Саясат • 16 Мамыр, 2019

Г. Әбдіқалықова панельдік сессиялардың жұмысына қатысты

963 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Нұр-Сұлтан қаласында XII Астана экономикалық форумы аясында ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Г. Әбдіқалықова панельдік сессиялардың жұмысына қатысты. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады.

Г. Әбдіқалықова панельдік сессиялардың жұмысына қатысты

Бірінші іс-шара Халықаралық Еңбек Ұйымының 100 жылдығына арналған халықаралық конференция болды. Оған ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев, Өзбекстанның жұмыспен қамту және еңбек қатынастары министрі Шерзод Кубдиев, Халықаралық Әлеуметтік Қамсыздандыру Ассоциациясының Департаментінің Директоры (ХӘҚА) Грахам Минтон, халықаралық ұйымдардың өкілдері, сарапшылар қатысты. 

Вице-Премьер Гүлшара Әбдіқалықова конференцияны ашу кезінде барлық елдердің және халықаралық ұйымдардың күн тәртібінде тұрған еңбек нарығындағы жаһандық үрдістерді атап өтті. Олар цифрлық технологиялардың, еңбек қатынастарының жаңа нысандарының дамуымен, сондай-ақ демографиялық өзгерістермен байланысты.

«Қазақстанда аталған сын-қатерлерге ден қою бойынша жүйелі шаралар қабылданып, іске асырылуда. Жоспарлы түрде құрылымдық реформалар жүргізіліп жатыр. Озық халықаралық практикаға жақындау үшін ЭЫДҰ стандарттары енгізілуде», — деді Г. Әбдіқалықова.

Премьер-Министрдің орынбасары Үкіметтің алдында 2025 жылға қарай еңбекақысы лайықты және жағдайлары қауіпсіз 1 млн астам жаңа жұмыс орындарын құру, жұмыс күшінің, оның ішінде жаңадан келгендердің де, жұмыс істеп жүрген қызметкерлердің де дағдылар мен құзыреттер деңгейін арттыру, өмір бойы үздіксіз оқу моделіне өту үшін жағдайлар жасау сияқты ауқымды міндеттер тұрғанын атап өтті.

Қазіргі уақытта еңбек болашағы саласындағы жұмыс бірнеше бағытта жүргізіліп жатыр. Мәселен, Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың тапсырмасымен Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017–2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы іске асырылуда. Ол іске асырыла бастағалы 314 млрд теңге бөлініп, екі жыл ішінде 1,2 млн адам Бағдарламаға қатысушы болды, 695 мың адам тұрақты жұмыс орындарына жұмысқа орналасты. Ағымдағы жылы Бағдарлама шараларымен 570 мың адамды қамту жоспарлануда, бүгінгі күні 168 мың адам оның қатысушысы болды.

2018 жылғы 1 қаңтардан бастап республикада алғашқы цифрлық алаң және еліміздегі бос жұмыс орындары мен түйіндемелердің ең үлкен банкі – Электронды еңбек биржасы жұмыс істеуде. Биржада 985 мың бос жұмыс орны мен 732 мың түйіндеме орналастырылды. Оның көмегімен 630 мыңнан астам адам жұмысқа орналасты.

Конференция барысында халықаралық сарапшылар да сөз сөйлеп, еңбек болашағы мәселесі бойынша пікір алмасу өтті.

Вице-Премьер қатысқан келесі іс-шара, «Жасыл дамудың инновациялық экожүйесін құру: ғылым, білім және технология» панельдік сессиясы болды. Оған, сондай-ақ, ҚР білім және ғылым министрі Күләш Шәмшидинова, Қазақстан экологиялық ұйымдар ассоциациясы президиумының төрайымы Әлия Назарбаева, халықаралық және ұлттық сарапшылар, ЖОО ректорлары және басқалар қатысты. 

Гүлшара Әбдіқалықова өз сөзінде, соңғы 100 жылдағы экологияның нашарлауы біздің адамзат алдындағы жауапкершілігіміз жайында ойлануымызға мәжбүрлегені жөнінде ерекше атап өтті. Бүгінгі таңда әлемдік қауымдастық тұрақты даму тұжырымдамасын қабылдады, бірқатар дамыған және дамушы елдерде «жасыл» экономикаға өту мақұлданған.

«Сондай-ақ, елімізде 2013 жылы Қазақстанның "жасыл" экономикаға өтуі Тұжырымдамасы қабылданған. Оны жүзеге асырудың нәтижесінде азаматтардың әл-ауқатының артуы; табиғи ресурстарды айтарлықтай үнемдеу; қоршаған ортаны қорғауды күшейту күтілуде», —деді Премьер-Министрдің орынбасары.

Аталған Тұжырымдамада басты бағыттардың бірі жасыл жұмыс орындарына жаңа дағдылармен жаңа кадрларды дайындау болып табылады. Оларды құру, өз кезегінде, кәсіптік білім жүйесін трансформациялаумен бірге жүруі қажет. Аталған тапсырманы тек комплексті тәсілмен шешу мүмкін:

1) білім беру бағдарламаларын жаңғырту;

2) педагогтар құрамының құзыреттілігін жетілдіру;

3) алдыңғы технологиялық шешімдерді және экологиялық тәсілдерді қолданатын, жаңа оқу ортасын құру.

Панельдік сессия қорытындысы бойынша меморандумдарға қол қойылды.