Оқиға • Бүгін, 12:53

Ақтөбе облысы әкімдігі ғимаратындағы өрттің алдын ала себебі белгілі болды

20 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Құтқару қызметінің мәліметінше, оқиғаға электр сымдарының қысқа тұйықталуы себеп болуы мүмкін. Өңірлік төтенше жағдайлар департаментінің хабарлауынша, 300 шаршы метр аумақты жалын шарпыған, деп жазады Egemen.kz.

Ақтөбе облысы әкімдігі ғимаратындағы өрттің алдын ала себебі белгілі болды

Фото: ТЖМ

Ақтөбе облысы Төтенше жағдайлар департаменті басшысының орынбасары Евгений Овчарскийдің айтуынша, жалынның тез таралуына шатырдағы жанғыш материал – ағаш құрылым әсер еткен. Қазіргі уақытта оқиға орнында мамандар жұмыс жүргізіп жатыр. Сонымен қатар соңғы рет әкімдік ғимаратының шатыры 2024 жылы жөнделгені белгілі болды.

Оқиғаға байланысты Қылмыстық кодекстің 292-бабы «Өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу» бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу амалдары жалғасып жатыр.

Ақтөбеде облыс әкімдігі ғимаратында өрт шықты

Өрттен кейін әкімдік қызметкерлері уақытша қашықтан жұмыс істеу режиміне көшірілген. Алайда, мекеме өкілдерінің айтуынша, ғимаратта жұмыс істеуге мүмкіндік бар. Күннің екінші жартысында қызметкерлер қайтадан кеңселеріне оралады деп жоспарланып отыр.

«6 қабаттағы бірнеше кабинет зардап шекті – өрт сөндіру кезінде судан зақымданған. Құжаттар аман. 5-қабаттағы кейбір кабинеттер де ішінара бүлінді. Дегенмен жұмыс істеуге жағдай бар. Күннің екінші жартысында қызметкерлер жұмыс орындарына оралады», деді Ақтөбе облысы әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің басшысы Әлібек Байнешов.

Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, өртпен күрес кезінде қиындықтар көп болған – жалынның кең аумаққа тез таралуы, қатты түтін, жоғары температура және ғимараттың құрылымдық ерекшеліктері жұмысты күрделендірген.

Өртті сөндіруге 80-нен астам адам мен 30-ға жуық техника жұмылдырылған. Құтқарушылар оқиға орнына шақырту түскеннен кейін 5 минут ішінде жеткен. Алғашқы сәтте ғимараттың бірнеше жерінде бірден үш ашық от ошағы тіркелген.

Министрлік өкілдері өрттің толық сөндірілгенін 22:00-ден кейін хабарлады. Оқиға орнында екі жедел жәрдем бригадасы кезекшілік еткенмен, зардап шеккендер мен медициналық көмекке жүгінгендер болмаған.

Өңір басшысы Асхат Шахаров түнде жедел штаб отырысын өткізіп, жағдайды бақылауға алды.

Ақтөбе облысы әкімдігіндегі өрт: Ғимарат электр желісінен толық ажыратылды

Қазіргі уақытта мамандар өрттің нақты себебін анықтау жұмыстарын жалғастырып жатыр.

Соңғы жаңалықтар