Табиғат жанашырының айтуынша, экологиялық жағынан таза, құстары көп (әсіресе, дала үйректері), ақсуаттықтардың сүйікті демалыс орнына айналған өзеннің суы 5-6 жыл бұрын бұзылып, суға түскен адамдардың денелері бөртіп шыға келіпті. «Содан кейін жергілікті тұрғындардың сұрауы бойынша көл суын алып, аудандық СЭС мекемесі арқылы Өскеменнің зертханасына жібергенімізде судың құрамында зиянды заттардың барлығы анықталып, Қоскөлдің суына адамдар түсуге болмайды деген қорытынды берді. Өткенге сәл шегініс жасасақ, Қоскөлдің суы Кеңес заманында құрғақшылық жылдарында бір мәрте тартылып қалған болатын. Міне, сол кезде аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Тұрсынғазы Қобаев табиғат қорғауға үлкен үлесін қосып, Амангелді (қазіргі Көкжыра) совхозына тапсырма беріп, Қарымсақ тоғанынан су әкелдіріп, көлдің көзін аштырып, Қоскөлді қалпына келтіріп, аман алып қалып еді. Бұл жұмысқа марқұм Сейсеке Нағымжанов бел шеше кіріскен еді. Енді міне, осындай игілікті істі ауданымызға жаңа келген әкім Серікқазы Құсайынұлы жалғастырып, ұзақ уақыт пайдалануға жарамсыз болып қалған көлге су тартқызып, қалпына келтіру жұмысын бастап жіберді. 23 сәуір күні Қарымсақ тоғанынан Қоскөлге су тартқызды. Тура сол күннен бастап Қоскөлдің арнасы тола бастады. Осындай жақсылықты естігеннен кейін аудандық мәслихат хатшысы Сәумен Жақаев, мәслихаттың аппарат басшысы Данияр Жанатпен бірге Қоскөлдің басына барып, өз көзімізбен көріп қайттық. Бұл іске атсалысқан Сәтбаев ауылының азаматтарына, демеуші болған кәсіпкер Рүстем Ықыбаевқа, «Көкжыра» кооперативінің төрағасы Бағдат мырзаға, депутат Кенжебек Шыныбаевқа ауыл тұрғындары алғыстарын айтуда. Көл басында Сәтбаев ауылының тұрғыны Шүкірат Құлмановпен кездескенімізде бізге өзенге ие болатын қожайын керектігін айтып: «Сонда көлге келгендер машиналарын жумайды, қоқыс шашпайды» деген өтінішін жеткізді», – дейді Е.Құттыбаев.
Шығыс Қазақстан облысы,
Тарбағатай ауданы