Қазақстан • 17 Мамыр, 2019

Cyber & Digital Security-2019 атты конференция өтті

1044 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Астана экономикалық форумы аясында өткен ақпараттық қауіпсіздік мәселелеріне арналған конференцияға АКТ саласының, АТ-компанияларының, мемлекеттік орган және бизнес-орта өкілдері қатысты. Кәсіби қауымдастық ғаламдық ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде ағымдағы тапсырмалар мен мәселелерді бірлесе шешу жолдарын талқылады. Бұл туралы Цифрлық даму, қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Cyber & Digital Security-2019 атты конференция өтті

Шетелдік және қазақстандық спикерлер, мемлекет және цифрлық қауіпсіздіктің экожүйесі; үдерістер, технологиялар, білікті мамандар – цифрлық қауіпсіздіктің  іргетасы;  қауіпсіздікті қамтамасыз ететін мәселелер жөніндегі қоғам мен бизнес диалогының тиімділігі тақырыптарына арналған үш секция жұмысының барысында өзара тәжірибе алмасты. 

Шетелдік баяндамашылар қатарында Польша Республикасының Кәсіпкерлік пен технологиялар вице-министрі Тадеуш Кошчиньский; Малайзияның Ғылым, технологиялар және инновациялар министрлігі жанындағы киберқауіпсіздік саласына мамандар даярлау ұлттық орталығының бас директоры, доктор Амируддин Абдул Вахаб;  Италияның барлау қызметі қауіпсіздігі департаменті бас директорының орынбасары, профессор Роберт Балдони;  Өзбекстанның ақпараттандыру және телекоммуникация саласындағы бақылау жөніндегі мемлекеттік инспекциясы жанындағы техникалық ықпалдастық орталығы директорының орынбасары Бахтиёр Юлдашев; Халықаралық электробайланыс одағының ТМД бойынша өңірлік бөлімінің басшысы Кирилл Опарин,  сондай-ақ  домендік атаулар мен ICANN IP-мекенжайларды басқару жөніндегі халықаралық корпорация өкілдері болды.

Аталған сала бойынша Қазақстанда өткен жылы атқарылған нақты механизмдер мен іс-шаралар туралы Цифрлық даму, қорғаныс және аэроғарыш вице-министрі Асхат Оразбек айтып берді. Мемлекеттік органдардың бірлесе атқарған  жұмысының нәтижесінде Қазақстан БҰҰ-ның киберқауіпсіздіктің жаһандық рейтингісінде  82-ші орыннан 40-шы орынға көтерілді.

Бүгінгі күні Қазақстанда азаматтардың жеке бас мәліметтерін қорғау мәселесі жан-жақты қарастырылуда. Технологияларды қолдану, соның ішінде мемлекеттік және корпоративтік секторлардың мәліметтер базасына  қашықтан қол жеткізуде  қауіпсіздікті қорғау  әдістері игерілуде. Осымен бірге, өндірісті цифрландыру және «ақылды» экожүйелерді  құру жөніндегі ақпараттық қауіпсіздікке жүйелі талдау жүргізілуде.

Бұл мәселелердің өзектілігіне орай,  ақпаратты қорғау саласында  кәсіби аутсорсинг қызметтеріне сұраныс артып отыр. Сондай-ақ ақпараттық қауіпсіздік саласына бөлінген білім беру гранттарының саны 11 есеге өсіп, 60-тан 674-ке көбейген.

Бұдан бөлек, 100 мыңнан астам  хостты құрайтын  Интернет желісінің  ұлттық сегменті қолданушылар үшін айтарлықтай қауіпсіз бола түсті. Интернет-кеңістікті мониторинглеуді автоматтандырудың нәтижесінде  интернет-ресурстың зиян келтіретін уақыты бірнеше сағатқа қысқарған.

Сессия барысында сарапшылар әлемдік тұрақтылық пен мемлекеттің және әлемдік қоғамдастықтың  қауіпсіздігіне  ақпараттық кеңістік арқылы   төнетін қатерлерден қорғану жолдарын талқылады.