Аймақтар • 20 Мамыр, 2019

Солтүстік Қазақстанда қоғамдық қабылдау күні өтті

878 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Н. Погодин атындағы орыс драма театрында облыс, қала басшыларының, департамент, басқарма жетекшілерінің қатысуымен қоғамдық қабылдау күні ұйымдастырылды.

Солтүстік Қазақстанда қоғамдық қабылдау күні өтті

Оған 150 тұрғын өз өтініштерін айта келді. 32 адамды аймақ басшысы  Құмар Ақсақалов қабылдады.

Береке ауданының тұрғындары Северная көшесі жолының сапасыздығы және Ә.Досмұхамбетов көшесіндегі жарық шамдарының жоқтығы туралы арызданды. Құмар Іргебайұлы  көшеге қиыршық тас төсеу, жарықтандыру  ағымдық жоспарға енгенін жеткізді. Өз мұңдарын жеткізе келген Сәтпаев көшесінің тұрғындары аулаларды жөндеуге  жарты миллиард теңге бөлінгенін, 60 аула жөнделетінін, оның ішінде өздерінің де проблемасы шешім табатынын естіп, жаңалықты бөлісу үшін үйлеріне қарай асықты.

«Сенситив» би ансамблінің жетекшісі Ольга Ростовщикова өңір басшысына би театрын ашу  ұсынысымен келді. Осыдан 13 жыл бұрын мылқау балаларға арналған мектеп-интернат жанынан құрылған спорттық балдық би ұжымы республикада біреу ғана. АҚШ-тың Калифорния қаласында өтетін  әлемдік  чемпионатқа қатысу құрметіне ие болыпты. Бастама  бірден қолдау тауып, қаржылық жайы  да қанағаттандырылды.

Қоғамдық қабылдау көрсеткендей, жұртшылықты абаттандыру, су, жол, баспана мәселелері де аз толғандырмайтын болып шықты. Мәселен, 7 баланың анасы Татьяна Пипус тұрып жатқан баспана апаттық жағдайда деп танылыпты. Биыл қарғын су шайып кетіп, жағдай тіпті қиындап кеткен көрінеді. Пәтер кезегінде 3058 болып тұр. Оған жалдамалы баспанаға қол жеткізгенше  қонақ үй түріндегі пәтерге көшу ұсынылды. Сөз арасында  тіркеуге  алынған көпбалалы отбасылардың үштен бірін биыл пәтермен қамтамасыз ету үшін қаражат бөлінгенін айта кеткен жөн.

Сол сияқты  Надежда  Хлопцева, Ирина Гордеева секілді көп балалы аналар қала әкімі Болат Жұмабековтің қабылдауында болып, өздерін толғантқан  әлеуметтік мәселелерді ортаға салды. 

«Ашық қоғамдық қабылдау – халықпен кері байланыс  жасаудың бірден-бір тиімді жолы. Біз тұрғындардың жағдайларын шешумен қатар атқарылып жатқан жұмыстар жайлы да хабардар етеміз. Осы уақытта дейін барлығы  700-ден аса адам  қайрылды. Мен өзім 146 солтүстікқазақстандықты қабылдадым.  Мамлют ауданы Леденево селосының тұрғындары ауылдың ішіне су тарату жүйесін салуды сұраған еді. Биыл  40 ауылға  400 колонка қойылады.  Облыс орталығындағы Первомай көшесінде 4 апатты үй сүріліп, тұрғындарға баспана беріледі. Кейбір мәселелер уақытты талап етеді», деді Құмар Ақсақалов БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында.