Спорт • 15 Мамыр, 2019

Елордадағы велотректен өтіп жатқан халықаралық турнир туралы не білеміз?

838 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгін, 15 мамыр күні, елордада велотректен Silk Way Series Astana ірі халықаралық турнирі басталды. Жарысқа бірнеше мемлекеттен жалпы есебі 70 спортшы қатысуда. Велотрекшілер додасы екі санат бойынша ұйымдастырылып отыр. Бұл туралы Olympic.kz хабарлады.

Елордадағы велотректен өтіп жатқан халықаралық турнир туралы не білеміз?

Аталған турнир Қазақстанда екінші рет ұйымдастырылып отыр. Былтыр қыркүйек айында жалауы желбіреген жарыс велоспорт әлемінде CL2 санатындағы турнирлер қатарына жататын. Биылғы доданың санаты бір саты жоғары - CL1. Бұл сында спортшылар рейтингілік ұпай жинау үшін жанталасады. 

Silk Way Series Astana турнирінің өткізілу форматы биыл біраз өзгеріске ұшырады. Жарыс деңгейі өсіп, Қазақстан өз тарихында тұңғыш рет CL1 санатындағы турнирді қабылдауда. Бұл турнирдің CL2-ден басты айырмашылығы – рейтингілік ұпайлар санының көптігінде. CL1 турнирінде жеңіске жеткен шабандоз бірден 200 ұпай еншілей алады. 

Жарыс екі кезеңге бөлінген. 15-16 мамыр күндері CL2, 17-19 мамыр күндері CL1 санатындағы бәсекелер ұйымдастырылады. 

Қазақстан атынан сынға түсетін спортшылар құрамы: Богдан Рудер, Андрей Чугай, Виктор Голов, Павел Воржев, Артем Захаров, Дмитрий Резанов, Максим Налетов, Андрей Крейс, Александр Сафаров, Темірхан Сиязбеков, Ғабиден Әзен, Әлішер Жұмақан, Роман Василенков, Сұлтанмұрат Мірәлиев, Никита Панасенко, Йоган Штейн, Роберт Гайнеев, Игорь Юсифов, Настасия Шаповалова, Рината Султанова, Татьяна Богданова, Алена Абрамчук және  Жанерке Санақбаева. 

Жарысқа Ұлыбритания, Қытай, Гонконг, Ресей, Әзірбайжан, Өзбекстан, Украина, Голландия, Испания, Литва және Қазақстаннан 70 спортшы қатысуда. Олардың арасында алты дүркін Олимпиада чемпионы, ұлыбританиялық Джейсон Кенни де бар. 

Бүгін «скрэтч» бойынша әйелдер арасындағы финалдық сын аяқталды. Жалпы есебі 12 спортшы қатысқан сында жүлденің барлығын Қытай қыздары жинап алды. Қазақстандық Рината Султанова медальға қол созым жерден тоқтап, төртінші орын иеленді.