Сайлау • 20 Мамыр, 2019

Алқалы органның арқауы – заңдылық

756 реткөрсетілді

Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Берік Имашев еліміздегі беделді орган, яғни Орталық сайлау комиссиясы алдымен алқалы орган екенін атап айтты. Сондықтан оның шешімдері мен қаулылары міндетті және нормативті негізде болуы үшін оның бәрі іс жүзіндегі комиссияның көпшілік даусымен қабылданады. Сайлау басталғалы бері ОСК отырыстары ашық өткізіліп, онда қабылданар қаулыға дауыс беру де алқалы түрде жариялы жүргізіліп келеді. Бұл тәртіп әрқашан қатаң сақталуда.

Міне, осы Ата Заңымыздың талаптары басшылыққа алынғандықтан, «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» заңы негізінде әрекет ету үрдісі аймақтарда да жалғасып отыр. Соның бір көрінісіндей, бар­лық сайлау комиссияларының қыз­меті алқалық, ашықтық және жариялылық негізінде жүзе­ге асы­рылатынына, сайлау туралы қол­даныстағы заңнама талаптары­ның қатаң сақталатынына, сайлау комиссияларының мүшелерін кәсібилендіруге ерекше назар ауда­рылатынына Қостанай облысына барған Орталық сайлау комиссия­сы төрағасының орынбасары К.Пе­тров та назар аударды. Ол бұл ай­мақ­қа «Қазақстан Республикасы Пре­зидентін сайлауды әзірлеу мен өткізу кезеңіндегі сайлау комис­сия­ларының жұмысы туралы» сай­лау ұйымдастырушыларына арнал­ған оқыту семинарын өткізуге барған-ды және мұндай семинар-тренингтерді Орталық сайлау комиссиясы мүше­лерінің қатысуымен өткізу елдің бар­лық өңірінде жос­парланды.

Мұндай жауапты істі алғашқы болып бастаған Орталық сайлау ко­миссиясы төрағасының орынбасары өткізген семинарда сайлау нау­қанының негізгі кезеңдерінің ұйымдастырылу барысы, сайлауды әзірлеу мен өткізу бойынша сайлау комиссияларының өкілеттіктері, сайлау туралы заңнаманың орындалуын қамтамасыз ету қарастырылды. Қос­танай облысы әкімі аппара­тының басшысы А.Әбенов сайлау­шы­лардың тізімдерін жасау, сайлау учаскелерін материалдық-тех­никалық жарақтандыру бойын­ша қабылданған шаралар, оның ішінде мүмкіндігі шектеулі адамдар үшін жағдайларын қамтамасыз ету жөнінде жүргізілген жұмыстар туралы баяндады. Ал облыстық сайлау комиссиясының төрайымы А.Маркова сайлау науқанын жүр­гізудегі ағымдағы жағдай, дауыс беру күніне сайлау учаскелерін дайындау, сайлау комиссиялары мү­шелерін каскадтық және қа­шық­тықтан оқыту әдістерімен оқыту және тестілеу дайындығы туралы ақпарат берді. Бұған қоса Орталық сайлау комиссиясы сайлау процесін ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі Д.Исқақов сайлау комиссияларының дайындық кезеңіндегі де, тікелей дауыс беру күніндегі де қызметінің мәселелеріне нақты тоқталды.

Жалпы, сайлау кезіндегі мұндай іс-шаралардың маңызы зор. Өйткені мәні мен мақсаты үлкен осындай іс-шараларда Конституция мен одан тарайтын барлық заңдарымыздың талаптары айнымай сақталғаны жөн. Сондықтан да Қазақстан беделді халықаралық ұйымдардың белсенді мүшесі бола отырып, өзі қабылдаған ерікті және бәсекелі сайлау өткізу жөніндегі барлық міндеттемені ұстанады. Президенттікке сайлау және Парламентті, сондай-ақ жер­гілікті өкілді органдарды құру біз­­дің елімізде ұлттық заңнамаға жә­не Жалпыға бірдей адам құқығы дек­ларациясына (1948 ж.), Халық­аралық азаматтық және саяси құ­қықтар туралы пактіге (1966 ж.), Еуропаның адам құқығы мен негізгі бостандықты қорғау туралы конвенциясына (№1 хаттама, 1952 ж.), ЕҚЫҰ-ның Копенгаген кеңесінің құ­жа­тына (1990 ж.) енгізілген демо­кра­т­иялық сайлаудың жалпыға танымал қағидаттарына сәйкес ашықтық және жариялылық жағдайларында өтеді.

Олай дейтініміз сайлау және сай­лану құқығы 1995 жылғы қыр­күйекте қабылданған «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңда реттелген. Конституцияның және атал­ған заңның ережелеріне сәйкес Пре­зидентті, Парламент Мәжілісі мен жергілікті өкілді органдар депутат­тарын, сондай-ақ Қазақстан Рес­пуб­ликасының жергілікті ор­ган­дарының мүшелерін сайлау жал­пыға бiрдей, тең және төте сайлау құ­қығы негiзiнде жасырын дауыс беру жағдайында өткiзiледi. Ал ел Президенті болып тумысынан рес­публика азаматы болып табы­латын қырық жасқа толған, мем­лекеттік тілді еркін меңгерген әрі Қазақ­станда соңғы он бес жыл тұратын Республика азаматы сайлана алады.

Әрине қазіргі сарапшылардың пікірінше, дүние жүзінде әбден жетілдірілген сайлау жүйесі әлі де болса қалыптаспаған көрінеді. Ғасырлық демократиялық дәстүрі бар ежелгі мемлекеттердің өзі жаңа сайлау науқандарын ұйымдастыру мен өткізу барысында кемшіліктер табады. Сондықтан да «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заң үнемі жетілдіріліп, заманауи әлемнің болмысына сәйкес түзетіліп отырады. Сайлау заңнамасымен бірге сайлау үдерісі де жақсарады, сай­лаушылардың және басқа да сайлау үдерісіне қатысушылардың құқықтық мәдениеті артады. Мә­селен, 1995 жылғы қыркүйектегі «Қазақ­стан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заң­ның бастапқы қа­былдану уақытынан бастап оған он төрт рет өзгерістер мен толықтырулар ен­гізілді. Жалпы алғанда, осындай түзетулер 792-ден астам болды. Осы­лайша қалыптасқан еліміздің сайлау заңнамасы ЕҚЫҰ-ның 1990 жылғы Копенгаген құ­жаты қалыптастырған сайлау құқы­ғының негізгі қағидаттарына жауап бе­ретін, Қазақстан Республикасы Конституциясына негізделген және Сайлау туралы Конституциялық заң­ның жалпы бөліміне енгізілген және оның тараулары мен баптарында түсін­дірілгендей сайлау жүйесін құруға мүм­кіндік берді.

Сайлау туралы заңға тұжырым­дамалық өзгерістер 2004, 2007 және 2009 жылдары енгізілді. Сонымен қатар 2004 жылы баламасыз сайлау, алдын ала дауыс беру алынып тасталды; сайлау комиссияларын қалыптастырудың жаңа қағидаты – саяси партиялардың ұсынуымен жергілікті өкілді органдарды сайлау енгізілді; сайлаушылардың тізімін құру қағидаты өзгерді: сайлау­шылар тізімге тұрғылықты же­ріндегі тіркеуге сәйкес енгі­зіледі; кандидаттардың БАҚ-қа тең қолжетімділігіне кепілдіктер енгі­зілді; отандық және халықаралық бай­қаушылардың құқықтары едәуір кеңейді. Ендеше аталған оқы­тудың, яғни сайлау талаптарына, заңдылықтарына қатысты семинар-тренингтер өткізудің пайдасы зор. Мәселен, аталған семинарды өткізу үшін Ортсайлауком алдын ала дауыс беру күнгі учаскелік комиссиялардың жұмысы туралы оқыту фильмін де дайындады. Соған орай ол фильм семинар-тренингке қатысушыларға көрсетілді. Соның арқасында көпшілік терең түсінік алып, ол белсенді пікір алмасуға жалғасты. Сөйтіп сайлау комиссияларының жұмысын ұйымдастыру мәселелері жан-жақты талқыланды. Ал бұл семинарға сайлау комиссияларының мүшелері және сайлау процесінің басқа да қатысушылары – Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидаттар штабының басшылары, БАҚ өкілдері қатысты.

Баннер
Соңғы жаңалықтар

Лисаковтың «Бәйтерегі»

Аймақтар • Кеше

Оқу мәдениеті

Қоғам • Кеше

Алаштың айбоз абызы

Руханият • Кеше

Ақтөбе облысы жылыту маусымына дайын

Аймақтар • 19 Қыркүйек, 2019

Ұқсас жаңалықтар