Қоғам • 13 Мамыр, 2019

Өркениет пен дамудың қайнар көзі

1781 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Алматыда Тұңғыш Президент – Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақаласын талқылауға арналған «Тарихи сананы жаңғырту аясындағы қазiргi заманғы гуманитарлық бiлiм мен ғылымның жаңа көкжиектерi» атты халықаралық ғылыми-тәжiрибелiк конференция өткізілген болатын.

Өркениет пен дамудың қайнар көзі

Білім және ғылым министр­лігі Ғылым комитеті Философия, саясаттану және дiнтану инсти­туты ұйымдастырған бұл басқосу­ға Ресей, Қытай, Грузия сияқты бірнеше елдің мамандары, бiрқатар қоғам және мемлекет қайраткерi, жоғары оқу орындарының басшылары мен еліміздің аймақтары­нан келген отандық зерттеушілер қатысты.

Ғылыми форумның жұмысы бары­сында сөз алған И.Джава­каш­­вили атындағы Тбилиси мем­­лекеттік университеті Сая­сат­тану институтының директоры, профессор Малхаз Мат­­цаберид­зе Қазақстанның жар­қын бо­ла­шағына сенетінін, екі ел ара­сын­дағы мәдени, тарихи, ғылыми, экономикалық бай­ланыстардың әрі қарай нығая түсетінін білдірді. Сонымен қатар басқа елдерден келген ғалым­дар да Елбасының ел алдына қойып отырған рухани жаңғыру аясындағы «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласына ерекше тоқталып, ұлттық бірегейлік пен ұлттық тарихымызды зерделеу бағытындағы қадамдарымызға қызығушылық танытты.

Санкт-Петербург гуманитар­лық университетінің профес­соры, саясаттанушы-ғалым И.Цепкова өз сөзінде Қазақ­стан­дағы басқарушы органдардың ұлтаралық келісім­ді нығайтуға тәжірибесі мол еке­нін атап өтіп, халық арасын­дағы әлеуметтік, мәдени, діни қатынас­тардың төзімділік секілді нәзік сезімдер­ге арқа сүйейтініне және қоғам­дағы бірліктің тұғыры берік орнағанына назар аударды.

Елбасы айтулы мақаласы арқылы алдымызға ауқымды міндеттер қойып отыр. Енді соны аса біліктілікпен, іскерлікпен ел игілігіне айналдыруымыз қажет. Мақалада көрсетілген страте­гия­лық бағдарлар керемет идея­ларды қолға алуға мұрындық болары анық. Әсіресе жастарды ауқымды жобаларды жүзеге асыруға батыл түрде тарта бас­тау керек.

Біздің заманауи білікті ғалым­­дарымыз, философтарымыз бен саясаттанушыларымыз, дінтану саласының мамандары көптеген күрделі мәселені терең зерделеу­мен айналысып келгені бел­гілі. Дегенмен, қазіргі рухани жаң­ғыру жағдайындағы бір­шама қай­шылықты мәселені ғылы­ми объективті айшықтауға белсен­ділікпен атсалысып, бел шеше кірісіп кететін уақыт та келді.

Біздің институтымыз өзінің алпыс жылдық тарихында философия, құқық, әлеуметтану, саясаттану, дінтану салалары бойынша көптеген ғылыми-зерттеу жобасын орындаған болатын. Мемлекеттік «Мәдени мұра», «Халық – тарих толқынында», «Ғылыми қазына» бағдарламалары ауқымын­да зерт­­теулер жүргізіп, көптеген іс ат­қарды. Президент Әкімшілігінің тақырыптық жоспарын жүзеге асыру аясында «Тәуелсіз Қазақ­стан­ның құндылықтары және мұраттары» атты жобаны табысты орындады.

Институт 1958 жылы Қазақ КСР Философия және құқық ғылыми-зерттеу институты болып құрылған еді. Ал 2012 жылдан қазіргі уақытқа дейін Философия, саясаттану және дінтану институты деп аталады. Институтқа академиктер Салық Зиманов, Жабайхан Әбділдин, Мұрат Баймаханов, Әбдімәлік Нысанбаев жетекшілік еткенін атап өтуге болады. Одан кейін де көптеген білікті басшы басқарды. Осы уақыт аралығында қазақстандық философияның, саясаттанудың және дінтанудың бет-бейнесі айқындалып, олар­дың халықаралық беделі артты. Әсіресе әлемдік философиялық қоғамдастықтың алдында мо­йындалуы, халықаралық ұйым­­ға мүше болып қабылдануы көр­нек­ті деңгейде көрініс берді. Мұ­ның бәрі институт ғалымдары­ның шығар­машылық саласын­дағы қажырлы еңбегі, ғылыми-теория­лық және практика­лық зерттеулерінің нәти­жесі деуге болады.

Бүгінде Философия, саясаттану және дінтану институты еліміздегі танымал жоғары кәсіби ғылыми-зерттеу орталығы саналады. Институт үш басты бағыт бойынша жұмыс істейді: философия, саясаттану және дінтану. Онда бір ҰҒА академигі, екі ҰҒА-ның корреспондент-мүшесі, жиыр­мадан аса ғылым докторы мен ғылым кандидаты және оннан аса PhD докторы ғылыми-зерттеу жұмыстарымен айналысады. Институт қабырғасында жас ғалымдар білім алуда, жас мамандар даярлануда.

Философия, саясаттану және дінтану институтында жүргізі­летін кешенді ғылыми-зерттеулер адамның сана-сезімін, рухани жетілуі мен шығармашылық жасампаздығын, білім мен ғылым мәселелерін жан-жақты талдауға негізделген. Адами капиталды әлеу­меттік-философиялық тұр­ғыдан зерттеуге арналған бірнеше ұжымдық монографиялар, ғылыми мақалалар соңғы жылдары көптеп жарық көруде.

Тұңғыш Президент – Елбасы өз Жолдауында еліміздің білім-ғылым саласына қомақты қаржы бөлу керек екенін ескер­теді. Ғылым мен білім сияқты стратегиялық маңызды салаларға көңіл бөлінетін болса, онда біз дамыған елдердің қатарына тезірек қосыла алатынымыз кәміл. Ғылымға ден қоя­тын, бет бұратын жастардың қатары көбейеді, әлеуметтік ахуалы да жақсарады.

Бүгінде көптеген елдермен ғылыми қатынасын өрбітіп отыр­­­­ған Философия, саясаттану және дінтану институты Ре­сей, Беларусь, Әзербайжан, Қыр­ғыз­стан, Қытай, Германия, АҚШ, Түркия, Иран, Өзбекстан, Тәжік­стан және басқа да елдердің ғы­лы­ми-зерттеу орталықтарымен ты­ғыз ғылыми ынтымақтастық орнат­қан. Институт базасында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Абай атындағы ҚазҰПУ және т.б. жетекші қазақстандық жоғары оқу орындарының магистранттары мен PhD докторанттары тағылымдамадан өтеді.

Гуманитарлық салада жүзеге асырылуға негізделген «100 жаңа оқулық» жобасының жас ұрпаққа білім беру ісіндегі маңызы зор екендігі даусыз. Жобада атап өтіл­гендей, студенттердің тарих, сая­саттану, әлеуметтану, философия, психология, мәдениеттану, фи­ло­логия салалары бойынша толық­қанды білім алуына барынша мүмкіндік жасалуы айтылған. Пре­зиденттің атап көрсеткеніндей, бұл жоба қоғамдық сананың жаң­ғыруына тың мүмкіндіктер ашып, адам дамуы мен жаңа өрке­ниет­ке қадам басуына негіз бола­ды. Соның нәтижесінде әлемдік дең­гейдегі білімнен сусындап, интел­лектуалдық жетілу арқылы рухани өркендеу басталатыны айқын.

Елбасының гуманитарлық білімге ерекше мән беруінің сыры тереңде жатыр. «Біз ендігі жерде қазақ тілін дамытамыз, оны білім мен ғылым тіліне айналдырамыз» деген ой түйінделеді. Демек, шет тілдеріндегі оқулықтар мен ғылыми әдебиеттердегі маңызды ақпаратты түпнұсқадан ала білуі­міз қажет. 100 жаңа оқулық, міне, осыған кеңінен жол ашады. Бұл – баға жетпес рухани байлық.

Болашақта жастарымыз өр­кениетке бет бұрған, саяси бел­сенді, төзімді, діни сауатты, мәдениеті жоғары, Отанын құр­меттейтін нағыз азаматқа айнал­ғанын қалаймыз. Олар білікті де білімді зиялы тұлға ретінде өз құқықтары мен бостан­дықтарын бағалайтын, патриот ретінде елін, жерін сүйе білетін, соның қадіріне жететін, құрмет тұтатын болулары тиіс.

Адами капитал дегенде біз білім сапасын назарда ұстауға тиіспіз. Білімнің күнделікті өмір­дегі маңызының артуы мен бәсе­кеге қабілеттілік мәселесінің өзек­тен­дірілуі арту үстінде. Ғылым­ның рөлін арттыру, оның әртүрлі салаларын дамыту арқы­лы біз Қазақстан ғылымы мен ғалым­дарының мәртебесін көтереміз.

Алдағы уақытта еліміздегі философия мектебі қоғамдық сананы жаңғыртудың жаңа көк­жиектерін, Қазақстанның өзіндік ерекшелігін қалыптас­тырудағы саясаттану ғылымының рөлін анықтап, қазіргі заманғ­ы дінтану саласындағы зерттеу­лер­дің әдіс­намасын, тәжіри­бесі мен келе­шегін дамыта түсері анық.

Институт ғалымдарын ауқым­ды міндеттер күтіп тұр. Саясат­­тану­шылар еліміздің ұлт­тық қауіп­сіздігі мәселесіне, мемле­кет­тік басқару шарасын жетіл­діру ісіне, қазақстандық қоғам дамуының өзекті тұстарына ерекше назар аударады. Бұл тұрғы­да Қазақстан халқы Ассамблеясы­ның Алматы қаласы бойынша ғы­лы­ми-сарапта­малық тобы біз­дің ғалымдарымыз шоғыры­мен іскерлік байланысты нығайта түскен.

Қазақ халқының рухани әлемін жүйелейтін қазақ философиясы ежелден қалыптасқан даналық туралы ілім. Әл-Фараби бабамыздан бастап, басқа да өткен тарихи дәуірлердің ойшылдары айтып кеткен баға жетпес даналық мол рухани мұралар әрдайым зерттеліп, дамытыла түседі. Біздің тұжырымдауымыз бойынша, әрбір халық өзінің алдыңғы қатарлы тарихи тұлғаларын танып, ұлт болмысының қалыптасу және даму заңдылықтарын анықтауға талпынуы заңды.

Осы тұрғыдан алғанда біз үнемі қоғамдық сананы жетілдіре түсуге баса назар аударуымыз керек. Ұлттың бірегейлену дәстүрі ұлт руханиятына, ұлттың көрнекті тұлғаларының зияткерлік қызметіне тікелей байланысты. Сондықтан біз үшін қоғамдық сананы жетілдіру мәселесі басты назарда болуы тиіс. Тарихымызда белгілі ойшылдар, философтар мен ғалымдар аз болмаған. Солардың еңбегін саралап, өткеніне көз жүгіртіп, бүгінімізбен ұштастыра зерттеуіміз қажет.

Өткен тарихымызға, таным-түсініктеріміздің эволюциясына, болмысымызға көз жүгіртсек, ғалымдарымыз ұдайы тынбай ізденістің, білімділіктің, ғалым­дықтың үлгісін көрсетіп келеді. Қоғамдық сананы жетілдіру үшін ұлттық бірегейлік, азамат­тық ұғым, тұлғалық бейне қалып­тасуы тиіс. Оның негізгі белгі­лері – ұлттық тәрбие, салт-сана­ның, дәстүрдің сақталуы, тарих­қа деген құрметтің, ұлттық құнды­лық­тардың ұмытылмауы, заман талабына сай бейімделу, білімді болу, ғылымның мемлекетке тигізер пайдасын бағалау, ұлттың дербестігін уақыт талабына сай нығайта білу. Қоғамдық сананы жетілдіре отырып ұлттық бірегейлікке күш бере­тін ұлттық сана, отанды сүю, отан­шылдық, ауызбіршілік, ержүрек­тілік, төзімділік, сауаттылық, адал­­д­ық, тазалық, тәртіпке бағыну, қабілет­тілік секілді қағидаларды қа­лып­тастыру маңызды. Осын­дай құндылықтар жүйесін өрбі­тіп отырсақ ол өркениетті дамуы­мыз­дың бастауы болары анық.



Ақан БИЖАНОВ,
Философия, саясаттану және дінтану институтының директоры, саяси ғылымдар докторы, профессор