Аймақтар • 13 Мамыр, 2019

Майдангерге құрмет

940 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Мағаз Бірімжанұлы Баянауылдың Байтеке қыстауында тұрады. Аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі қаражат бөліп, ардагердің қыстаудағы үйіне күрделі жөндеу жүргізіп беріпті.

Майдангерге құрмет

Ауыл әкімі Ардақ Кісен­­таевтың айтуынша, жасы 94-ке келген Ма­ғаз ата ауданға, ауылына сый­лы. Тау баурайында туып-өскен атамыздың ден­­саулығы да туған жері­нің табиғатымен үндестік тапқандай. Тың.

1942 жылы майданға аттанып, 2-Украин майданы шебінде соғысқан, 2 рет «Ерлігі үшін»,  «Гер­манияны жеңгені үшін», «Маршал Жуков» медальдарымен, ІІ дәре­желі «Отан соғысы» орде­німен марапатталыпты.

Мағаз Бірімжанұлы ұзақ жыл қой бағыпты, 1995 жылы «Мағаз» шаруа қожалығын құрып, 2016 жылға дейін ша­руа қожалығын бас­қарды. Аудандағы мал шаруа­шы­лығын дамытуға сүбелі үлес қосты. Ең­бек Қызыл Ту ор­дені, «Еңбек­тегі ер­лігі үшін» медалімен мара­пат­тал­ған. Ауданның құр­метті азаматы.

Ақсақал бүгінгі күні шаруа қо­­­жалығын басқаруды, яғни ата таяғын ұстауды ұлы Жаңбырбайға берген. Бәйбішесі Қоңыртай апа екеуі 4 ұл, 1 қызды тәр­­бие­леп өсірді. Қазіргі кү­ні 18 неме­ресі мен 30-ға жу­ық шөбере-жиендерінің ортасында бақытты өмір сүріп жатыр.

– Мереке күні Мағаз атамызды құттықтап барамыз. Соғысқа қатысқан ар­дагерлерге бір реттік кө­мек ретінде 150 мың тең­ге беріледі, – дейді ауыл әкімі.

Күні кеше облыс әкімі Болат Бақауов Мағаз ақ­­­­са­қалды да 9 мамыр ме­­ре­кесімен құттықтап, сый-құрмет көрсетті. Май­дан­­­гердің ұрпақтары да әке шаңырағына жиналды.

– Облыс басшысы әке­мізді еске алып, мерекемен құттықтауға келгеніне қат­ты қуандық, – дейді ата­мыздың ұлы Баянбек.

 

Павлодар облысы,

Баянауыл ауданы