тіл білімі институтында бүгінде жаңаша мектеп – антропоөзектік немесе адамтанымдық бағыт қалыптасып келеді. «Адам­та­нымдық үрдіс тілді ұлттың болмысын, болашағын, кешегісін тану мәселесімен қоса қарастырады. Осы орайда қазақ тілі білімінің негізін салған А.Байтұрсынұлының «Қазақ тілінің барлық мүмкіншілігін сарқа пайдалану керек. Ол болмаған кезде барып басқа тілден кірме сөздер алынғаны жөн» деген тұжырымын, сонымен қатар академик Әбдуәли Қайдардың «Тілші ғалым тамыршы сияқты болуы керек, сонда ғана тілдің терең мазмұнындағы ұғымдарды танимыз» деген қағидасын ғалымдар басты назарда ұстап келеді», дейді лингвист ғалым.

Филология ғылымдарының докторы, профессор Құралай Күдеринова барлық мамандықтың ғылыми-зерт­теу саласы, соған бағыттайтын жолы ре­тінде магистратурада қазақ тілін оқытуға байланысты пікірін былайша өрбітеді: «Еліміздегі жоғары оқу орындарындағы магистратуралар екі бөлім (қазақ-орыс, қазақ-ағылшын) немесе бір бөлім түрінде оқытылады. Алайда, ғылым тілі ретінде қазақ тілі гуманитарлық салада қолданыста болғанымен, информатика, биология, медицина, химия, т.б. салаларда қолданылмайды. Яғни, бұл салаларда аты бар, заты жоқ қазақ тілін қолданады. Қазақ бөлімдеріндегі ғылыми жұмыстарда терминдер бір­келкі қолданылмай, стилінің аудар­ма немесе калька түрінде жазыл­уы қалыпты жағдайға айналған. Кейде зерттеу жұмысының мазмұнын түсі­ну қиын. Себебі жаратылыстану ғылым­да­ры қазақ тілінде зерттелмейді. Ма­ман­дар қазақ тілінде ойланбайды. Ойланғанның өзінде, оны жеткізуде орыс тілінен аударып жеткізеді немесе жарымжан аудармасы мен стилі қазақ тіліндегі диссертацияға жарай береді деген түсінік қалыптасқан. Аударма сипатындағы қазақ тіліндегі зерттеулерді оқып түсіну мүмкін емес. Мұны тоқтату үшін филологиядан басқа мамандықтардың магистратурасында «Ғылыми қазақ тілі» пәнін енгізу қажет. Пән міндетті түрде екі немесе үш кредит оқытылып, бағдар­ла­маға саланың бекітілген және нор­ма­ға айналған терминдері, ғылыми стиль­дің сөз саптауы мен жүйесі, құры­лымы, сөз тіркесі синтаксисі енгі­зілуі қажет. Ауызша ғылыми сөз бен жазба сөздің жүйелілігі, мәтін логикасы мен құрылымы қарастырылса, жаратылыстану ғылымдары, тіпті туризм мен география саласы да қазақ тіліне жақындай түскен болар еді.

Осы тұрғыдағы ойымен бөліскен филология ғылымдарының докторы, профессор Бағдан Момынова: «Қазіргі ғылымдар парадигмасында ұлттық, мәдени кодтар туралы жиі айтылады. Мәдени кодтарды әркім әр түрге бөледі. Бірақ есте болатыны – кез келген нәрсе, құбылыс код бола алмайды, код ретінде әрбір ұлт мәдениетінің архетипі саналатын базалық кодтар алынады және бұл әрбір ұлттың, ұлыстың әлемді түсінуінің қарапайым түрі ретінде тілдік санада орныққан, әбден қалыптасқан болуы тиіс. Бұл кодтардың ішінде вербалды немесе тілдік кодтың орны бөлек. Себебі бұл код мәдени кодтар жүйесіндегі жеке-дара өзіндік ерекшелігі мол, басқа кодтарды вербалдандыратын, сөз арқылы заттандыратын ерекше код – Метакод», деп атап өтті.

Қазіргі қоғамдық-әлеуметтік даму сипа­тына сай қазақ тілін ұлттық дү­ни­е­­­ні танып, дәстүрлі жолмен жүр­уін ғана күйттейтін тіл деңгейінен жоға­ры­­лаған, түрлі ғылым салаларында ақ­парат алмасатын, әлеуметтік-тұр­мыс­тық, әлеуметтік-мәдени, ғылыми-техни­калық, қоғамдық-саяси, кәсіби білік­­тілік тіліне айналдыру өзекті мәсе­­леге айналып отыр. Осыған орай профессор Бағдан Момынова өз ойын «Қазақ әдеби тілінің ғылыми сти­­лін жас ұрпақ ауызша әдеби тіл дең­гейі мен жазба тілде меңгеретін уа­қыт жетті. Ұлттық сана шеңберінде қалып қояды деген қорқыныштан арылып, керісінше қазақ тілі арқылы адамзаттық құндылықтарды қазақ тілінде сөйлетуді жетілдіру қажет. Ал қазақ тілі мен әдебиеті қазақ ұлтының феноменді белгісі ретінде адамзаттық құндылықтар қатарынан орын алатыны сөзсіз.

 

 

АЛМАТЫ