Саясат • 15 Мамыр, 2019

Г. Әбдіқалықова Бішкекте Шанхай ынтымақтастық ұйымының екінші әйелдер форумына қатысты

976 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгін Бішкекте Шанхай ынтымақтастық ұйымының ІІ әйелдер форумы басталды. Іс-шара әйелдердің қатысуын арттыру және ШЫҰ стратегиясы мен жобаларына гендерлік өлшем енгізу, әйелдердің саяси және экономикалық құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту саласында ШЫҰ-ға қатысушы елдер арасындағы тиімді ынтымақтастықты ілгерілету, сондай-ақ ынтымақтастықтың өңірлік желілерін құру мәселелерін қарап, жан-жақты талқылауға бағытталған. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады.

Г. Әбдіқалықова Бішкекте Шанхай ынтымақтастық ұйымының екінші әйелдер форумына қатысты

Ашылу салтанатында ҚР Премьер-Министрінің орынбасары, ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның төрайымы Гүлшара Әбдіқалықова сөз сөйледі. Вице-Премьер өз сөзінде Елбасы Н. Назарбаевтың алға қойған стратегиялық мақсаттары – 2050 жылға қарай дамыған 30 елдің біріне айналуға қол жеткізу шеңберінде Қазақстанда Үшінші жаңғыру, «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасының іске асырылып, Индустрия 4.0 элементтерінің енгізіліп жатқанын атап өтті. Олар жаһандық тәуекелдер: экономикалық осалдықтар; геосаяси шиеленістер; қоғамдық, саяси және технологиялық тұрақсыздық; қоршаған әлем проблемалары аясында жүргізіледі. Бұл жұмыста әйелдер қауымдастығы басты драйверлердің бірі болып қалыптасуда.

«Біз дәстүрлі отбасылық құндылықтарды нығайтуға және отбасы институтын қолдауға басым назар аударамыз. Әйелдерді және балалары бар отбасыларды әлеуметтік қолдаудың тұтас жүйесі құрылды. Соңғы 10 жылда бюджет шығындары осы мақсаттарға 5 еседен астам ұлғайды», — деді Г. Әбдіқалықова.

Форум аясында ҚР ұлттық экономика вице-министрі М. Жүнісбекова, «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Л. Рамазанова және «Экомед» адам ұрпағын өрбіту клиникасының басшысы С. Байқошқарова баяндама жасаған бес панельдік сессия өтті: «ШЫҰ-ға қатысушы елдердің өңірлік ынтымақтастығының гендерлік аспектілері», «Әйелдердің аймақтың тұрақты және инклюзивті экономикалық дамуына қатысуы», «Денсаулық сақтау мен білім беруге инвестициялар: өңірлік ынтымақтастық үшін мүмкіндіктер», «Мүмкіндіктер теңдігі мақсатындағы инновациялар мен цифрландыру дәуірі», «Әйелдер мен қыздардың жағдайын жақсартуға арналған өңірлік сын-қатерлер мен мүмкіндіктер».

Форум қорытындысы бойынша Қарар қабылдау жоспарлануда.