02 Мамыр, 2013

Ақ алмастың бір қыры

449 рет
көрсетілді
30 мин
оқу үшін

Ақ алмастың бір қыры

Бейсенбі, 2 мамыр 2013 2:03

Еуразия ұлттық университетінен келген шақыру ойға осыдан он жыл бұрынғы мұңды күндерді оралтқаны. 3 мамырда университетте «Зәки Ахметовтің ғылыми зерттеулері және қазіргі әде­биеттанудың теориялық мәселелері» атты халықаралық ғылыми-теориялық конференция ұйымдастырылады екен. Бұл іс-шара атақты академиктің туғанына 85 жыл толуына орайластырылып отыр. Осыдан он жыл бұрын, Алматының зия­лы қауымы академик Зәки Ахметовтің 75 жылдығын ғалымның өзінсіз өткізген болатын…

 

Бейсенбі, 2 мамыр 2013 2:03

Еуразия ұлттық университетінен келген шақыру ойға осыдан он жыл бұрынғы мұңды күндерді оралтқаны. 3 мамырда университетте «Зәки Ахметовтің ғылыми зерттеулері және қазіргі әде­биеттанудың теориялық мәселелері» атты халықаралық ғылыми-теориялық конференция ұйымдастырылады екен. Бұл іс-шара атақты академиктің туғанына 85 жыл толуына орайластырылып отыр. Осыдан он жыл бұрын, Алматының зия­лы қауымы академик Зәки Ахметовтің 75 жылдығын ғалымның өзінсіз өткізген болатын…

«Қазақ үшін қайғылы күн болып саналатын желтоқсанның он жетісі ха­­лыққа тағы да қасірет әкелді. Ақшам жамыраған шақта Алматының көшесінде көрнекті әдебиеттанушы-ғалым, академик Зәки Ахметовті шетелдің есік пен төрдей мәшинесі қағып кетті. Бұл әйгілі ғалымның үйінің іргесіндегі «Динамо» стадионына барып, жүгіріп, жаттығу жасап қайтатын уақыты болатын. Ертеңіне Семейге, Шәкәрім шығармашылығына  арналған ғылыми конференцияға жол жүрмек еді. Жасы жетпіс беске таяғанға дейін төсекке таңылып көрмеген, тіп­ті ауру-сырқауға бой алдырмаған ардақ­ты азамат қапыда көз жұмды. Ажал болып жолыққан бір жүгермектің жа­ңылыс қадамы әдебиеттанудың алып бәйтерегін құлатып кетті…», деп жазды сол тұста «Алты алаштың ардағы» атты эссе-реквиемінде ғалымның шәкірті, бүгінде Ұлттық ғылым академиясының корреспондент-мүшесі Бауыржан Омаров.

Біз Зәки Ахметовтің еңбектерінен бұрын есіміне қаныққан жайымыз бар. Зейнолла Қабдолов ағайымыз бірінші курста әдебиет теориясынан өлең құры­лысы туралы дәріс оқып тұрып, бір кітапқа қайта-қайта сілтеме жасады. «Казахское стихосложение» деген осы еңбекті тауып, тістерің батқанша оқуға тырысыңдар. Зәки Ахметов деген адам ұсақ тақырыптарға бармайды. Тереңнен қопарып, үлкен еңбектер жазады. Ол фундаментальный ғалым», деді ұстазымыз. «Фундаментальный» дегенді орысшалап, екпін түсіре айтқаны есте бірден қалды. Кітапханадан табуын тапқанымызбен, сол кітапты бірінші курстың бірінші семестрінде түп-түгел түсініп тастауға тісі­міз батпағаны рас. «Казахское стихосложение» кәдімгідей филологиялық дайындықты қажет етеді екен. Зәки Ахме­тов кітаптары сонысымен де біз үшін қадірлірек, құндырақ көрінгені есте.

Уақыт өте келе Зәки Ахметовтің «О языке казахской поэзии», «Өлең сөздің теориясы», «Современное развитие и традиции казахской литературы», «Поэтика эпопеи «Путь Абая» в свете ее создания», «Абайдың ақындық әлемі» сияқты еңбектерін бірінен кейін бірін  оқи жүріп, ғұламаның қадір-қасиетіне жете түстік. Оның әр еңбегі академиялық тұрпаттағы оқымыстының, классикалық филология мектебі қалыптастырған ғалымның кең құлашын, саралай сөз саптауын, терең талдауын танытып тұратын. Әдебиет сыншыларының бір-біріне жалғасқан рецензияларының басын қосып, кітапқа айналдырса болды әдебиеттану ауылына апарып, ғылымның қоржынына қоса салатын сол кезде Зәки Ахметов зерттеулері нағыз филологтар үшін үйре­нерлік үздік үлгі болғаны анық. Ең бастысы – қазақ ғалымының іргелі еңбектері ол тұстағы Одақтың мәдениет бәсекесінде бәйгенің алдында жүргені. Филологиялық зерттеулері КСРО көлемінде даусыз мойындалған аз әдебиетшінің бірі де бірегейі Зәки Ахметов екенін басын аша айтудың артықтығы жоқ. Мәс­кеу­­ден шығатын «История всемир­ной литературы», «История советской многонациональной литературы», «Крат­­­­кая литературная энциклопедия», «На­роды мира», «Тургеневский сборник», «Лермонтовская энциклопедия» сияқты беделді басылымдардың белді авторларының бірі Зәки ағамыз болатын.

Әдебиеттану әлемінде «цитируе­мость» дегенге қатты мән беріледі. Ға­лымдар кімнің еңбегіне көбірек жүгінсе, сол автор қадірлірек саналады. Әрине, сілтеме жасаудың жиілігі  зерттеудің құндылығының жалғыз белгісі емес. Басы дауға түскен кітаптың да газет-журнал бетін бермейтіні болады. Сонда да дәйексөз алу баға берудің бір түрі екені талассыз.

Баға өзінен өзі бағалы бола салмайды. Бағаның бағасы оны кімнің бергеніне байланысты. Біреудің «керемет!» дегенінен біреудің «тәуір екен» дегені артық болып шығуы да әбден мүмкін. Бұл тұрғыдан қарағанда Зәки Ахметов өзінің де, сөзінің де бәсі биіктерден жоғары бағаны жастай алған бақытты ғалым.

«Өзінің теориялық кемелдігі жағынан, сондай-ақ жаңалығы мен деректілігі,  талдау дәйектілігі жағынан да З.Ахметовтің докторлық диссертациясы мен бірнеше мақалалары ерекше құнды еңбектер қатарында атап өтілуге лайық» – осыдан он жылдан сәл астам уақыт бұрын екі кештің арасында аһ ұрғызып, арамыздан өтіп кете барған асыл ағамыз, академик Зәки Ахметов жетпістің бесеуіне жақын жыл ғұмыр кешкен өмірінде мұнан асқан, аспандатқан мақтауларды да талай естігеніне тіпті де күмән келтірмейміз. Бірақ, мына бағаның жөні бөлек. Өйткені, бұл бағаны академик В.М.Жирмунский берген. Бергенде де бір жазбаша пікірінде немесе мақаласында емес, Бүкілодақтық бірінші түркологиялық конференцияда, кешегі Кеңес Одағы ғалымдарының ығайы мен сығайы жиналған жерде айтқан. Дуалы ауыздан шыққан сыйлы сөз қазақ әдебиеттану ғылымының абыройын асырған. Көрнекті фольклоршы, Мемлекеттік сыйлықтың лау­реаты Сейіт Қасқабасов «Егемен Қа­зақстан» газетінің (2003 жыл, 5 мамыр) «Алаштың ардақтысы» айдарының аясында жарияланған мақаласында академик Зәки Ахметовтің еңбектері халық­аралық ауқымда кең танылғанын, әлемдік деңгейдегі ғалым ретінде толық мойындалғанын келісті көрсеткен. «1955 жылдардың ортасынан бастап қазақ поэзиясындағы ұйқас, ырғақ, буын, бунақ, шумақ мәселелерімен шұғыл­данып, көптеген мақала жазған ол 1964 жылы «Казахское стихосложение» атты іргелі монографиясын  жариялады. Кезінде бұл еңбек өте жоғары бағаланды. Оның құндылығы жөнінде В.Жирмунский, Қ.Жұмалиев, И.Стеблева, М.Сильченко, Н.Смирнова секілді ға­лымдар бүкілодақтық, республикалық басылымдарда мақала жариялады. Ол кітапқа көптеген зерттеушілер арқа сүйеді, оны теориялық еңбек ретінде пайдаланды. Мәселен, поэзия теориясының білгірі, академик В.Жирмунский өзінің түркілер поэзиясы туралы зерттеулерінде Зәки Ахметовтің кітабына көп сүйенеді және ондағы зерттеуші ашқан қазақ поэзиясындағы клаузула мен элизия құбылыстарына айрықша мән береді де, оның жалпы поэзияға тән заңдылық екенін айтады», дейді С.Қасқабасов.

Орысша да, қазақша да қатарынан көсілте жазған ғалымның сөз өнерінің теориялық мәселелеріне, қазақ өлеңінің құрылысына, әдебиеттану методологиясына қатысты еңбектері, Абайтану мен Әуезовтануға қомақты үлес болып қосылған монографиялары, текс­тологиялық зерттеулері жөнінде біз қалай мақтана сөз етсек те жарасады. Әсіресе, 1964 жылы жарық көрген «Казахское стихосложение» әлемдік филологиядағы классикалық еңбектердің біріне айнал­ғанын сонан бергі елу жылдайғы уақыттың өзі даусыз дәлелдеді. Мұнымыз «жоғалған пышақтың сабы алтынның» кебі емес. Біз Зәки аға арамызда жүргенде-ақ, «Адамзат күнтізбесі» атты кітабымызда («Елорда», 2002 жыл, 118-бет) дәп осылай жазған болатынбыз.

«Құшақ жетпесті құшақтай алмай­сың» деген нақыл бар. Зәки ағаның кітаптарын газет мақаласында көктей шолып, мына еңбегінде қазақ өлеңінің құрылысын жіліктей талдады, ана еңбегінде төл жырымыздың тілін тамаша таразылады, мына еңбегінде бүкіл әдебиетіміздің даму үрдістерін байыпты бағамдады, мына еңбегінде Абайдың ақындық әлемін айқара ашты, ана еңбегінде Әуезовтің әлемге әйгілі эпопеясының бар бағасын берді деген сияқты желе жортып жазып жату жөнсіз.

Академик Ахметов сынды энци­к­лопедиялық өредегі тұлғалар жарқ-жұрқ етіп тұратын алуан қырлы ақ алмасты көзге елестетеді.  Біз бұл жолы сол ақ ал­мастың бір ғана қырын –  өзімізге бір­табан жақын аударма өнеріне қатысты ой-толғамдарын әңгімелемекпіз. Негі­зінде, академиктің аты аударматанумен көп астастырыла да бермейді. Зәки Ахметов  еңбектерінің сан салалылығын көрсететін жайдың бірі бұл. Қазақтың өлең  құрылысын жеріне жеткізе тал­­даған ғалымның талай кітабында аударма өрнектері жайында да кеңінен қамти әңгіме өрбіткенін, оның өзі де бірқыдыру еңбек екенін ескере отырып, біз бұл жолы негізінен Абай аудармаларына орай айтқан пікірлерін тілге тиек етеміз.

Мұның жөні де бар. Зәки Ахметовтің алғашқы монографиясы – 1951 жылы қорғаған кандидаттық диссертациясының негізінде жазылып, 1954 жылы жарық көрген «Лермонтов и Абай» зерттеуі. Жас ғалым өз еңбегінде әдебиеттің сақа сарапшысының сөзін сөйлейді. Лер­мон­­товтың Пушкиннен кейінгі дәуірдің, өт­­кен­­нен үміт үзіп, алдан жаңалық іздеген дәуірдің жыршысы, жаршысы, арынды жігер, қажырлы қайрат, әрекет-күрес са­­ғынған ақын екенін айта келіп, Абайдың оның өлеңдерін, поэмаларынан үзінділерді ауда­руында заңдылық барын, яғни, «өз ой-пікірлерімен жанасып, жалғас келетін, өз көңіл-күйіне үйлес, үндес өлеңдерді аударуды қажет деп санағанын» дәлелдейді.

З.Ахметовтің аударма туралы еңбек­­терінде теориялық тұрғыдан тұғыр етіп ұстанатын концепциялық ойлар бар­шылық. Солардың бірі «ақынның аударма өлеңдерінің ешқайсысы оның төл шығармаларынан бөлекше, екінші қатардағы шығарма деп саналмауы керек­тігі» жөнінде айтқаны. Алпысыншы, жетпісінші жылдардан бері қарай көп кітапта  жазыла-жазыла  көз үйренгені болмаса, бұл кезінде тың пікір еді. «Көп ретте ақынның шеберлігін, өнерпаздық өнегесін сөз еткенде аударма деп саналған өлеңдер есепке алынбайды, оларға пәлендей мән берілмейді. Ал шынына келгенде ақынның өнер жарысына түсетін, сыналатын бір тұсы – осы, басқа ақындардың шығармасына үңіліп, соны өзінше қалай айтып жеткізетіні десек, артық емес» – міне, бұл ойдың да аударма мәселесімен айналысамын деген адамға айтары көп. Зәки Ахметов Абайдың қай аудармасын талдаса да ұлы ақынның тәржімеге таңдаған туындыны өз тілінде қалай жеткізуді ғана мұрат тұтып қой­мағанын, сол шығармаларды қолға алу арқылы Пушкинмен, Лермонтовпен, Крыловпен «өнер жарысына түскенін» тиянақты дәлелдеп береді.

Жиырмадан жаңа асқан шағында, Ленинград университетінің аспирантурасын бітірер тұста жазған (кандидаттық диссертациясын 23 жасында қорғаған) сол еңбегінде Зәки Ахметов салған жерден бірнеше тың тұжырымдарымен танылған болатын. Алдымен жас зерттеуші бұған дейін Абайдың төлтума шығармалары деп саналып келген бірнеше өлеңнің Лермонтовтан аударма екенін, сонымен қатар Лермонтовқа телініп жүрген кейбір өлеңдердің  («Құлақтан кіріп бойды алар» («Звуки»), «Ал сенейін, сенейін» («Я верю, обещаю верить»), «Күлімсіреп аспан тұр» («Выхожу один я на дорогу»), «Күнді уақыт итеріп» («Вечер»), «Қайтсе жеңіл болады жұрт билемек» («Легко народом править, если он одной общей страстью увлечен»), «Рахат, мені тастап қоймадың тыныш» («Хоть давно изменила мне радость»), т.б.) Я.Полонскийге, А.Мицкевичке, А.Дельвигке  тиесілі екенін дәлме-дәл көрсетіп бергенімен де жұрт назарын бірден аудартқан. Сөйтіп, Зәки Ахметов әуелден-ақ Абай текстологиясына түзетулер енгізе келді. Зерттеуші бұл жаңылыстардың себебін де нақпа-нақ түсіндіреді. Сөйтсе, Полонскийдің «Сердце» деген бір өлеңі абайсызда Лермонтовтың 1891 жылғы толық шығармалар жинағына еніп кеткен екен. Тегінде, Абайдың қолына дәл сол басылым түскен сияқты, өйткені, Мүрсейіт қолжазбасында өлең Лермонтовтан аударма деп анық көрсетілген. Кезінде  зерттеушінің бұл жазғанына байланыс­ты «Абайды жан-жаққа тартқылап, таратып бергеннен не шығады» деген сияқты күңкіл сөздер айтылғанымен, бара-бара ол өлеңдердің барлығы да Абайдың жан-жүрегінен шыққан, өзе­гінен өткен өз сүйініш-күйініші екенін, Абай аудармаларының сипаты «еркін тәржімелеп, сарындас өлең жазуға» көбірек келетінін тағы да автордың өзі тиянақты дәлелдеп берген соң бәрі де уақыт өте келе орын-орнына қойылғанын білеміз. «Лермонтов и Абай» аталған сол зерттеудің тағы бір құнды тұсы – автордың Абайдың аудармашылық еңбегі оған дейін қазақ әдебиетінде қолданылмаған он беске таяу өлең өлшемін енгізуге мүмкіндік бергенін нақты дәлелдеуі.

Абайдың алыптығы Лермонтовтың аудармаларынан тіпті бөлекше көрінеді. Ақын қазақ поэзия тәржімесінің жақұт-жауһарларын тап осы Лер­монтовтың өлеңдерін аудару арқылы  жа­саған. Бұл аудармаларды біз сарын­дастық салтанаты санаймыз. Абай жаны, Абай мұңы, Абай драмасы Пушкиннен гөрі Лермонтовқа жақын деп білеміз. Абай өз жанының қажетін Лермонтовтан көбірек тапқандай. Мұның өзі оның Лермонтов өлеңдерінің денін таза аударма күйінде шығаруынан, ал Пушкинге келгенде еркіндікке дес беріп, өз бетінше пайымдама жасауға, кейіпкерлердің мінез бітімін, кісілік болмысын өзгертуге бейімдігінен де көрінеді. Пушкинге Абай жарыса сөй­лесе, Лермонтовқа қосыла сөйлейді.

Негізінде, аудармашы өзіне жақын, рухтас, сарындас қаламгерлердің туындыларына қол артады деген сөз қазіргі кәсіби әдебиетшілікке дәйім дәл келе бермес, бірақ өткен ғасырларға, соның ішінде әдебиет кәсіпке айнала қоймаған Абай заманына дәл келері күмәнсіз. Абай Лермонтов шығармаларын өзінің көкірегін кернеген күрсіннің күңіренісіндей көрген болса керек. «Сал демеймін сөзіме ықыласыңды, Қайғылы өлең еттім өз басымды. Көкірегім, бар сырым өз әлінше, Көрінгенге көрсетпей, көп жасырды» деген жолдарды Абай, әрине, орыс поэзиясын қазақ даласына насихаттау үшін жазған жоқ.

Абай аударманы Лермонтовтан бастаған, Лермонтовпен аяқтаған. Ақын шығармашылығындағы жаңа белестің сол сексенінші жылдардан (Лермонтовтан алғашқы аударманы 1882 жылы жасаған) желі тартатыны тіпті де тегін емес. Зәки Ахметов Лермонтовтан аударған өлеңдері Абай тәржімешілдігінің ең үлкен бөлігі екендігіне бірден назар аударады: «Абайдың Лермонтов поэзиясына деген ықыласы ерекше болды. Ол орыс ақынын айрықша жақын көрді, сырлас, мұңдасын тапқандай болды. Орыс поэзия­сына бейімдене ден қойған  Абайдың ең көп үндестік тапқан ақыны, ең бір өзіне үндес сезінген адамы Лермонтов еді десек, артық бола қоймас. Абай ұлы ақынның, тіпті сол кездегі орыс қауымының тілек-талабын, мұңын ұға алатын дәрежеде еді. Ол мұңын ұққан халықтың жырын да ұқты. Лермонтовтың ыза-кегі, наразылығы орыс халқының, езілген қауымның кегін, наразылығын танытатынын, оның қайғы-мұңына налуынан ел мұңы көрінетінін сезінді. «Соқтықпалы, соқпақсыз жерде өскен», «мыңмен жалғыз алысқан» жырларына нәр еткен-ді. Оның «қаны қара бір жанмын, жаны жара» деп ашулы мұң шерткені де белгілі. Лермонтовты ол «ерекше ызаның ақыны, махаббаты ашумен уланған» деп, өте-мөте іш тартып, жақын көрді».

Абайдың дара дарыны Лермонтов шығармаларындағы сан түрлі сарындарды сапырылыстырғандай етіп, өзіне керекті көркем бейнелерді інжудей іліп алатын қасиетінен де көрінеді.  «Теректің сыйындағы» «Асау Терек долданып, буырқанып, Тауды бұзып, жол салған, тасты жарып. Арыстанның жалындай бұйра толқын, Айдаһардай бүктеліп, жүз толғанып» деп келетін алғашқы шумаққа кезінде талай әдебиетші тамсанып, «Терек воет, дик и злобен, Меж утесистых громад. Буре плач его подобен, Слезы брызгами летят» деген шумақтан Абай осындай сурет шығарады деп жазатын. Зәки Ахметов ол теңеудің де Лермонтовтың өзінен алынғанын, «Демон» поэмасындағы «И Терек, прыгая, как львица, С косматой гривой на хребте, Ревел – и зверь степной, и птица, Кружась в лазурной высоте, Глаголу вод его внимали» деген шумақтан өлеңге сіңірілген сұрапыл сурет екенін дәлелдеп берді, әрі Лермонтовтың жаңылыс басқан жеріне (арыстанның ұрғашысында жал болмайды екен) назар аудартты.

Зерттеушінің Абайдың төл туындылары мен тәржімелерінің арасындағы сарындастықты, іштей тамырластықты соншалықты дәл табатынына тәнті боласыз. «Альбомға» атты өлеңінде Абай    поэзиялық шығарма кімнің қажетіне жарайды деген мәселені қозғайды. Бұл тұста «қарасөздердің» бас жағында келетін мына жолдар ойға оралады: «Ақыры ойладым: осы ойыма келген нәрселерді қағазға жаза берейін, ақ қағаз бен қара сияны ермек қылайын, кімде-кім ішінен керекті сөз тапса, жазып алсын, я оқысын, «керегі жоқ» десе, өз сөзім өзімдікі дедім де, ақыры осыған байладым, енді мұнан басқа ешбір жұмысым жоқ». Осындай пікірін Абай өлең жайында да айтқан («Өзгеге көңілім тоярсың»). Енді Абай Лермонтовтың өзіне үндес шығармасын аударып, мынаны айтып отыр:

 

Қол жазуды ермек ет, жатпа бекер,

Бұл көңілсіз дүниеден көп жыл өтер.

Өзі қысқа, өзі асау тентек өмір,

Арттағыға бір белгі қойса нетер.

 

Кім біледі, кез болса, арттағылар,

Ойға салып оқыр да, сөзін сынар.

Көзін салып, ойланып кейбір сөзін,

«Рас-ау», – деп, мағынасын ол да ұғар.

 

Кім білер, жабырқаңқы жазған сөзім,

Жібермей кеп, тоқтатар оның көзін.

Жолаушы жол үстінде тамаша еткен,

Сықылды өлген жанның бір күмбезін.

 

Сөйтіп, Лермонтов шығармасын аудара отырып, Абай өз пікірін де анық білдірген». Тоқтайтын тұжырым.

Сонымен бірге, зерттеуші бара-бар, дәлме-дәл аудармаларында Абай Лер­монтов шығармасының ішкі әлемін, оның толқын-лебізін, жаңа сапасын қазақ тілінің суреттеу мүмкіншіліктерін пайдаланып, мол жеткізетінін айтады. «Абай Лермонтов оригиналын барлық жарастық сәнімен, бар ерекшелігімен қазақ тілінде қайта туғызады»,  дейді З.Ахметов. Міне, осы сөз – «қайта туғызу» – зерттеушінің Абай аудармаларының өзіндік сипатын ашатын басты түйіні. Аударма өнерінің асыл мұраты, ұмтылар асқар биігі – бір кезде түпнұсқа сол тілді оқығандарға қандай әсер етсе, аударылған тілдің оқыр­мандарына да сондайлық әсер ететіндей, мүмкіндігі болып жатса одан да асып түсетіндей туынды жасау. Зерттеуші әу баста Гетеден шығып, Лермонтов арқылы бізге жеткен «Горные вершины» Абай аудармасында түпнұсқадан асып кеткенін нақпа-нақ дәлелдей алған. Зәки Ахметов Абай аудармалары арқылы казақтың әдеби тіліне қандайлық тың тіркестер, жаңа орамдар, бейнелі соны сөздер енгенін де әдемі дәлелдейді. Мысалы, «Жартасты» аудару кезінде Абайдың «тучка» сөзіндегі кішірейтілген реңкті дәл аңғарып, оны «жас бұлт» деп алғанын, ал «утес-великаннан», керісінше, көпті көргендікті танып, «кәрі жартас» ұғымын туындатқанын, осындай жаңа фразеологизмдердің тілге табиғи түрде өріліп кеткенін айтады. Кейіннен Пушкиннен Абай аудармалары туралы жазған тұстарында академик қазақ тіліне Абай енгізген фразеологизмдердің талайы оның аударма өлеңдерінде кездесетінін нақты мысалдармен келтірген еді.

Аудармашы өз оқырманының тал­ғамын жаңа өрістерге тартып жатса, күнес биіктерге көтеріп кетсе ғанибеттің ғанибеті. Әрине, бұл қиынның-қиыны. Өзге тілдегі үздік үлгіні қолға алған ақын өз оқырманының эстетикалық тұрғыдан қабылдампаздығын тәрбиелеуді де дәйім есте ұстағаны, өзге ұлттық мәде­­­ниеттердің өлең өнеріндегі құнды қа­сиет­тердің қыр-сырын ашу арқылы сол тілдердегі өлең өрімдерінен өзімізге де өнеге болатындай өрнектер тауып жатқаны абзал. Абай Пушкиннен жа­саған аудармаларында да  осы биіктен көрінді.

«Пушкин ұлылығын сол заманда, сол ортада отырып тани, бағалай біл­гендігі – Абай ұлылығының бір жарқын көрінісі» деген З.Ахметов Абайдың қа­зақ әдебиетінде өз дәуірінде бір кезде Пушкин орыс әдебиетінде атқарған қызметті атқаруды, сондай жүкті көтеруді мақсат еткенін әдемі әдіптейді. «Абайдың «Евгений Онегин» сарынымен шығарған өлеңдері, бара-бар немесе еркін аударғаны бар, жанынан қосқаны бар, түгелдей алғанда бір желіге түсірілген, біртұтас топтама шығарма деу­ге лайық» – автордың бұл айтқаны да Абай аудармасының табиғатын тамаша танытатын тұжырым. Расында да, Абайдың үзінді-үзінді етіп жасаған аудармаларының өзі сол кездегі қазақ қауымының Пушкин романының барлық қыры мен сырына қанығып, кейіпкерлермен бірге сүйініп, бірге күйінуіне, шығарманың негізгі ойын терең түсінуіне толық мүмкіндік берген.

Әрине, қалай дегенде де аудармашы өз тіліндегі оқырман үшін жазады. Оның үстіне өз заманындағы оқырман үшін жазады. Сондықтан да аудармашы ұлттық өлең мектебінде тәрбие алған оқырманның түсінік-пайымын, таным деңгейін, талғамын, қалыптасқан дәстүрлерді ескермей отыра алмайды. Абайдың өз тұсындағы оқырман талғамымен санасуына нақты мысалдар келтіре отырып, зерттеуші түпнұсқадан алыстап кететін жекелеген тұстарды былай түсіндіреді: «Бұл жерде мықтап есте болатын нәрсе, Абайдың аударма өлеңдерін бүгінгі аударма туралы ұғым-түсінік тұрғысынан келіп бағалау дұрыс емес. Аудармаға қойылатын қазіргі талап басқа. Біздің заманымызда қалыптасқан ұғым бойынша аудармашы – төл шығарманы мүмкіндігінше мазмұн-мәнін, көркемдік қасиеттерін толық сақтап, әлсіретпей басқа тілде жеткізуші, сондықтан ол туғызған аударма өлең қалайда төл шығарма емес, оның екінші тілдегі басқа нұсқасы, туынды шығарма. Ал Абай болса, ол қазіргі аудармашылардай тек түпнұсқаны бар қалпында жеткізуді ғана мақсат етпеген. Қай шығарманы болсын өз көңіл-күйіне үйлестіре, қысылмай, қымтырылмай еркін тәржімелейді. Сонда да кейбір аударма өлеңдері түпнұсқамен өте жақын келіп, мейлінше үндес шығып жатса, ол – оның ақындық шеберлігінің бір қырынан көрінуі, қызықтап, қазақшалап отырған түпнұсқаның сарыны мен өз ой-сезімінің арасындағы үйлестіктің нәтижесі». Зәки Ахметов Абайдың «Евгений Онегиннен» аудармалары «сол кездегі қазақ жұрт­шылығына жақсы таныс Шығыс по­э­зиясының дәстүріне жақындата» жасал­ғанының сырын осылайша пайымдатады. Зерттеушінің мына пікірі де назар аударарлық: «Өлеңдердің кейбіреуі хат түрінде, ал бір тобы кейіпкерлер сөзі (монологы) түрінде берілген ғой, автордың атынан айтылған сипаттама («Онегин сипаты») және бар. Өлеңдер түгелге жуық кейіпкерлер атынан айтылған сөз (не хат, не монолог) болғандықтан, оларда лирикалық драманың сипаты бар деуге де қисын жоқ емес». Мұны да тың көзқарас ретінде қарастырып, осы төңіректе ой өрбітуге де болар еді. Әсіресе, тү­йінді тұсы тұспалға құрылатын, сюжет желісі аяқталмаған сияқты болып қалатын «Евгений Онегиндей» күрделі шығарманы өз атынан «Онегиннің өлердегі сөзін» жазып барып ұсынуы Абайдың сол замандағы әдеби дәстүрді де, оқырманының ерекшелігін де ескергені екені ғалымның осы сөзінен жақсы аңғарылады.

З.Ахметовтің Абай аудармаларын ақынның өнер жарысына түсуі деп жазғаны бар. Осы тұрғыдан қарасақ, Абай Пушкиндей құдіретті дарынмен өнер жарысында өзінің даралығын дау­сыз дәлелдеді, алыптығын анық танытты. Жүз жылдан астам уақыттан бері ақын атаулыға аудармада да асуын алдыртпай келе жатқаны – Абайдың асқаралы биіктігінің бір белгісі.

Академиктің Абайдың Крыловтан жасаған аудармаларына қатысты ойлары да өте қызғылықты. «Олар толық мағынасында аударма емес, көбінесе белгілі бір сюжет еркін баяндалады. Абай орысша мысалдың тексін дәлме-дәл тәржімелеуді мақсат етпеген, уақиға желісін сақтай отырып, бірақ мысалдағы жай-жағдайларды қазақ өміріне, ұғым-түсінігіне, ойлау, сөйлеу ерекшелігіне жанастырып, өзінше бейнелеуге ұмтылған. Сондықтан Абайдың мысал өлеңдерін орысша текске сәйкестігі тұрғысынан қарап, ана жері дәл түскен, мына жері дәл емес, кем түскен деудің ешбір қисыны жоқ». Осылай санағандықтан да автор: «Абай мысалдары оның ақындық шеберлігін танып-білу жағынан бағалы екенін атап айтуымыз керек», деп ой түйеді. Байқайсыз ба, «Абай мысалдары» деп тұр. Оның алдында былай жазғаны да бар: «Қорқытпа мені дауылдан» дейтін өлеңінде Абай өмірдің құр әншейін күн өткізу емес, мағыналы, үмітке, ізденіске толы болуын, адамның үлкен мақсатқа жетуге күш жұмсай алатындай батыл, қайсар мінезді келуін аңсайтынын да айта кету орынды дейміз». Тағы да сол ой қисыны: Бунин өлеңін Абай өлеңі деп тұр.

Санасының сүзгісіне салып, өзегінен өткеріп барып, жүрегінен қайта туғызған тұста аударған өлеңі ақынның өз өлеңіне айналып кетеді. Сонда ол шығарма аударылған тілдің өз әдебиетінің қа­зы­насына қосылады. Абай аударған Пушкин, Лермонтов, Крылов туындылары орыс әдебиетінің қазақ тіліндегі нұсқалары күйінде қалмай, қазақ әдебиетінің төл туындыларына айналатынының сыры осында.

Сөзді бағаның бағасынан бас­тап едік қой. Сол оймен түйіндейік. Әдебиеттанушы ағаларымыздың бірі Рымғали Нұрғалидың мынандай жайды еске алғаны бар. Мәскеуге сапар кезінде үлкен жиыннан кейін дастарқан жайылады. Жаңағы жерде атақты ғалым, профессор Александр Овчаренко (ол өзі жанды менсінбейтін, тәкаппар мінезімен де белгілі тұлға екен)  қазақ әдебиетшілері отырған тұсқа келіп, жұрттың бәрін өзіне қарата былай дейді: «Одақ бойынша Лермонтов шығармашылығын зерттеушілер өте аз. Саусақпен санарлық. Еліміздегі ірі лермонтовтанушылардың бірі – Зәки Ахметов. Осы кісінің денсаулығы үшін тост көтеруді ұсынамын. Бұл адамды қазақтар мақтаныш ете алады!». Отырған жұрт дуылдап, қолдай жөнеледі.

Иә, халқымыздың асыл перзенттерінің бірі Зәки Ахметов – Алаштың мақтан тұтар ардағы.

Сауытбек АБДРАХМАНОВ.