2019 жылы қаңтар айында Еуразиялық экономикалық одақ комиссиясы мен кеңесінен Ресей вице-премьері және қаржы министрі Антон Силуанов Қазақстанға қант импорттауға берілген жеңілдіктерді алып тастауды сұрады. Бұл мәліметті РБК порталы сәуір айының соңында таратты. А.Силуановтың сөзінше, Қазақстанға одақтан тыс елдерден қант сатып алуға ешқандай негіз жоқ. ЕАЭО заңдары бойынша, ұйымға мүше елдердің ұлттық компанияларына жеңілдіктер беретін еркін сауда аймағы бар. Осыған сәйкес, Қазақстан одаққа мүше емес елдерден жылына 400 мың тонна қант өнімдерін импорттауға құқылы. Егер Еуразиялық экономикалық одақ комиссиясы Ресейдің өтінішін қабылдайтын болса, Қазақстан Украина мен Еуропадан қант өнімдерін кеден салығынсыз импорттай алмайды. Нарықтағы қанттың басым бөлігі сырттан тасымалданады. Жылдан-жылға импорттық қант көлемін азайту көзделсе де, алға қойылған мақсат орындалар емес. Бразилиялық қант импортын азайту ресейлік қантты импорттау үшін жасалған қадам екені көрініп тұр. Бұл экономикалық ортақ кеңістік аясында жүзеге асырылып отырған келісім болса да өнімді сырттан емес, одақ ішіндегі мемлекеттерден алуды міндеттейді. Қазақстан Үкіметінің сырттан кіргізілетін қантқа салықтық жеңілдікті өзгеріссіз қалдыра тұру туралы шешімі 2019 жылдың соңына дейін сақталуы мүмкін. Ұлттық экономика министрлігінің сыртқы сауда-саттықты дамыту департаментінің директоры Жанель Күшікованың айтуынша, отандық нарықта қант тапшылығы 2020 жылдан бастап болмауы тиіс. «Ішкі нарықты арттыру қазіргі басты басымдық. Былтырғыдай емес, биыл қант тапшылығы тіркелген жоқ. Енді тіркелмейді деп те айта аламын. Өйткені өндіріс артып келеді. Биыл Қазақстан қант қызылшасының өндірісін арттырып, жылына 300 мың тоннаға дейін қант қорын жинайды. Сондықтан тауардың бағасы да тұрақтылығын сақтауға тиіс. Қазір Ресеймен де келісім жасалып жатыр. Жалпы, қант импортының 90 пайызы Ресей мен Беларуске тиесілі», дейді Ж.Күшікова.
Ал халықаралық қант қауымдастығының (ISO) болжамы басқа. Аталған ұйым 2019 жылы қант тапшылығы артуы мүмкін екенін ескертеді. ISO былтырғы болжамында Бразилия қант өндіруді 2,2 млн тонна, Үндістан 2 млн, ЕО елдері 750 мың тоннаға дейін қысқартатынын жеткізді. Қауымдастық таратқан дереккөзде кейбір елдердің қант қамысын көптеп өсіруі шығынды жаппайтыны және тапшылық биыл қаттырақ байқалатыны айтылған. Бұл фактор Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдердің қант бизнесінде ортақ мәмілеге келуін қиындатып жіберді. Сарапшылар ЕАЭО елдері арасында қант импортын шектеу мәселесін 2 жыл бұрын Ресейдің ауыл шаруашылығы министрлігі көтергенін еске түсірді. Сол кезде Ресей үкіметі Қазақстанға «Бізден жеткен арзан қантты өзге елге импорттайсыңдар» деген өкпесін білдірген еді. Қазақстанның ауыл шаруашылығы министрлігі өкілдері реэкспортпен айналыспайтынын, тек қажеттілікті ғана импорттан алатынын айтып, бұл деректі жоққа шығарған. Экономист Алмас Шукинмен пікірлескенімізде, ол Ресейдің өкпесінің негізі жоқ екенін айтты. Көрші ел өткен жылы 6,5 млн тонна қант дайындады, ал еліміз 99 мың тонна қантты сыртқа экспорттады. Экономистің пайымдауынша, мәселе өнімнің көлемінде емес, принципте болып тұр. Себебі Кедендік одақтың да, кейінгі ЕАЭО-ның да басты мақсаты – отандық өнімді қорғау, преференция, бір-біріне кедергі келтірмеу, мүдде үйлесімділігін сақтау. Бұл жолғы ресейліктердің ұстанымы белгілі. Сондай-ақ импортына кедергі келтіретіндерге жол бермеу. Алмас Шукин аяққа тұрып алуға барлығына бірдей мүмкіндік берілгенін еске түсірді. Бірақ оны еліміз пайдалана алмады. Және ойын ережелерін сақтау үшін де ешқандай әрекетке бармады.
Сарапшы Марлен Додонов Қазақстанның кондитерлік фабрикалары үшін қантты Ресейден емес, Бразилия сияқты ірі қант экспорттаушы елдерден сатып алған тиімді екенін айтады. Себебі Ресей мен Беларусьте баға құбылмалы. Бразилия және Үндістан тәрізді ірі қант экспортерлерімен келісімшарттар ұзақ мерзімге жасалады. Бұл кондитерлік өнімдердің бағасын тұрақты түрде ұстап тұруға мүмкіндік береді. 2017-2018 жылдарда Ресей кәсіпорындары мен қант өндірушілері Қазақстанның кәсіпорындарын бағасы тұрақты қантпен дұрыс қамтамасыз ете алмайтынын көрсетті.
2000 жылдардың басында еліміздегі қанттың 90 пайызы импортқа тәуелді еді. Қант көлемінің 3 пайызы ғана отандық қант қызылшасынан, ал қалғаны импорттық шикізаттан алынған. Қазір бұл жағдай біршама өзгерді.
Қазақстанда қызылша өсіруді қайта дамыту үшін мүмкіндік жетерлік. Табиғи-климаттық жағдай бұл дақылды Алматы облысының 10 ауданында (Алакөл, Ақсу, Еңбекшіқазақ, Ескелді, Жамбыл, Іле, Қаратал, Көксу, Сарқанд, Талғар), Жамбыл облысының 5 ауданында (Байзақ, Жамбыл, Жуалы, Қордай, Мерке) және Түркістан облысының 4 ауданында (Мақтарал, Отырар, Сарыағаш, Шардара) өсіруге мүмкіндік береді. Қазақстанның Тағам кәсіпорындары одағының вице-президенті Айжан Наурызғалиева импорттық шикізаттан жасалатын өнім көлемі – 90 пайыз, ал отандық қызылшадан алынатын өнімнің көлемі 10 пайыз екенін айтады. Аталған 10 пайыздық өнім Алматы мен Жамбыл облыстарының қызылша алқаптарында өсірілген. Көрші елдің қант бизнесі төңірегінде ойын тәртібін өзгертуге деген талпынысы Қазақстанда ғана емес, Беларусьте де қант бағасының құбылуына әсер етті. Себебі Ресейде қант алқаптарының көлемі артқан сайын, бағасы да арзандай бастады.
Айталық, 2018 жылдың аяғында Ресейде қант бағасы – 16, Қазақстанда – 14, Беларусьте 8 пайызға арзандады. Бұл фактор қарапайым халық үшін жағымды болғанымен, солтүстік көрші үшін тиімсіз. Қант бизнесі ойыншыларының 12-20 пайызы көлеңкеге кетті, Қазақстан мен Беларусь тәрізді импорттаушы елдерден айрылып қалу қаупі төнді. «2018 жылдың 27 сәуір күні Ресейдің Ростовтағы Дон қаласында өткен II Бүкілресейлік форумда Ресейдің қант өндірушілер одағы басқарма төрағасының орынбасары Андрей Бодин өз елінің қант экспорты жылына 350 мың тоннаны құрайтынын, ал Қазақстанның қантқа деген қажеттілігі жылына 400 мың тонна екенін жеткізді. Демек, Ресей Қазақстанның қант нарығын толық бақылауға алуға шындап кіріскен. Сондай-ақ А.Бодин беларустық әріптестермен бірге Қазақстанға қант тасымалдау жөніндегі келіссөздердің белсенді жүргізіліп жатқанын жеткізді. Олар Қазақстанның өз мүмкіндігін ескеріп отырған жоқ. Сондықтан Қазақстан тарапы ЕАЭО шеңберінде қант импортын шектеу немесе үшінші елдерден экспорттау мәселесін өздері шешетіні туралы ұсыныс енгізуі керек», дейді Марлен Додонов.
Себебі шетелден тасымалдауға белгіленген жеңілдік беру мерзімі 2020 жылы аяқталады. «Ресейге де, Беларуське де қант құрағын шетелден тасымалдау тиімсіз болмақ. Сондықтан екі ел былтырдан бері қант қызылшасы алқаптарының аумағын кеңейтуде. Олар Еуразиялық экономикалық одақ аясында шикізат пен дайын өнімді өзара тасымалдауды жетілдіруді былтырдан көтеріп келеді. РФ мен Беларусьтің қант импортына жеңілдіктер сұрауға талпынысы – дайындықтың басы», дейді сарапшы.
Қазақстанды не күтіп тұр?
2018 жылдан бастап Ресей қантына қажеттілігіміз 28 пайызға өсті. 2017 жылға дейін қантқа деген қажеттіліктің 29 пайызын Бразилиядан тасымалдап келдік. Бразилияның үлесі 12 пайызға дейін Ресейдің пайдасына қысқарған. М.Додонов еліміздегі қант нарығының Ресейге тәуелділігі тым тереңдеп кеткенін айтады. Қазақстанның кондитерлері, тәтті сусын шығаратын зауыт иелері Ресейдің мұндай шешімді қабылдауына жол беруге болмайды деп есептейді. Ішкі нарықтағы тәтті сусын, кондитерлік өнімдердің 80 пайызы онсыз да ресейліктердің үлесінде. Себебі сарапшылар Ресей қант бизнесінің алпауыттары нарықтың «тәтті сегментін» өз бақылауында ұстағысы келетінін көптен айтып жүр. Олардың ниетін байқап қалған Беларусь те кондитерлік өнімдерді ЕАЭО шеңберінде жеңілдетілген шарттармен айналымға жіберуге ұсыныс жасап үлгерді. «2017 жылдың соңында Астанадағы инвестициялық форумда қант қызылшасын өсіретін алқаптарды 50 пайызға дейін өсіру, аймақта қант өндіретін зауыт ашу туралы меморандумға қол қойылды. Бірақ мұның бәрі әзірге қағаздағы дүние. Себебі елімізде қант бизнесі тек маусымдық кезеңге тәуелді деген көзқарас қалыптасқан. Қант зауытына инвестор болуға ешкім тәуекел етпейді. Кондитерлік фабрикалардың, тәтті сүзбе немесе шырын шығаратын зауыттардың жасанды қант ұнтағын пайдалануына шектеу қоймайынша бұл мәселе шешілмейді», дейді М.Додонов.
2017 жылдың соңында Жамбыл облысында қант қызылшасын өсіретін алқаптардың санын өсіру және қосымша жұмыс орындарын ашу туралы мәселе үкіметтік деңгейде көтерілді. Тіпті Жамбыл облысында қант шығаратын аймақтық зауыт құрылысын бастау туралы мәселе де айтылды. Қазақстандағы қант қызылшасы алқаптарының 75 пайызы Жамбыл облысында орналасқан. Соған қарамастан қант қызылшасын өсіру 35 пайызға азайып кеткен.
Көңіл аударатын тағы бір фактор – Қазақстандағы зауыттар маусым кезінде қант қызылшасын өңдеп үлгермейді. Ал қалған уақытта қаңтарылып бос тұрады. «Ресейде қант шығаратын – 85, Беларусьте 58 зауыт бар. Олар кондитерлік, сусын шығаратын зауыттарын жасанды қант ұнтағын пайдалануға тыйым салу арқылы қант зауыттарын тапсырыспен үздіксіз қамтамасыз етіп отыр. Олар бізге қанттың килосын 198 теңгеден ұсынады. Ал елімізде өндірілген қант ҚҚС қоса есептегенде 215 теңге тұрады. Қант нарығында импорттың бәсі басым болып тұруының басты себебі осы. Ресейде де, Беларусьте де қант – қант құрағынан емес, қант қызылшасынан алынады. Құрамы мен сапасы жөнінен қазақ қантынан артық емес. Керісінше, Ресейден келген қанттың тәттілігінің кеміп кеткені туралы жиі сөз болып жүр», дейді М.Додонов.
АЛМАТЫ