Медицина • 14 Мамыр, 2019

Сусамырдың алғашқы белгісімен күрес әлемдік сипатқа ие

1102 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Өмір сүру салтының, тамақтану мәдениетінің өзгеруі белгілі бір дерттердің белең алуына әкеліп отыр. Кез келген кесел емдемесе қауіпті, алайда сусамырдың бастапқы белгілерімен бірден күреспесе, жүре келе жазылмас ауруға, мүгедектікке, тіпті ажалға душар ететінін көзі ашық адам біледі. Мәселен, оның басы – диабеталды ауруы.

Сусамырдың алғашқы белгісімен күрес  әлемдік сипатқа ие

Қазақстанда қант диабеті әлеу­­­­­­­меттік маңызды аурулардың қа­­тарына енгізілген. 2011 жылдан бері елімізде диабетті ерте анық­тауға арналған Ұлттық скринин­гілеу бағдарламасы әрекет етеді. Жыл сайын 40 жас­­­­­тан асқан 1,5 миллион адам скрин­ингіден өтеді. Дегенмен бұл шара жеткіліксіз. Өйткені отандық медицина мамандары (2017 жылғы NOMAD зерттеуі) Қазақстанда ересектердің 38 пайызы (20-79 жас) диабеталдына, ал 8,2 пайызы диабетке шалдыққанын дәйектеп отыр. Бұл көзді жұмып қарайтын дерек емес. Ал «2-типті диабет» диагнозымен халықтың тек 1,8 пайызы есепте тұр. 

Халықаралық диабет­ фе­дера­циясының (IDF) мәлім­деуінше, 2-типті қант диабетінің таралуы әлемде арта түскен. Осы­лай­ша, 2017 жылы бұл көр­сеткіш 352,1 мил­лион болса, ал 2045 жыл­ға қа­рай 589 миллионға жетпек. Жо­ғарыда атап өткендей, әр диабет­тің бастауы, яғни диабеталды түрі болады. IDF деректеріне сүйен­сек, 10 жылдан кейін диабеталды анық­талған науқастардың 50 пайы­зы 2-типті қант диабетіне шал­дығады. АҚШ-та 86 миллион ере­секте диабеталды бар болса, олар­дың 90 пайызы өз кеселі туралы білмейді.

Сонымен диабеталды қалай анықталады және 2-типті қант диабетінің дамуына жол бермеу үшін не істеу керек? Осы мәсе­леге орай, Қазақстан мен Ресей­дің эндокринология мен отбасылық медицина мамандары «Диабеталды – әрекет ететін кез келді» тақырыбында баспасөз мәслихатын өткізді. 

Диабеталды мәселесін ше­­шу­ге болады. Бұл үшін ден­саулық сақтау саласының бас­­тапқы (жал­пы тәжірибе/отбасылық дәрі­герлер, учас­келік терапевтер, педиатрлар) және екінші буын (эндокрино­логтар, кардиологтар, невропа­тологтар, реабилитологтар) дә­рі­герлерінің бірлескен жұмы­сын ұйымдастыру қажет.  

Диабеталды – бұл 2-типті қант­ диабетіне әкелетін жағдай. Бұл кезде қандағы қант (глюкоза) құрамы қалыптан асқанымен, «2-типті қант диабеті» диагнозын қоятын көрсеткішке жет­пей­ді. Адам бұл кезде өзінде қан­дай кінәраттың пайда бол­ғанын сезе бермейді. Бірақ, алғаш­қы  белгі­лері білінгеннен-ақ, уақтылы анық­тап, өте ауыр 2-типті қант диа­бетіне жол бермеу қажет. Жыл сайын әлемде қант диабетінен 5 миллионнан астам адам көз жұма­ды. Өлім-жітім жағынан бұл ауру жү­рек-қан тамыры аурулары мен­ онкологиялық аурулардан кейін­гі үшінші орында тұр. Және оның салдары зағиптық, бүйрек ауру­лары, инфаркт, инсульт пен аяқтар­дың ампутация­сына дейін жеткізеді. 

Еуразия медициналық қа­уым­дастығының вице-прези­денті Надежда Петухованың айтуынша, диабеталды тұрғындар мен дәрігерлерге аса мәлім емес гликирленген гемоглобиннің деңгейін халық арасында ауқым­ды түрде зерттеп, дұрыс ста­­тистика қалыптастырған жөн. Толық зерттеу барлық жас­тағы адамдарда 2-типті қант диабетінің алдын алуға көмек­теседі. Өйткені қазір 2-типті қант диабетінің жастар арасында белең алып, тіптен 7 жастағы балаларда кездесуі мамандарды алаңдатады. 

Педиатрлар да балалар ауру­ларының құрылымында семіз­­діктің көбейіп келе жатқанын алға тартып отыр. Балабақшадан бастап дұрыс тамақтану мен қимыл-қозғалысты  реттемей, қант диабетімен ауыру тек өр­ши түспек. Әйтпесе мемлекет сусамырмен ауыратындарды ем­деп, оның асқынуынан мүге­дектікке ұшырағандарға жәр­демақы төлеуге орасан қаражат бөлуіне тура келеді. Оған қоса халықтың орташа өмір сүру жасын ұзартуды көздейтін мақ­сатымыз да алыстай бермек.

Денсаулық сақтау министр­лігі Медициналық көмекті ұйым­­дастыру департаментінің директоры Асқар Хорошаш 2-типті қант диабеті мәселесі ма­­­ңызды сипатқа ие болып келе жатқанын атап өтті.

Сусамырдың дауасы жоқ болса да, енді басталып келе жат­­­қанда емдеуге, алдын алу­ға, асқынуға жол бермеуге мүм­кіндік бар. Диа­беталды жағ­­­­дайды анықтау үшін  медици­на қызметкерлерінің білік­ті­лігін көтеру, халықты ақпа­рат­тандыру, Ауруларды басқару бағ­дарламасының көмегімен аза­маттардың өз денсаулығына жауап­кершілігін арттыру қажет. 

Мамандардың мәлім­деуін­ше, Қазақстанда жасырын түр­де 2-типті қант диабетімен әр­бір төртінші адам ауыруы мүм­кін. Сондықтан диабеталды сырқатты ерте анықтау 2-типті диабеттің алдын алуда маңызды рөл атқарады. Рес­ми мәліметтерге сай, 2018 жы­лы сусамыр 16 мың адамда анық­талса, елімізде диабетке шал­дық­қандар саны 308 мың адамға жеткен.

Диабеталды дерті 2-типті диа­бет клиникалық түрде бай­қал­­ғанға дейін 9-12 жыл ара­лы­ғын­да біртіндеп дамиды. Демек әр адамның диабеталды жазылмас дертке ұластырмауына бірнеше жыл уақыты бар.


АЛМАТЫ