Мемлекет басшысы аймақтардан түсіп жатқан ұсыныстарды ескере отырып, өңірлерді дамытуға бағытталған арнайы кешенді мемлекеттік бағдарламаның іске қосылатынын айтты. Қазақстан Президенті осы мақсат-міндеттерді жүзеге асыру үшін облыс басшылығы шешуі тиіс бірқатар мәселені таратып берді.
– Аймақтағы азаматтардың жалақысын өсіру – Үкімет пен облыс әкімінің басты міндеті. Лайықты жалақы төлейтін жаңа жұмыс орындарын ашуға баса мән беру қажет. Бұл бағытта ірі кәсіпорындардың қуатын тиімді пайдалануды назарға алу керек. Көп балалы және тұрмысы төмен отбасыларға қолдау көрсету үшін облыста Әлеуметтік жол картасы іске қосылған. Биыл «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасының аясында білім, денсаулық сақтау, мәдениет, жол құрылысы салаларында құны 1,7 миллиард теңге болатын 60 жоба жоспарланған. Облыс әкіміне соларды уақтылы әрі тиімді жүзеге асыруды тапсырамын, – деді ол.