Аймақтар • 14 Мамыр, 2019

Елордада уланудың алдын алатын құрылғыларды тегін орнатуда

902 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бақыт Сұлтанов аудан әкімдеріне жылу беру маусымы басталғанға дейін әлеуметтік осал топтардың өкілдері тұратын жеке секторда оларды орнатуды аяқтауды тапсырды деп хабарлайды Нұр-Сұлтан әкімдігінің ресми сайты.

Елордада уланудың алдын алатын құрылғыларды тегін орнатуда

Нұр-Сұлтан қаласы Төтенше жағдайлар департаменті (ТЖД) аудан әкімдіктерімен бірлесіп, материалдық қиындықтарға тап болған қала тұрғындарының үйлерінде 1 мыңнан астам тұншықтырғыш газдың ену қаупін алдын алатын құрылғыны тегін орнатты. Елордалық ТЖД басшысының міндетін атқарушы Марғұлан Аманбаевтың хабарлауынша, қаланың жеке секторына тағы 2,8 мың осындай датчиктер орнату қажет. 

«Біз көпбалалы отбасылар мен зейнеткерлер тұратын үйлерге 1 062 (583 улы газ және 479 түтін) құрылғылар орнаттық. Ақмола көшесі, 30  тұрғын үйінде орнатылған тұншықтырғыш газ датчигінің дабылының арқасында үш баласы бар әйел уланудан аман қалды», деп хабарлады М.Аманбаев дүйсенбіде өткен әкімдіктің отырысында. 

Сонымен қатар, ТЖД қызметкерлері мамырлық мерекелер уақытында эвакуациялық жолдардың жай-күйін анықтау үшін елорданың ойын-сауық орталықтары мен сауда үйлерін аралап шыққандығын жеткізді.  .

Нұр-Сұлтан әкімі Бақыт Сұлтанов сауда нысандары мен ойын-сауық кешендерін тексеру жұмыстарын жалғастыруды және олардың 100% қауіпсіздігін қамтамасыз етуді тапсырды. Ал астаналық аудандардың әкімдері халықтың әлеуметтік осал топтары тұратын жеке сектордағы үйлерде тұншықтырғыш газ датчиктерін орнату барысы туралы есеп беріп, Сарыарқа ауданы бойынша осы санаттағы азаматтар газ талдағышпен толық қамтамасыз етілгенін айтты. Қалған аудандарда кестеден қалыс қалу байқалады. Мысалы, Есіл ауданында мұндай датчиктер орнатылуы тиіс 225 үйдің (100-ден қалыс қалу) тек 50-де газ датчиктері бар. 

Алматы ауданында 500 үйде, Байқоңыр ауданында 1 мың үйде газ датчиктері әлі де орнатылмаған. Осыған байланысты Бақыт Сұлтанов аудан әкімдеріне жылу беру маусымы басталғанға дейін көмекке мұқтаж үйлерде газ талдағыштар орнатуды тапсырды.