Қондыгер-қаңлы
Сенбі, 5 қаңтар 2013 7:50
«Массақ әскерінің қалың қолы биік қорғанның айналасын қоршай орналасқан. Қорғанның ұшар басында қолына мес ұстаған патшайым тұр. Дәл жанындағы «жанкештілер» жасағының қолбасы Фархад үп-үлкен месті бір жағынан қолымен демеп қояды.
Патшайым местен Кирдің кесілген басын алып шықты. Басты шашынан ұстап, салбыратып сәл тұрды да, парсы патшасының көзі жұмық жүзіне, ісініп кеткен ерніне әбден қарап алып, ішінен күрсін ата күбірлей сөйледі:
Сенбі, 5 қаңтар 2013 7:50
«Массақ әскерінің қалың қолы биік қорғанның айналасын қоршай орналасқан. Қорғанның ұшар басында қолына мес ұстаған патшайым тұр. Дәл жанындағы «жанкештілер» жасағының қолбасы Фархад үп-үлкен месті бір жағынан қолымен демеп қояды.
Патшайым местен Кирдің кесілген басын алып шықты. Басты шашынан ұстап, салбыратып сәл тұрды да, парсы патшасының көзі жұмық жүзіне, ісініп кеткен ерніне әбден қарап алып, ішінен күрсін ата күбірлей сөйледі:
– Сен қаһарлы дұшпан едің, сен әлемнің әміршісі болатынсың. Тіресуге тұрарлық ата жауыма мен ең қымбаттымды – сүйіктімнің қанын сыйға тартамын.
Томирис Кирдің басын көкке көтеріп, Фархадтың қолындағы месті алды.
– Массақтар! Патшайымдарың айтқанынан қайтпайды! Парсы патшасы, іздеп келгенің қан еді ғой, ал енді іш кенезең кепкенше!
Осыны айтты да, Томирис Кирдің басын қанға шүпілдеп тұрған меске матырып жіберді».
Болат Жандарбековтің «Томирис» повесі осылай аяқталатын еді ғой. Бұл – жазушының көркем қиялының жемісі емес. Сонау тарих атасы Геродоттан бастап талай-талай автор осы оқиғаны дәл осылайша келтіреді. Геродоттың «Тарихын» тыңдаңыз, 212-бапта былай дейді: «Томирис патшайым: Қанішер Кир!.. Сен енді менің ақылымды тыңда. Тұтқынға түскен ұлымды өзіме қайырып бер де, аман-есеніңде ата жұртымнан табаныңды жалтырат, массагеттердің әскерінің үштен бірін алдап арандатқаның да жетеді. Егер де сен менің бұл айтқанымды істемесең, Күн Тәңірінің атынан ант етемін, қанша қомағай болсаң да, мен сені қанға тұншықтырамын, – деді». Ал 214-ші бапта Геродот шайқастың қалай өткенін, парсы әскерінің барлығы майдан даласында жер жастанғанын, Кирдің өзі де сонда қаза тапқанын жазады».
2002 жылғы 16 тамызда жариялаған «Ұлы Кир» деген мақаламыздың әлқисса бөлігінде осылай делінетін. Мақаланың өзі: «Ақыры айтқан соң Томиристің Кирдің басын кестіріп алғанын, қанды меске салғанын аңыз деп санайтындар да табылатынын айта кетелік. Сондағы алға тосатындары – Кирдің бейіті Персеполис жерінде тұрғаны. Иә, Кирдің денесі сонда жатыр. Сақ даласына сәтсіз жорықтан кейін бір жылдан соң Кирдің ұлы Камбис Сыр бойына қайта шауып, ақыры әкесінің бейітін тауып, мәйітін қаздырып алып кеткен.
Енді сөз соңында тарихшыларымыз К.Аманжолов пен К.Рахметовті тыңдайық. Олар «Түркі халықтарының тарихы» атты кітабының 1-томында (15-бет) былай дейді: «Осыдан бірнеше жыл бұрын археологтар Пасаргадтағы Кирдің қабірін ашуға ұйғарады – Томирис ханым жөніндегі аңыздың шындығына көз жеткізгісі келеді. Расында да патшаның басы жоқ болып шығады»…» деп аяқталатын.
Геродоттың: «Осы ұлан-ғайыр даланың барлығына жуығын әлгі Кир патша соғыс ашпақ болған массагеттер иемденеді. Кирдің бұл жорыққа аттануына көптеген себеп әсер етті. Соның ішіндегі ең бастысы – өзін тумысында «қасиетті адаммын, нағашымның түсіндегі аян берген әмірші – менмін, дүниені билеуім керек» деген астамшыл пиғылы; екінші себеп – барлық соғыстарда жеңіп келе жатқан ақжолтайлығы еді. Өйткені Кирдің көзінің қиығы түскен халықтың бір де біреуі оған қарсы тұра алмай, тізе бүккен еді» деген сөздері – біз әлі байыбына барып болмаған, ұлттық сана-сезімімізге әлі толық қонбаған, ұлы дала тарихынан әлі ойып орын алмаған сөздер. Кім көрінген көзге шұқып, кемсіте беретін кешегі кер кезеңде бір тарихшы ғалымсымақ Ермұқан Бекмаханов ағамызға қазақ тарихында Кирді жер жастандырғанды жазатын бір бет қана бар ғой деп мұқатпақ болғанда ол кісі жай ғана жымиып қойып: «Да, но на этой единственной странице скифской истории уместилось все человечество» деп жалғыз сөйлеммен ана кісінің аузына құм құйған екен.
Ол оқиға – әлем тарихын өзгерткен оқиға. Сол оқиға – қазақ даласында болған оқиға.
Он жылдан астам уақыт бұрынғы мақаламызда әлемге әйгілі әмірші, ұлы қолбасшы Кирдің соңғы шайқасы қазақ даласының қай жерінде өткені жөніндегі әртүрлі болжамдарды ортаға салып, ол орынды анықтауға боларына үміттеніп, «Ондай күн туып жатса, сол жерге белгі орнатылса мұның өзі тарихымыздың тереңдігін танытып, келешек ұрпақтарды отаншылдыққа үндеп тұратын елеулі ескерткіш болар еді деп те қиялдап кетесің осындайда», деп жазған екенбіз. Сол қиялды енді нақты мақсат етудің де артықтығы жоқ сияқты көрінеді. Елдігіміздің бүгінгі биігі де ұлттық сананың қазіргі дәрежесі де, ғалымның мүмкіндігі де бізге солай айтқыза алатындай.
Бүгіннен бастап оқырман назарына ұсынылатын «ҚОНДЫГЕР-ҚАҢЛЫ» атты көлемді зерттеудің авторы – көрнекті қаламгер, танымал зияткер Таласбек ӘСЕМҚҰЛОВТЫҢ осы еңбегі ел назарын аударатынына бек сенімдіміз. Таласбек пікірлерімен таласуға болмайды демейміз, бірақ Таласбектің мақаладағы ғылыми тегеурінді түйіні, берік ой қисыны Иран-Тұран қатынасы деген аса ауқымды тақырыптағы зерттеулерге қосылған соны сөз саналары күмәнсіз дейміз. Сондықтан да оны біраздан бері «сары майдай сақтап», газетіміздің таралымы 200 мыңдық межеден асқан тұста, неғұрлым көбірек адам оқысын деп әдейі жыл басындағы алғашқы нөмірлерге жариялап отырмыз. Жалпы, орайы келіп тұрғанын пайдаланып, елдің сөзін ұстаған, ел үшін қалам ұштаған барша ағайынға, өз ойын ортаға салғысы келген оқырманның бәріне бас газет бетінде мақала жариялаудың, сұхбат берудің, ой-толғаудың, пікір қосудың бәсі бұрынғыдан да биіктегенін – халыққа арнаған сөзінің енді екі жүз мың адамға жететінін еске сала кеткіміз де бар.
Сауытбек АБДРАХМАНОВ.
Өткен өмірдің бір оқиғасы еді. 1968 жылы Ресейден орыс тілінде шығатын «Пионер» журналы жазушы Л.Воронкованың «От өмірдің ізі» («След огненной жизни») атты балаларға арналған романын жариялай бастады. Журналдың әр санын асыға күтетінбіз. Әлемді жаулап, ұлан-ғайыр мемлекет құрған, ақырында скифтерді бағындырам деп келіп ұлы далада Томирис ханшаның қолынан қаза тапқан парсының патшасы Кирдің өмірі жайындағы есіміз кете оқыған бұл қызғылықты роман, шындығында тарихтың әкесі болып саналатын Геродоттың кітабынан алынған көп хикаяның бірі ғана екенін біз кейін, есейгенде білдік. Бала едік. Туғанынан өлгеніне дейінгі өміріне куә болған біз үшін Кир патша (ескі парсы тілінде Құрыш патша) әлемдегі ең ұлы тұлға болатын. Шаң жуытпайтынбыз. Оның жауы – бізге жау, оның досы – бізге дос, істегенінің барлығы дұрыс болатын. Ақырында есейіп ержете бастап, түрлі ғылымдармен, тарихпен айналысып оң мен солымызды тани бастағанда сонау ықылым алыста қалған балалық шақтан алып шыққан ең асқақ идеалдар бір-ақ күнде күйреген еді. Жабайы жау саналған скифтер – өзіміздің көне бабаларымыз екеніне, ал бала жасымнан ерлігіне, мемлекеттік, елдік істеріне сүйсініп келген Кир патша біздің Отанымызды, кіндік қанымыз тамған қасиетті топырағымызды жаулауға келген, ешқандай аяушылықты білмейтін, бітіспейтін дұшпан болғанына көзім жеткен күні мені бір үрей биледі. Жо-жоқ, бұл аруақтардың алдындағы үрей емес еді. Тоталитарлық системада туып, «сананың тепкісінде», бір шындығы жоқ өтірік тарих атмосферасында өскен советтік балаларға әлдебір кінә қою, айыптаудың өзі – әбестік. Мен «советтік тарих» деп аталатын ғылымның қалыптастырған жалған ғаламының масштабынан шошындым. Сыртқы түрі шын тарихқа ұқсайтын, аты шыққан авторитеттерге сілтемелері бар ұлан-ғайыр жалған хикая. Тұтастай хикаяға емес, оның кейбір тұстарына ғана күмән келтіріп көріңіз, содан соң не болатынын көресіз. Берісі – қоғам тарапынан, ғылыми әулет, әріптестер тарапынан айыпталып, атақ-абыройдан айырылып жұмыстан қуыласыз. Арысы – абақты мен бір түйір қорғасын. Бүгінгі қазақ біздің бұл айтқанымызға сенбеуі мүмкін. Бірақ совет заманында тарих ғылымының сиқы осындай болатын. Басқаша болуы мүмкін де емес, себебі тарих – идеологияның ең басты құралы. Адамдардың барлығы бірдей ойлайтын, бірдей түйсініп-сезінетін коммунистік қоғам құру үшін, адам санасында биттей алалық болмау керек. Сол үшін халықтарды өзінің табиғи менталитетінен, ұлттық санасынан айырады, сол үшін ақылды, білімді, жөн білетін адамдарды жояды. Орыстың бір философының айтқаны бар, «Совет Одағында тарих ғылымы жоқ. Біздің тарих деп жүргеніміз – өткен заманға сәулесін түсірген, өткен заманға төңкерілген бүгінгі саясат» («В Советском Союзе нет исторической науки. Наша история – это наша политика опрокинутая в прошлое») деп. Анық сөз саптасы есімде жоқ, бірақ мағынасы тура осындай.
Әрине, тарихи деректе күнә жоқ. Егер ол адал тарихшы келтірген шын дерек болса. Тарихи жәдігерде күнә жоқ. Егер ол, әлдебір әміршінің, әлдебір билеуші әулеттің қас-қабағына қарап жазылған емес, тек қана шындықты таяныш еткен жәдігер болса. Тарихты бұрмалайтын, жалған сөйлейтін тарихшы қазір де бар, бұрын да болған. Өзі куә болғанды адал жазған, бұрынғы тарихты ақиқат елегінен өткізіп қолдан келгенше шындықты қалыптауға тырысқан арлы, жауапкершілікті тарихшы қазір де бар, бұрын да болған. Демек, өткеннің бәрі шындық емес екен. Барлық уақыттағыдай, дән менен топанның аралас болатындығындай ақиқат пен жалған үнемі қатар жүреді екен.
Енді, құрметті оқырман, осы қағидаларды ойға ала отырып, өзім бүкіл саналы өмірімде зерделеумен өткен, әлемдік ғылымда Кир менен Томиристің соғысы деп таңбаланатын, ал бізше, осыдан екі жарым мың жылдай бұрын сахарада болып өткен ұлы қантөгісті, біздің қасиетті Тұмар әжеміздің Құрыш патша бастаған көне парсының батысқа, түн түбіне жасаған ұлы жаугершілігін тоқтатқан, осылайша мәжүсилікте, жабайылықта жатқан Еуропа жұртшылығын, қаншама халықты өз еркінен, өз әрекетінен тыс құлдықтан құтқарған ұлы күресін шама-шарқымша баян етіп берейін.
«Жиен ел болмас»
Әлқисса, ерте-ерте заманда Мидия деген елде Астиаг деген патша жасапты. Мидияның астанасы Экбатан, әлденеше шақырым биік дуалмен қоршалған, дуалдың сыртын айналдыра қазып су толтырған терең оры бар, қамбаларында неше жыл жесе таусылмас астығы, құдықтары мен кәріздерінде неше жыл ішсе таусылмас суы бар, алынбас берік қамал екен.
Қазіргі тарихқа сүйенсек орта ғасырларда Әмудария мен Сырдарияның арасы Мәуреннахр деп аталған екен. Парсы мен түріктің ортақ лексикасында «нехир» – «өзен» дегенді, ал «мәурен» – «екі аралық» дегенді білдіреді. Яғни, Мәуреннахр – екі өзеннің арасындағы жердің аты. Бірақ, ерте заманда Месопотамиядағы Тигр және Евфрат өзендерінің арасы да Мәуреннахр деп аталған. Кейіннен бұл бүкіл Ғажам өлкесінің екінші атына айналыпты. Міне, біз әңгіме етіп отырған Экбатан шаһары осы абат өңірдің қолқа-жүрегіне орналасқан екен. Астиагтың бала кезінде бұл өлкені көшпенді скифтер жаулапты. Сол кездегі отырықшы елдердің тарихнамасындағы ресми дәстүр-салт бойынша, көшпенділер ықты-жарды тыңдамайтын жыртқыш, сырт келбеті адам демесең табиғат құбылыстарына ұқсас мылқау күш бейнесінде көрінеді. Астиагтың әкесі Қиақсар патша, елге ауыр салмақ болған көшпенділерден құтылудың амалын ойлайды.
Осылайша күндердің күнінде скифтерді мол дастарқан жасап қонаққа шақырады. Қонақтар тұтастай қақталған сиыр мен қойдың етін опырып жеп, шарапты сабасымен төңкеріп, ақырында мас болып, әр жерге қылжиып ұйықтап қалады. Осы кезде Қиақсардың дайындап қойған әскерлері келіп өлі ұйқыда жатқан скифтерді қырып салады. Рас-өтірігін кім білген, бірақ ескі жәдігерлер осылай баян етеді.
Әкесінің тағын иемденген Астиаг бір күні түс көреді. Қайталауға ұрынып жатпау үшін, бұдан арғы әңгіменің сәл жалғасын осы газетте жарияланған «Ұлы Кир» деген мақаладан (2002, 16 тамыз) оқиық.
«Мидия патшасы Астиаг жиен немересі (айтқандай, кей кітаптарда Астиагты Кирдің атасы деп жазады, бұл орысшада атаны да, нағашы атаны да «дед» дей беретіннен шыққан шатастыру) Кир дүниеге келген кезде түс көріпті, түсінде жаман іс көріпті дейді. Түсінде жиені өсе келе өзіне ауыз салып, атасын тақтан тайдырып тастаған екен. Шошып оянған Астиаг жаңа туған қызылшақаның көзін дереу құртуға пәрмен етеді. Әйтсе де әлгі тапсырманы алған Гарпаг деген уәзірі баланы өлтіртпейді. Оқиға былай болған. Дәл сол тұста Гарпагқа бір бақташы келе қалыпты. Гарпаг баланы соның қолына беріп, мұны тауға алып бар да өлтіріп таста, артыңнан адам жіберіп тексертемін, өлі баланы соған көрсететін боласың дейді. Бақташы таудағы үйіне келсе соның алдында ғана айы-күні жетіп отырған әйелі босанып, баласы іштен өлі туған екен. Әйел күйеуінен өлі шарананы уәзірдің адамына көрсетейік те, мына баланы өзіміз алып қалайық деп өтініп сұрайды. Ақыры солай етеді де. Жіберген адамы өлі баланы көргенін айтып келген соң уәзір патшаға айтқаныңызды істедім дейді. Уақыт өте келе түс жорушылар патшаға ол түсіңізді кері жорыған жөн еді, атыңызды шығаратын сол немереңіз болар еді деп түсіндіреді. Қатты қапаланған патшаға Гарпаг келіп, баланың өлмегенін, аман-есен өсіп жатқанын айтады».
Осылайша Құрыш есімді бала тумай жатып әлгіндей өткелектерден өтіп, тағдырдың қалауымен тірі қалыпты.
Біз оқыған кітаптарда мұнан кейінгі оқиғалар былайша баян етіледі.
Құрыш алғыр, қажырлы болып өседі. Әкесіне еріп патшаның қойы мен сиырын бағып жүріп ат құлағында ойнайтын шабандозға айналады. Бірде балалар патша сайлап ойын ойнайды. Құрышты патша қылып тағайындаған екен, ол жарлығын орындағысы келмеген бір баланы қатты жазалапты. Ол байдың баласы екен, әкесіне жылап барыпты. Бірден-бірге кеткен дау-дамай ақырында Астиаг патшаның алдына жетіпті. Құрышты алғаш көргенде, оның патша тағында отырған өзінен айнымайтынын көріп Астиаг айран-асыр таң қалған деседі. Митридатты шақыртып алдырып, «мынадай бала саған қайдан келді» деп сұрапты. «Өзімнің балам» депті Митридат. Астиаг жендетті шақыртып, мына қойшы шынын айтсын, азаптаңдар дейді. Ақырында отқа қыздырған қанжармен жонынан таспа тілгенде Митридат барлық шындықты айтыпты.
Астиаг патша жиенінің құрметіне той жасайды, күндізгі тойға Құрышпен жасты балаларды шақырады. Бас уәзірдің баласы да шақырылған екен, бала үйден шығарда бір жамандықты сезгендей әкесіне қимай-қимай қарапты. Гарпаг, ойында ештеңе жоқ, «бара ғой, құлыным, құрбы-құрдастарыңмен көңіл көтеріп қайт» деп баласын шығарып салады. Бірақ, уәзірдің баласы тойдан қайтпай қалады. Қобалжыған Гарпаг кешке тойға өзі барады. Астиаг уәзіріне неше түрлі дәмді табақ-табақ қылып тартқызады. Ең соңында «мен саған бұрын жеп көрмеген бір тамағыңды татырайын» деп қолымен белгі береді. Даяшы Гарпагтың алдына бетін жібекпен жапқан бір керсенді әкеп қояды. «Ашып, дәм тат» дейді Астиаг. Уәзір керсенді ашып, ішінде мүшеленіп бұзылған өз баласының етін, еттің үстінде тұрған басты көреді.
«Бұл әмірімді орындамаған, мені алдаған уәзірге ғана емес, маған арамдық істегендердің барлығына менің жасайтын сыйым» деген екен Астиаг. Гарпаг қажырлы ер екен. Патшасының істеген сұмдығынан көзі қарауытып, бүкіл дүниесі төңкерілсе де, ішіндегісін білдірмей, орнынан тұрып иіліпті де «кешіре көріңіз, әміршім, бұл маған лайықты жаза» депті. Депті де керсенді алып сарайдан шығып жүре беріпті. Баласын арулап қойғаннан кейін, Гарпаг енді ішіне қан қатып, патшадан қалай кек алуды ғана ойлаған екен. Бірақ, сыртқы түрінде еш өзгеріс жоқ, күнде сарайға келіп, патшаға адал құл болып, міндетін қалтқысыз атқарып жүре беріпті.
Астиаг сәуегейлерін шақыртып, болған жайды баян етіпті. Сәуегейлері айтыпты, «Сіздің жиеніңіз ойын кезінде ойнап болса да патша тағына отырды, осымен аруақтардан келген аян орындалды, енді қорықпай-ақ қойыңыз» депті. Астиаг көңілі жайланып, баланы Аншан уәлаятына, әкесі мен шешесіне аттандырады. Ал енді Митридат пен Спаконның жайы не болыпты? Құрыш ата-анасының қолына барғаннан кейін, өзін ажалдан алып қалған, асырап-жеткізген осы екі адамның тағдыры не болғанын білмек болып, қолынан келгенше талай рет іздеу салыпты. Бірақ, олардың не күйге ұшырағанын анықтай алмапты. Кейіннен нағашы атасының астанасын алып, тағына отырғаннан кейін ғана шындыққа жетіпті. Астиаг патша кейін жиенінің төңірегінде түрлі қаңқу әңгіме өрбімес үшін Митридат пен Спаконы сарайға алдырып азаптап өлтіріпті. Ал бақташының кішкентай ғана құжыра үйі тып-типыл өртелініпті.
Құрыш есейіп ержетеді. Міне, осы кезде оған бір құпия хат келеді. Хат иесі баяғы уәзір Гарпаг екен. Ол кезде де уәлаяттардың арасындағы торап жолдарда кеден тұрады екен, ары-бері өткен адамды тексеретін күзетшілер болады екен. Гарпаг кеудедегі бас кететін аса қатерлі іске барғанда, әлбетте, барлығын ойластырады. Хатты жабайы таушан-қоянның ішіне тігіп жіберіпті. Гарпагтың хатын жеткізетін адам аңшылар сияқты киініп, кеденнен осылай өткен екен. Кеденшілер ойында ештеңе жоқ, беліне бірнеше қоянды асып алған адамды Аншан уәлаятына қарай өткізіп жібереді. Міне, Мидияның күйреуіне, Астиагтың тақтан айырылуына, Құрыштың билікке қол жеткізіп, қазіргі Үндістаннан бастап Балкан түбегіне дейінгі жерді жаулап, Ұлы Парсы империясын құруына, осылайша адамзат тарихын мүлдем басқа арнаға бұрған ерекше оқиғалар тізбегіне себеп болған бір жапырақ қағаз өзінің адресатына осылай жеткізілген екен.
Енді хаттағы мән-жайға келейік. Бұл кезде Астиагтың ішкі-сыртқы саясаттағы қателерінен әлеуметтің ахуалы шиеленісіп, ушығып кеткен. Сарайда, патшаның жанында отырып мемлекеттегі ахуалды қалт жібермей қадағалаған бас уәзір Гарпаг, Астиагтың бірнеше осал жерін жазбай таныған. Ең әуелі патшаға Мидияның ақсүйек әулеті, билік жүйесін ұстап отырған аристократия мен шенеуніктер қарсы. Содан соң бүкіл дін мен мемлекеттегі барлық діни рәсімдерді атқарып отырғандар қарсы. Ең соңында әскербасылардың дені патшаның орасан қаталдықтарынан жүрегі шайлығып, тек бастарын қосып бұлғаққа бастайтын адамды күтіп отыр. Осылардың барлығын есептеп келген Гарпаг қимылдайтын кез жетті деп шешеді. Әрине, сарай өмірінің қыр-сырына жетік тәжірибелі, әккі уәзір үлкен сақтықпен қимылдаған. Өзіне керек адамдарды әлденеше тексерістен өткізген. Ақырында істің сәті білінгенде қапысыз қимылдаған. Әлбетте, аяғы алмағайып бұндай бұлғақты бастау үшін патшаның өзі және жанындағы адал ақылшылары сенетіндей үлкен бір оқиға себеп керек. Кәріні де, жасты да, тіпті, дүние есігін жаңа ашқан нәрестені де қолы қалтырамай өлтіретін, адамның қадірін білмейтін тексіз патшадан кек алуды көздеген бас уәзір, ойлап отырып ақырында баяғы өзі өлімге қимай қоя берген Құрышты есіне түсіреді. Аншан уәлаятында, уәли деген аты ғана, ел қатарлы қоңыртөбел тіршілік кешіп жатқан Камбиздің ұлы, болашақ ұлы патша Құрышқа кемеңгер уәзір Гарпаг өзінің хатын осындай жағдайда жолдаған екен.
Тағдырлы хаттың тағдыры
Гарпаг өзінің хатында Мидияның ішкі-сыртқы ахуалын қысқаша айтып береді, билеуші әулеттің, әскербасылардың патшаға қарсы екенін білдіреді. Өздерінің Астиагқа ашықтан-ашық қарсы шыға алмайтындықтарын, бұл ұлы істі бастау үшін әлдебір сыртқы себеп керек екенін айтады. Сөз соңында Құрышқа, Аншан уәлаятының халқын көтеріліске бастасаң деген ашық ұсыныс жасайды.
Кейінгі зерттеушілер (мен бұл жерде біздің заманның ғалымдарын айтып отырмын) осы таңғажайып оқиғаны көп зерделеген. Ел ішінде бұлғақ ұйымдастырудың, мемлекетті құлатудың технологиялары барлық уақытта бірдей, бір-біріне ұқсас болып келеді. (Алысқа бармай-ақ, бізбен қандас саналатын осман түріктерінің тарихына жүгінейік. Бірнеше лек болып Азиядан қоныс аударған селжүк тайпалары қазіргі Түркияның Иракпен шекаралас бір шағын аймағын Византияның императорынан сұрап алады. Есен Бұға бастап барған жауынгер ел саны көбейіп жерге сыймай бара жатқанда, іздегенге сұраған дегендей, гректің жергілікті шаруалары императордың үстінен арыз айтып түріктерге келе бастайды. Ақылға сыймайтын салық жүйесі Византияның түбіне жетті деп жазады ғалымдар. Гректің шаруаларына жаны ашып, салық жинауға келген салықшылармен ілініскен жанжал ақырында түрік-грек соғыстарының себебіне айналып, Византия, императордың үстемдігінен құтылып, көне өркениеттер бесігінде бүгінгі Түркия пайда болған).
Кәмелетке жетіп қалған, шешесі мен әкесінің шым-шымдап айтқан әңгімесінен өзінің биік несібесі, ұлы болашағынан толықтай хабардар Құрыш көп ойланыпты. Өзін аңдыған жау көп, ал ең үлкен жау – нағашы атасы Астиаг бұның әр қадамын қадағалап отыр. Алғашында үшбу хатты Астиагтың арандатуы ма деп те ойлайды, бірақ ол ойынан айниды. Сонымен болашақ жарты дүниенің әміршісі тәуекелге барады.
Әуелі Аншанның шаруаларын жинап алып бір күн бел жаздырмай ауыр еңбекке салыпты. Ертеңіне әкесінің азын-аулақ дәулетін шашып, егін даласына дастарқан жасатып, жұртты кәуапқа тойғызып, шарап ішкізіп мәз-мереке қылыпты. Үшінші күні жұртты жинап, «Ал, кәне, айтыңдаршы, қара терге малшынып еңбек еткен жақсы ма, әлде ішкен мас, жеген тоқ, өмірді мерекемен өткізген жақсы ма» деп сұрайды. Әрине, жұрт ішіп-жеп, көңіл көтергенді қалайды. Ендеше, қашанғы Мидияның, оның тойымсыз әміршісі Астиагтың құлы болып жүре бересіңдер. Мен сендерді еркіндікке, тәуелсіз өмірге шақырамын. Еріңдер менің соңыма. Менімен бірге болыңдар, бірге өліңдер. Не еркін ел болайық, не бүйткен тіршіліктің керегі жоқ, барлығымыз жер жастанайық» дейді. Дені өзінің жасөспірім замандастары, қолдарында кемел қаруы да жоқ бірнеше мың адам осылайша қатерлі, жанкешті жолға түсіпті.
Таласбек ӘСЕМҚҰЛОВ.
___________________
Суретте: «Сақтар патшайымы».
Суретті салған А.ДҮЗЕЛХАНОВ.
(Жалғасы келесі нөмірде).