«ІІМ Е.Тұрғымбаевқа Атырау облыстық Полиция департаменті бастығының ерсі әрекетіне қатысты қызметтік тексеру жүргізуді тапсырдым. Қатаң шара қолданылатын болады» деген Президенттің сөзі полиция бастығы әрекетінің шынымен ерсілігін көрсетсе керек. Оның үстіне Қ.Тоқаев Қазақстан Президенті ретінде осы ішкі істер саласының жұмысына мән беріп, министрлік басшылығы мен жеке құрамына сын-ескертпелері мен тапсырмаларын берген еді.
Атап айтқанда, сәуір айында Ішкі істер министрлігінің кеңейтілген алқа отырысына қатысқан Қазақстан Президенті полицияға қойылатын негізгі талап – тиімді жұмыс, ал оның тиімділігін бағалаудағы басты шарт – халық сенімі екенін айта келе: «Тұрғындар полицейлердің дөрекілігі мен біліксіздігіне байланысты жиі шағым айтады. Кейбір жағдайларда полиция қызметкерлерінің өздері заңды бұзады, әсіресе, жол ережелерін сақтамайды», – деген болатын.
Міне, Елбасы бастап берген реформалардың маңыздылығы айтылып, оны сапалы жүргізу тапсырылған жиыннан бір ай өтер-өтпесте Атырау облыстық Полиция департаментінің басшысы көпшілік алдында, салтанатты жағдайда «атқа мініп» шыға келді.
Енді А.Дүйсембаевтың әрекетінің заңды-заңсыздығын, ең бастысы, қай жерден сүрінгендігін арнайы комиссия анықтай жатар. Министрліктің баспасөз қызметі таратқан хабарламадан Атырауға арнайы өкілдің аттанғаны белгілі болды. Онда: «Атырау облыстық Полиция департаментінің басшысы Аян Дүйсембаевқа қатысты әлеуметтік желіде жарияланған бейнематериал бойынша Ішкі істер министрлігі оқиға орнына өкіл аттандырып, қызметтік тексерісті қолға алды. Қызметтік тексеріс нәтижесі бойынша заңда белгіленген тәртіп негізінде шешім қабылданады» делінген.
Әрине, халқымызда құрметті адамын атқа мінгізу дәстүрі барын жоққа шығара алмаймыз. Бірақ министрлік өкілі генералдың қатысуымен болған шараның полиция әдебіне сәйкес келуінен бастап тұлпардың сыйлық ретіндегі бағасына дейін көңіл аударары анық. Өйткені сол әлеуметтік желіде полиция генералына туған ауылына барғандағы көрсетілген құрмет деген жазба қалдырылған.
Бірақ бұл шара өңірде атты полиция қызметінің ашылу салтанаты болуы да мүмкін. Өйткені ат тізгінін жетелеп әкелген жігіттің киімі полицияның кәдуілгі формаларының біріне ұқсайды.
Жалпы, Атырау полициясының бастығы А.Дүйсембаевтың қоғам талқысына қалып отырғаны бірінші рет емес. Былтырғы тамыз айында оның шетелдердің біріндегі казинода бәс тігіп жүргендегі көрінген бейнежазбалар таралып, полиция бастығы кейін өз әрекетінің заңға қайшы болмағанын және құмар ойынға қатысы жоғын айтып ақталған. Ал бұл жолы қандай уәж айтары белгісіз.
Әлеуметтік желінің кең таралып, қолжетімді бола түскені құқық қорғау саласының да көлеңкелі былықтарын аша түскені рас. Айталық, өткен жылдың соңында Қарағанды полиция академиясының басшы лауазымындағы өкілі теледидардан көргенін істеп, қылмыскердің кейпін сомдаймын деп қызметінен қуылды.
Бір ғана youtube.com арнасын ашып қалсаңыз, қызметтік форма киген тұлғалардың басқа да былықтарына қарық боласыз. Сөйте тұра, бейнекамерасы қуатты смартфондар, қолжетімді әлеуметтік желі билеген дәуірде ант берген қызметкерлердің ерсі қылықтарының азаймауына не себеп?