Мен де іште әңгіме-дүкен құрысып, шай үстінде отырғандарға тезірек қосыла кетуім керек еді. Бірақ екі қолына екі шелпек ұстаған әлгі кішкентай қыздан көзімді айыра алмай қарап тұрып қалдым. Әлгі қыз қолындағысымен оң жақ бүйірдегі қарама-қарсы көп қабатты үйдің алдына шейін барып келді. Ол алаңқайда жан адам жоқ. Шелпекті қыз қасындағы бірге ойнап жүрген үш-төрт құрбысын күттіріп қойып, енді сол жақ бүйірдегі көп қабатты үйдің көліктер самсап тұрған асфальтті алаңқайына барып, жан-жағына қарайлап жүр. Ол жақта да ешкім жоқ екенін мен көріп тұрмын. Жаңа піскен шелпектің иісі мұрын жарды ма екен, кім білсін, қолындағы бір шелпектің шетінен шыдамай бір тістеп жеп, келесі үй алдына қарай бұрылып бара жатқан қыздың соңынан енді оны ошарыла күтіп, ортадағы ойын алаңқайында үнсіз телміріп тұрған достары бірге ілесті. Бір-біріне параллель және қарама-қарсы орналастырылған көп қабатты төрт тұрғын үйден тұратын бұл орамның ортасы биік қабаттардың балкондарынан қарағанға алақандағыдай. Екі жапырақ құдайы нанды тарататын адам таппай әрі-сәрі болған кішкентай қызды аяғаным сонша, сілекейі шұбырып соңында жүрген қасындағы достарыңа бере бер деп айтқым келді. Өз үйім емес, оның үстіне жоғары қабаттан айқайласам, дауысым таңғы тынық ауаны жарып, бүкіл ауланы жаңғыртып, танымайтын көрші-қолаңдарды үркітіп жүрермін деп бір ұялдым. Сонда да жақындау келсе айтайын деп бөгеліңкіреп ем, әлгі қыз қасындағыларға наннан үзіп бермек тұрсын, қарайламай, автокөліктердің жолын кесіп өтіп, келесі орамның тротуарына түсіп кете барды. Артына, жан-жағына айнала бұрылып, адам іздеп барады. Обал-ай! Иіс шығарып, жеті шелпекті пісіруін пісіріп, жұмада басқаларымыздан бұрын өз әйелдік ісіне пысықтығын танытқан жас келіншекке қанша риза болсам, оның жұмсап жіберген қызына жаным сонша ашыды. Ойын баласының қанша уақыты босқа кетті. Екі шелпекті тарататын адам таппай ары-бері қанша әуре болды. Әне, ол қыз анааоооу, көз ұшында кішкентай нүктеге айналып алыстап кетіп барады. Қарағыштап, айналшықтап жүрген оның жолында әлі бір үлкен адам кезіккен жоқ. Шыдамай бағана бір тістеп алған жері кертіліп тұрған шығар. Бірақ «жеті шелпектің» тылсым қасиетін білетін кішкентай балапан қанша жеп қойғысы келсе де өзін тыйып, тәтті шелпекті өзгеге үлестіріп, «Құдайы қабыл болсын!» деген тілекті есту үшін Адам іздеп кетті. Айналайыным-ай!..
Үміт БИТЕНОВА,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі