17 Мамыр, 2019

А. Мамин III Kazakhstan Global Investment Roundtable жұмысына қатысты

1206 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Асқар Мамин ХІІ Астана экономикалық форумы аясында III Kazakhstan Global Investment Roundtable жұмысына қатысты, онда 1100-ден астам қатысушы жиналды, оның ішінде әлемнің 41 елінен 600-ге жуық шетелдік қатысушы болды. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады.

А. Мамин III Kazakhstan Global Investment Roundtable жұмысына қатысты

Пленарлық сессияда бәсекеге қабілеттілікті арттыру, көлік-логистика, агроөнеркәсіп әлеуетін, қаржы нарықтары мен технологияларды дамыту, мемлекеттік активтерді жекешелендіру мәселелері талқыланды.

ҚР Премьер-Министрі А. Мамин инвестициялар Қазақстан экономикасының өсімі мен оны дамытудың іргелі факторы болып қала беретінін атап өтті. 2018 жылы Қазақстанға $24 млрд астам тікелей шетелдік капитал инвестицияланды, бұл Орталық Азиядағы тікелей шетелдік инвестициялардың жалпы көлемінің 90% астамын құрайды.

Қазақстан экономикасына халықаралық капитал ағынын одан әрі күшейту мақсатында Үкімет инвесторларды жан-жақты қолдауды қамтамасыз ететін инвестициялық саясат саласында жаңа тәсілдерді енгізіп жатыр. 

ҚР Үкіметінің басшысы Форум қатысушыларын Қазақстанда бизнес жүргізу және инвестиция салу үшін, оның ішінде жекешелендіру бағдарламасы аясында да, мүмкіндіктерді қарастыруға шақырды. Қазақстан өз кезегінде барлық инвесторларға қолайлы бизнес-ахуал ұсынады.

«Қазіргі адам, энергетика, логистика капиталын жаңарту жөніндегі жаңа тәсілдер біздің жаңа және перспективалы салаларды – экономикалық өсімнің болашақ қозғаушыларын дамытуға баса көңіл бөлуімізді түсіндіреді, — деді А. Мамин.

Форум қорытындысы бойынша инвестициялық келісімдерге қол жеткізіліп, $8,9 млрд сомасына 45 жоба бойынша коммерциялық келісімдерге қол қойылды.

ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин АЭФ-2019 аясында басқарушы директоры Михаэл Хармстың жетекшілігімен Германия экономикасының шығыс комитетінің делегациясымен кездесу өткізді, онда сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты одан әрі дамыту мәселелері талқыланды.

2018 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан мен Германия арасындағы тауар айналымы 10,8% артып, тарихи жаңа деңгей $2,1 млрд-қа жетті. Елдердің ретке келтірілген екіжақты ынтымақтастығы қазақстандық-неміс кәсіпорындарын белсенді түрде құруға ықпал етеді. Соңғы 4 жылда неміс компаниялары Қазақстанда 2,4 млрд-қа жуық еуроға инвестициялық жобаларды іске асырды, өткен жылы бірлескен жобаларға 190 млн-нан астам еуро инвестицияланды.

Кездесуге қатысушылар өңдеу өнеркәсібінде, энергетикада, машина жасауда, көлік саласында, ауыл шаруашылығында, білім беру мен цифрландыруда ынтымақтастықты арттыруға деген ниеттерін жеткізді.