Экономика • 14 Мамыр, 2019

«Браунис» – тәтті шоколадтар мекені

1341 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Бүгінде бизнесте айдарынан жел ескендердің көбінің артында алтын жылғаның үстінде отырған әке, қарға тамырлы байланысы бар күштік құрылым тұрғандай сезінетіндер бар. «Әкімнің баласы әкім, генералдың баласы генерал болады» деп шегелеп қоятындар да жетеді.

«Браунис» – тәтті шоколадтар мекені
Ал атағы тек Қызылорда ай­ма­ғы­­на емес, елімізге әйгілі «Браунис-Қазақстан» серіктестігі­нің директоры Айдос Сайлығараев туралы олай айта алмасаңыз керек. «Тәуекел түбі – желқа­йық, өте­сің де кетесің» дейді халық да­­на­­­л­ы­ғы. Тәуекелдің қайы­ғына мі­­­ніп, бү­гінде бизнесте үлкен т­абы­с­қа жет­кен азаматты кезінде та­ғ­дыр маң­дайынан сыйпай қоймапты.

Орта шаруа отбасында өскен Айдос он төрт жасқа толғанда әкесі қайтып келмейтін сапарға аттанған. Буыны әлі қатпаған балаға ауыр салмақ сол кезде-ақ түскен. Анасы көшелі кісі. «Балам, өзге­лерден үздік болу үшін үздік­тердің өмір тәжірибесінен тәлім ал. Үйренуден ешқашан тартынба. Жаның қалаған жұмыспен айналыс, түпкі нәтижесіне жетпей орта жолда шалдығып қалма» дер екен. Зерек әрі қабілетті жігіт анасының осы сөзін үнемі жадына ұстаған, өмірінің кредосындай көрген.

Айдос жұмыстың ешқайсынан тартынбаған, табыс тауып, отбасына жәрдемдесу үшін бәрін де көрген. Қала іргесіндегі Тасбөгет ауылында дүниеге келген ұлан №176 орта мектептің 9-сыныбын аяқтағаннан кейін қазақ-түрік лицейінде оқиды. Жоғары оқу орнында заңгер мамандығын алады. Көп қатарластары әке-шешесіне ақша сұрап жүргенде Айдос студенттік өмірінің бос уақыт­тарында мейрамханада даяшы болып жұмыс істейді. Іскер, адал азаматтың көзге көрініп тұратыны бар. Мейрамхана қожайыны оны менеджер қызметінен көр­гісі келеді. Біреудің қолында жұ­мыс істеп, азын-аулақ ақшаны қана­ғат ету жалындап тұрған жас­қа қол емес. Тырнақтап жиған қар­жысына Айдос көлік жуатын орталық ашады. 2003 жылы азық-түлік дүкенін жалға алып, шағын және орта бизнеске қадам жасайды. Осы шаруада жүріп халықтың сұранысын зерттейді. Жинаған қаржысының мұртын бұзбастан табысты салаға салады. Айдос Сайлығараев 2009 жылы «Дастарқан» асханалар желісін, 2010 жылы «Cofeedo» кофеханасын, 2011 жылы «Браунис» кондитерлік цехын ашады. Дүкен мен мейрамханасын бір арнаға біріктіріп, өнімнің көбі шоколадтан жасалғандықтан атын «Браунис» деп қояды. Бүгінде атағы алысқа кеткен «Браунис» кофехана және мейрамханалар желісінің қысқа қайырғандағы тарихы осы.

Мұның бәрі айтылғанға ғана оңай. Үлкен табысқа жету жан­кешті еңбектен бөлек, ізденісті, үй­ренуді талап етеді. Айдостың бас­ты талабы – сапа. Ақшаның соңына түспей, сапа жетістігіне жетсең, іздеген табысың ал­дың­­нан өзі шығады. Айдос кә­сіпорнының өндірістік технологиясын жақсарту үшін «Прэко Қызылорда» консалтингтік компаниясынан «Даму» қорының кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы кеңесшілерінің көмегі­мен Германиядан SES экспертін шақыртады. Тәжірибе алмасып, жаңа, бәсекеге қабілетті өнім дайын­дауды үйренеді. Бүгінде 150-ден астам адамға нәпақа тауып беріп отырған серіктестіктің басшысы олардың әрқайсысын туған бауырындай көреді. Сыйластық, бірлік бар жерде тірлік те, табыс та бар.

Айдос Мейрамбекұлы тапқан табысын астына басып отыратын көркеуде емес. Оның ұжымы жыл сайын «Мектепке жол» акциясында тұрмысы төмен отбасының балаларын оқу-құралдары және мектеп формасымен қамтама­сыз етеді. «Ел Арай» қоғамдық қорымен бірлесіп, түрлі ауруға шалдыққан балалардың ем алуы­на демеуші болып келеді. Жыл сайын қалалық демалыс паркінде балаларға арнап үлкен торт сыйға тартады. Салмағы 80 кило, биіктігі 2 метр болатын тәтті торт бүлдіршіндер үшін балалық шақтың естен кетпес ертегісі.

Қызылордалық кәсіпкер бұл жетістіктеріне тоқмейілсіген емес. Ол Алматы қаласында «Брау­нис» желісін іске қосты. Нұр-Сұлтан қаласының да тұрғын­дарын қуантатын күндер жос­парында тұр. Болашақта шетел­діктер де қазақстандық «Браунис» өнімдерін тұтынатын болады.

Ең алғашқы табысын дая­шы­лықтан тапқан орда бұзар отыз­дағы жігіт жұрттың қалауы­мен «Қазақстанның 100 жаңа есімі» таңдауында жеңіске жет­ті. Көргенді жігіт, жақсы әке-шеше­ден тәлім алған азамат осының бәрін өзім жасадым демейді. Табыс­ты жастарды қолдап, мем­лекет­тік бағдарламаларды қабыл­даған Қазақстанның Тұң­ғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назар­баевқа алғысы шек­сіз. Об­лыс әкімі Қырымбек Көше­р­­баев та талантты жасты қолтығынан демепті. Ең бастысы табан ақы, маңдай терімен үлкен қәсіпорын құрған азамат талап болса әркімнің-ақ табысқа жететінін айтады.


Қызылорда облысы